• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Ытымақтастыққа ұмтылады

290 рет
көрсетілді

Алматыда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммиті аясында бизнес-форум және Түркітілдес елдердің іскерлік кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті. Алқалы жиынға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Халықаралық форум жұмысының күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселелер қойылды. Сонымен қатар, онда Түркітілдес мемлекеттердің іскерлік кеңесін құру туралы келісімге де қол қойылды. Түркітілдес елдердің іскерлік кеңесінің алғашқы мәжілісінде сөз алған «Атамекен» Қазақстан ұлт­тық-экономикалық палатасының бас­қарма төрағасы Абылай Мыр­зах­метов жиналғандарға түбі бір туыс, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық байланыс келешекке жарқын жол ашатындығын тілге тиек етті. – Көпшілікке белгілі, бүгінгі күннің жоғары талабына орай ұлт­тық бизнесті одан әрі дамытып, өркендетуге арналған жаңа жол­дар­ды іздестіріп табу ең басты мәселелердің бірі. Іскерлік кеңе­сі­нің бүгінгі алғашқы отырысына қатысып отырған Түркия, Әзер­бай­жан, Қырғызстан және Қа­зақ­стан мемлекеттеріндегі ұйымдар­дың жетекшілерінің де бизнес са­ласындағы болашақтағы жобала­ры, міне, осындай міндеттерден туындайды. Біздің мемлекеттеріміздің ара­сын­дағы ежелден қалыптасқан дос­тық, дәстүрлі қарым-қатынас, сондай-ақ еліміздің орна­ла­суын­дағы географиялық жақындықтың көпшілікке берері мол. Анығырақ айтқанда, мұндай мүмкіндік мемлекет экономикасын қарқынды да­мы­ту бағытында бірлесіп, жемісті еңбек етуге ықпал ететіндігі сөз­сіз. «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» деп халқымыз айтқандай, бар­­лығымыз бірлесіп, кәсіпкерлер мүддесіне орай, іскерлік кеңесінің жұ­мысын өркендететінімізге ме­нің сенімім мол, – деді Абылай Мыр­захметов өз ойын ортаға салып. Қазақстанның Түркі тілдес мем­лекеттер ынтымақтастығы ке­ңе­сіне енетін елдермен арасын­дағы байланысы уақыт өткен сайын арта түсуде. Ал, сыртқы эко­номикалық қатынаста тауар айналымының 40 пайызға өсуі де көп нәрседен хабар берсе керек. «Атамекен» палатасының мә­ліметтері бойынша, Қазақстанның Түркиямен арадағы тауар айна­лы­мы және инвестиция бойынша ты­ғыз байланыс орнаған. Мәселен, елімізде түрік әріптестермен бірлескен бір мыңға жуық кәсіпорын құрылған. Сондай-ақ, Әзербай­жан­мен, Қырғызстанмен арадағы іскерлік байланыстар да одан әрі дами түсуде. Халықаралық форумда Әзербайжан Республикасының кәсіпкерлер ұйымы ұлттық кон­ференциясының президенті Мамед Мұсаев, Қырғызстан Сауда-өндірістік палатасының президенті Марат Шаршекеев және бас­қа­лар күн тәртібіндегі мәселелер тө­ңі­регінде өз пікірлерін ортаға салды. Түркітілдес мемлекеттер ын­тымақтастығы кеңесінің бас хат­шысы Халил Акынджи өз кезегінде кедендік қызметтегі түйткілдер төңірегінде ой қозғады. – Мемлекеттер арасындағы сау­да айналымы туралы сөз қоз­ғал­ғанда кедендік мәселе, сондай-ақ транзиттік құжаттар алу мә­се­лесі алдан шығатындығы ақиқат. Сон­дық­тан, барлығымыз бірлесіп біз­дің елдерімізге арналған іскерлік қатынастың жеңілдетілген жүйе­­сін құруымыз қажет. Соны­мен бірге, іскерлік кеңес аясында көлік және байланыс агенттігін құрудың төрт мемлекет үшін де берері мол, – деді бас хатшы. Бизнес-форумда төрт мемле­кет­тің кәсіпкерлері екі жақты кездесулер өткізді. Жиынды ұйым­дас­тырушылардың пікірінше, мұн­дай жүздесулер жаңа келісім-­шарт­тар­ға жол ашып, ынтымақтастықты ұл­ғайтпақ. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.