• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2017

Оба ошағын «оятпайтын» маман

445 рет
көрсетілді

Тәнің ауырып, жаныңа бір шипа керек болғанда, кім болсаң да дәрігерге жүгінесің. Ол кезде сол ақ халатты абзал жаннан үлкен, одан мықты адам көз алдыңа елестей қоюы қиын. Қай заманда да адам жанының арашасы болудан артық мамандық бола қоймаған. Ал мамандық пен ғылымды ұштастырып, ел мен жердің келешегін ақыл-ойдың құдіретімен көрсетсем деген ойлы адамның талпынысы қалай айтсаң да жарасады. Өйткені оның еңбегі жалпы жұртқа пайдалы. Сондай ел мен жұртқа қызмет еткен белді де белгілі бір азамат, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сатыбалды Хамзаұлы дер едік.  

Білікті маман, білгір азамат, белді ғалым С.Хамзаұлы Атырау облысы, Новобогат ауда­нында өмірге келіпті. Ол дүние есігін ашқан күні әкесі Хамза мәңгілік қайтпас сапарға аттаныпты. Анасы Сәлен бір ұл, бір қызды сұрапыл соғыс жүріп жатқан тұста арқалап жүріп қатарға қосыпты. Саты­балды орта мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласындағы ме­ди­циналық институттың санитария факультетіне құжат өткізіп, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсіпті. Оны бітіргеннен кейін өзі­нің атамекеніне бет алыпты.

Балалық дәуірі сұрапыл соғыс­тан кейінгі қиын кезеңге тап болғандықтан ба, Сатыбалды боз­өкпе, бос белбеу болмай, қай­ратын қанат, жігерін жалын етіп, еңбекке араласыпты. Талапты жас адам жанының арашасы бола жүріп, оба ауруының алдын алу үшін жүргізілетін жұ­мыстарға бел шеше кіріседі. Алғаш қарапайым жұмыстан бастау алған оның тірлігі бірте-бірте абырой әкеле бастайды. Қызмет баспалдағы да биіктейді. Қатардағы дәрігерліктен бас­талған еңбегі «Ембі» обаға қарсы күрес стансасының бастығы дәрежесіне жеткізеді. Бұл мекемедегі жұмыс өте жауапты болатын. Себебі, обаға қатысты барлық жұмысты тікелей Мәскеу қадағалайтын. Тіпті жабық десе де болады. Әске­риленген стратегиялық маңызы бар орын ретінде ондағы іс тетігі екінің біріне сеніп тапсырыла бермейтін. Тегеурінді жастың жіті қимылы, жігері талайды тәнті етеді. Ауыртпалығы орасан деп есептелетін індеттің алдын алу үшін сергектік керектігін ұғынған ол өзі ғана емес, өзге­лерді де жауапты жұмысқа жұмылдырады.

Бір замандары оба жайлағанда халық қынадай қырылғанын Са­тыбалды тарихтан оқып, таныс­қаны бар. Жұқпалы кесел­дің ошағын жою, жойып қана қоймай, кейде «оянып» кететінін білетін маман оған дер кезінде тосқауыл қою ісіне де ұйытқы болады. Тіпті қатерлі дерттің пайда болу, одан тіршілік иелерінің жойылып кету мүмкіндігінің алдын алу, қорғану тәсілдері туралы зерделі зерттеу­лер жүргізіп, материалдарын ғылыми сараптамаға жіберіп отырады. Оның мұндай зеректігіне кезінде білім берген ғалымдар ризалық танытып қана қоймай, лаборатория меңгерушісі болуға шақырған екен. Қарт анасынан алыстап кету оған қиынға соғады. Ұстаздарының тілегіне өзінің уәжін айтып, ел ішінде жүріп-ақ ғылыми жұмыстар жазуға дайын екенін жеткізеді. Оған ұс­таздары да келісімін береді. Сөйтіп Атырау аймағымен етене араласып, бұрын көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың дәстүрімен танысуды, сағымды сары даланы жаяу-жалпылап ке­зуді әдетке айналдырады. Түйе­нің қомына құрал-сайман­дарын артып, үдере көшіп жүрген халқымыздың басына талай рет апат әкелген оба дертінің ошағы саналған Солтүстік Каспий ойпаты маңын, Мыңтөбе, Бегайдар, Айбас құмдарын жиектей шарлап, алыстағы Азғыр үштағанына да барады. Сол кезде оның көкейінде Тайсойған бойындағы оба ошағын жоюға күш салған Алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтің өмір жолы айнадағыдай айқын тұратын. Соның ізімен талай жерді шарлап, талай өңірге табаны тиеді. Сөйтіп Сатыбалды Хамзаұлы КСРО аумағында бірінші болып обаға шалдыққан түйеде және оны қарайтын адамдарда пайда болған аурулар туралы мәліметтерді жүйелеп, өз байламын тиісті орын­дарға жібереді. Бұл талантты азаматқа абырой әкеледі. Өйткені ғалым оның ғылыми ізденісінің негі­зінде тиісті мекемелер қаулы-қа­рарлар қабылдап, шаралар қол­данады. Еліміз бойынша алғаш рет сау және обаға қарсы вакцина егілген түйелердің салыстырмалы иммунитеттерінің ерекшеленбеген факторларын зерттеп, оба ауруының қоздыр­ғышы туралы қосымша тест ұсы­нады. Осындай ізденіс­тер­дің нәтижесінде Саты­балды Хамзаұлы Ресейдің Саратов қаласындағы «Микроб» институтында кандидаттық диссертация- сын сәтті қорғап шығады. Он алты жылдан кейін ғылым докторы атанады. Бұл еңбектері тек Атырау өңірінде ғана емес, бүкіл еліміздегі оба ошақтарын жою бойынша үлкен жұмыстардың іргетасы болып қаланғанын айтуға тиістіміз. 

КСРО заманында обаға қарсы мекемелерде өзге ұлттар өкілдері істеп келгені мәлім. Бұл жүйені басшылық қызметке келгеннен кейін Сатыбалды Хамзаұлы бірте-бірте бұзып, өз қандастарын тарта бастайды. Кәсіби білікті азаматтарды лаборатория меңгерушісі, жетекші қызметкер етіп та­ғайындаумен қатар, оларға қажет қамқорлықты да қарастырады. Әсіресе, ұлт денсаулығын көтеру, жұқпалы аурудан қорғау жөніндегі жұмыстары тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңде негізгі бағытқа алынып, тиісті мекемелер сол бойынша жоспар-жоба жасап, жұмыс атқарғанын айта кетуге болады. 

Айтулы ғалым, Қазақ елінің аумағындағы оба ошақтарын түбегейлі жою жұмысын ғы­лы­ми тұрғыда зерттеп, оны бол­дыр­мау ісі бойынша ерекше жұмыс жасағанын оның еңбек­­терінен көруге болады. Сексенге жуық ғылыми зерттеу жұмыстары бұл сөзімізге дәлел. Әсіресе «Орал-Ембі» және Үстірт маңайларындағы авто­номды ошақтардағы обаны эпидемиологиялық бақылауға алу», «Атырау облысында обаның алдын алу», тағы басқа ғылыми моно­графиялық зерттеулерінің жөні бөлек. Өмір бойы білімін үздік­сіз жетілдірумен айна­лыс­қан жоғары дәрежелі эпиде­миолог-дәрігер, профессор Саты­балды Хам­заұлы Х.Дос­мұхамедов атын­дағы Атырау универ­ситетінде шәкірт­терге дәріс беріп, ұлағатты ұстаз, таны­мал ғалым ретінде де беделді бол­ған екен.

Сатыбалды Хамзаұлы осыдан біраз уақыт бұрын өмірден озды. Бірақ оның ғылыми еңбектері, теория мен практиканы қатар ұш­тастырған ұстаздығы жұртқа мә­лім, шәкірттеріне үлгі. Еткен еңбек, төккен тер, ғылымдағы өзіндік жолы әркез бағаланып отырған. Соның бір дәлелі «Құр­мет белгісі» орденін омырауына тағып, Жаратылыстану ғылымдары ака­демиясының академигі атанып, «КСРО денсау­лық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, Экология және тіршілік ету қауіп­сіздігі Халықаралық ғы­лым академиясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының КАД (ДОИ) мен ЭКОСОС төралқасының 2007 жылғы біріккен шешіміне сай Сатыбалды Хамзаұлы адамзатқа шын беріліп, қызмет еткені үшін «Гиппократ» медалін алыпты. Ардақты азаматтың артында қалған ұрпақ­тары әке жолын жалғап, ұлт ісіне адал қызмет етіп келе жатқанын да айта кетсек дейміз. Осындай отаншыл ұлды елі мен ұлты бағалап, есімін есте қалдыру бойынша жұмыстар жүргізсе, құба-құп болар еді.