• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Павлодар облысы – озық бастамалар ордасы

643 рет
көрсетілді

25-26 қазанда Астанада Павлодар облысының күндері өтеді Павлодар облысы 1938 жылдың қаңтар айын­да құрыл­ды. Облыс орталығы – Павлодар қала­сы Қазақ­станның ең ірі өзені Ертістің жағасында. Географиялық тұрғыдан алғанда, Павлодар об­лысы Қа­зақ­станның және басқа да мем­лекеттің аймақ­тары­мен әуе, темір жол, автомобиль, электронды, құбыр, өзен көліктері түр­лері­мен еркін қарым-қатынаста болу­ға қолай­лы орналасқан. Облыстың үлесіне республикадағы өңдеу өнеркәсі­бі­нің 7%-ы, көмір өн­ді­рісінің - 70%-ы, ферроқорытпалар өнді­рі­сінің 4-тен 3 бөлігі, электр энергиясы және мұнай өнімдерінің 40%-ы тиесілі. Сонымен бірге, облыстың химия, мәшине жасау, металл өңдеу және ауыл шаруа­шылығы салалары бо­йын­ша кәсіпорындарды дамытуда әлеуеті зор.

* * *

ЖЕТІСТІКТЕР – ЖАҢА ІСТЕРДІҢ БАСТАМАСЫ

Дербестік алып, дүйім жұртпен мойындалған тәуел­сіз Қазақ­станы­мыз 20 жылдық торқалы тойы қар­саңын­да өзінің жүріп өткен өршіл де өнегелі жолына көз тастап, жеткен жетістіктерінің, то­лайым табыс­тары­ның қорытындыларын шығарып, болашақ­тың бағдарын сараптап отыр. Әрине, тұтас­тай еліміз­дің қуатты­лығын еселеуде жекелеген өңір­лердің қосар үлесі қомақты екені еш дау ту­дырмаса керек. Павлодар облысының әкімі Ба­қыт­жан САҒЫН­ТАЕВ өңірде кейінгі кезең­дер­де жү­зеге асқан игі өз­герістер мен жаңашыл­дықтар, бола­шаққа белгіленген жоспарлар туралы ой бөліседі.  – Дана халқымыз айт­қан­дай, «Өткенді сараптау – бола­шақ­қа бағдар». Бү­гінгі белесті бағамдау үшін артта қалған кезеңдерге көз тігу, салыстырып-сараптау – қашанда заңды құбылыс. Тәуелсіз Қазақстан аз ғана уақыт ішінде, нақтырақ айтсақ, жиырма жылдың дересінде толайым табыстарға қол жеткізді. Күні кеше егемен мемлекет ретінде алғашқы қалыптасу кезеңіне бет бұрған алып Отанымыз бүгінде тұрақты даму жолына түскен, төрткүл дүниемен терезесі тең, абыройлы да айбарлы, қуатты елге айналды. Тарихтан мәлім, мұндай деңгейге иек арту үшін қайсыбір елдер тұтастай ғасырларды жұмсайды. Кеңестік жүйе ыдыраған тұста Қазақстанның көптеген проблемалармен бетпе-бет келгенін білеміз. Өндірістер тығырыққа тіреліп, жұмысын тоқтатуға, жабылуға мәжбүр болды. Халық айлар бойы ең­бек­ақыларын ала алмады, соның салдарынан комму­нал­дық қызмет тө­лемдері қиындық көрді, электр қуатын ағытып тастау жиілеп кетті. Сол бір алмағайып тұста тек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана еліміздің өтпелі қиын­шылықтар мен ауыртпалықтарды, дербес түрде қалыптасу кезеңдерін сәтті еңсеріп, аз уақытта әлемдегі жетекші елдермен иық тірестірер, экономикасы қуатты мемлекетке айналарына сенгені анық. Осынау қиын да күрделі, аса жауапты кезеңдегі жұмыс­тардың барлығын Мемлекет басшысы өз мойнына алды. Әрине, сол кездері экономикалық, саяси және әлеуметтік ре­фор­­ма­лар­ға сенімсіздікпен қарап, түпкі мақсаттарын түсінбеу­шілікке салы­нып, Қазақстанды тоқырауға қарай кері итермелеген жандар да аз кездеспеді. Алайда, Елбасымыз тек қана алға қадам басып, елді және тұрғындарды жарқын әрі жайлы болашаққа қарай нық сеніммен бастай білді. Соның айқын жеңісі мен жемісіне бүгінгі күні баршамыз көз тігіп, зор мақтанышпен куә болудамыз. 1995-1999 жылдары жүргізілген өнеркәсіптік реформалар экспорт­тық өнімдер өндірісінің көлемін еселеуге және мұндай өнімдердің басқа да түрлерін тұрақты жасауға кең жол ашты, еліміздің, соның ішінде, біздің өңіріміздің экономикасын арттыруға ықпал етті. 2000 жылдан бастап экспорттық бағыт бойынша нақты сектордың барлық салаларын­да өндіріс көлемі айтырлықтай еселенді. 2002-2010 жылдары негізгі ка­питалға құйылатын инвестициялар көлемі 9,3 есеге өсті. Облысы­мыз­дың республикалық инвестиция көлеміндегі үлес салмағы бір жарым есеге артты. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 5,8 есе ұлғайды. Тек осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының өзінде ол 717,5 миллиард теңгені құрады. Қазіргі уақытта аймағымызда 863 өнеркәсіп кәсіпорындары қарқын­ды жұмыс істеуде. Оның 15-і жүйеқұраушы. 2001 жылмен салыс­тыр­ғанда өнеркәсіптің электр қуатын өндіру мен тарату, газ бен су (өсу көлемі 7,8 есе), өңдеу (6,6 есе), металлургия (6,7 есе), тау-кен өндірісі өнеркәсібі (4 есе) салаларындағы өндіріс көлемі айтарлықтай артты. 2001 жылдан бастап нақты көріністегі көмір өндірудің көлемі 33,7%-ға, электр энергиясын өндіру 67,4%-ға, ферроқорытпа – 49,9%-ға, мұнай өңдеу 2,2 есеге ұлғайтылды. Тағы бір айтатын жәйт, облыс тұрғындары арасынан «бұрын Павлодарда трактор зауыты және химкомбинат, құрылыс индустриясы кәсіп­орын­дары болған еді, бүгінде олар жоқ» деген пікірлер естіліп қалады. Бұл мүлде қате түсінік. Айтыңызшы, қазіргі уақытта ауыл шаруалары шетелдік, жоғары өндірістік қуаттылыққа ие шетелдік техникаларды сатып алып жатқанда, бұрынғының әбден ескірген әрі өзіндік құны жоғары тракторы кімге қажет? Бүгінде шаруашылық иегерлері өткен күннің еншісінде кеткен техникалар туралы естігісі де келмесі анық. Әрине, трактор зауыты қазір жоқ. Бірақ оның базасында жоғары қуаттылыққа ие металл қорытатын, түрлі диаметрдегі құбырлар мен басқа да аса қажетті өнімдер дайындайтын «Кастинг» ЖШС және «KSP Steel» ЖШС кәсіпорындары шоғырланған. Енді экологиялық тұрғыдан аса қауіпті технологиясы болған бұрынғы химия зауытын алайық. Бүгінде оның орнына «Каустик» АҚ құрылды. Бұл кәсіпорын дәл бұрынғыдай хлор, каустикалық сода және тағы да басқа өнімдерді шығарады. Бірақ мұндағы өнімдер мембрандық әдіспен, ешқандай зияндылығы жоқ негізде жасалады. Айта кетейін, бұл әзірге бастамасы ғана. Таяу арада кәсіпорын аумағында аса ірі көлемде капитал тарту, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік өндірістерді қатыстыру арқылы еркін экономикалық аймақ құрылатын болады. – Бақытжан Әбдірұлы, Қазақстанның үдемелі индус­трия­лық-иннова­циялық даму бағдарламасы, сөз жоқ, ел эконо­микасын тың бетбұрыс­тар­ға жетелеп, дамуға жаңаша сипат беріп отыр. Жоға­ры­да айтылып өткен­дей, Павлодар облысы мұндай тың жобаларды жү­зеге асыру жағынан республикада көш­басшылар қатарында тұр. Ал­дағы Тәуелсіздік тойын өндірістің осы бағыты қандай жетістіктермен қарсы алмақшы? – Бұл мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға кіріспес бұрын біз тұтастай облыстың және оның әрбір ауданының өзіндік жағдай­ларын жіті сараптап алдық. Мұндай ұстаным бізге жекелеген ауданда немесе қалада үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сының алға тартар тірегі болар жобаны айқындауға мүмкіндік туғызды. Қазіргі уақытта өңірімізде 2011-2015 жылдарға арналған ай­мақ­тар­ды дамыту бағдарламасын жүзеге асырудамыз, ал оны өміршең етуге 915 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Ел Президенті алды­мыз­ға қойған басты міндеттер облысымызда нәтижелі орындалуда. Бағ­дар­лама жүзеге асырыла бастағаннан бері өңірде жалпы сомасы 158 миллиард теңгені құрайтын 42 жоба іске қосылды. Үстіміздегі жылдың соңы­на дейін тағы 43 жобаны іске қосу жоспарланған. Мұның бәрі тұғырлы Тәуелсіз­дігі­міз­д­ің тойы қарсаңындағы аса зор тарту. Айта кетейін, бірқатар тың һәм жаңашыл жобалар Елбасы­мыз­дың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Олар – «Қазақ­станның электролиз зауыты» АҚ, тура тігісті болат құбырларын дайындау кәсіпорны, Павлодар мұнай-химия зауытында өнім сапасын арттыруға арналған сутегі өндіру бойынша қондырғыны орнату, метил-трет-бутил эфирін және полипропилен өндіру зауыты, «Қазақстанның Солтүстігі мен Оңтүстігі» аталатын қуат­тылығы 500 киловатт жоғары қуатты электр таратудың аймақ­ара­лық желі­сін іске қосу және тағы басқалар. Осының барлығы ел Президентінің аймақтағы индустрияландыру қарқынына қанша­лық­ты мән беретінін айғақтайды. Бөле-жара айта кетер тағы бір мәселе – мемлекеттің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдар­ла­масы аясында облысымызда жалпы инвестициялық көлемі 1 триллион 202 миллиард теңгені құрайтын 168 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орындары құрылады. Назар аударарлық тағы бір мәселені айтпай кетуге болмас. Сөз жоқ, біз­дің облыс президенттік бағдарламаны ойдағыдай орындауда. Дегенмен, бұл ба­ғыттағы жұмыс ауқымын одан әрі кеңейте отырып, аймаққа тек ин­дустриялы деген ғана емес, сондай-ақ, инновациялық деген мәртебені алу­ды көздейміз. Демек, ғылыми негізге бағытталған кәсіпорындарды құратын боламыз. Елбасымыз инновация, нанотехнология және басқа да серпінді бағыттар бойынша нақты міндеттер қойды. Сондықтан да біз атал­мыш жаңашылдықтарды облысымызда енгізуге барынша күш салудамыз. – Павлодар өңірі еліміздегі индустриялы өлке ретінде қабыл­дана­ды. Ал аграрлық секторда бөле-жара айтар ілгерінді өзгерістер бар ма? – Аграрлық сектор экономика саласында аса маңызды рөл атқарады. Өнеркәсіпті саналатын біздің облыста да осы салаға баса мән беріледі. Өңірімізде 4 мыңға жуық ауылшаруашылық құрылымдары әрекет етеді. Егін шаруашылығында біздің облыс бидай, күнбағыс және қара­құ­мық дақылдарын өндіру бойынша қолайлы саналады. Біз ауыл­шаруа­шылық өнімдерімен тек өзімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар, сыртқа экспорттаймыз. Мал шаруашылығының даму қарқыны мен төрт түліктің өсімі де көңіл көншітерліктей. Облыста асыл тұқымды ірі қара мал, жылқы, қой мен шошқа өсіру бағытында 43 субъекті жұмыс істейді. Малдың сапалық сұрпын жақсарту бойынша асыл тұқымды сараптайтын екі дистрибьюторлық орталық қызмет етеді. Мал шаруашылығы өнім­дері­не деген сұраныс Ресейдің бізбен көрші­лес өңірлерінде аса жоғары. Егер сандық мәліметтерге ден қоятын болсақ, облыстың ауыл­шаруа­шы­лық өнімдері өндірісінің көлемі тәуелсіздік алған жыл­дармен салыс­тыр­ғанда 2010 жылы 75,8 есе, 2000 жылмен салыс­тырғанда 3,7 есе өсті. 2011 жылы өңдеумен шұғылданатын нысан­дар­дың саны 416 бірлікке артты. Бұл – 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда төрт есе жоғары көр­сет­кіш. Осы кезең аралығында өңдеудің және дайындаудың 158 нысаны іске қосылды. Индустрияландыру картасындағы агроөнеркәсіп кешені жоба­лары­ның үлесі төртінші бөлікті құрайды – 168 жобаның 42-сі. Мұны алдағы уақытта арттыру қажет. 2011 жылы егіс алқаптарының көлемі 2000 жылмен салыс­тыр­ғанда 62%-ға артты. Агроөнеркәсіп кешеніне салынған қаржыны мен өзін-өзі толықтай ақтайтын инвестициялар деп қарас­тыра­мын. Тек биылғы жыл­дың өзінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 11 миллиард 800 миллион теңге қаржы бағытталды, соның ішінде 3 миллиард теңгеге жуы­ғын субсидиялар құрайды. Ауыл­шаруа­шылық дақылдары егістігінің жалпы аумағы былтырғы жылмен салыстырғанда бес есеге ұлғайды. Нәти­жесін­де біз астық, майлы дақылдар, көкөніс, картоп өнімдерінің жоғары шығымдарына қол жеткіздік. Қысқасы, бізде аграрлық сектордың әлеуеті аса жоғары. Бірақ біз оны толықтай пайдалана алмаудамыз. Бұл – өз алдына үлкен мәселе. Суармалы жер алқаптарын қайта жаңғырту бағыты мемлекеттік қолдауды қажетсінуде. – Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу жолын сараптай отырып, Президенттің әлеуметтік бағытқа негізделген ұтымды саясатына назар аудармай кете алмайтынымыз аян... – Сөз жоқ, нақ солай. Мемлекетті дамытудың барлық кезең­ерінде медицина мен білім беру саласы айрықша басымдыққа ие болды. Артта қалған жиырма жылда денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемі он есеге өсті. Мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының қанша­лық­ты маңызды әрі уақтылы қабылданған құжат болғанын аз сөзбен бағалау оңай емес. Тек біздің облыстың өзінде соңғы уақытта 140 орындық екі балалар ауылы, 530 орындық үш балабақша іске қосылды. Мысалы, «жабайы нарық» жылдарында барлық балабақшаларды түбегейлі жеке меншікке сату етек алғаны белгілі. Мектепке дейінгі білім беру саласының жағдайы қиындады. Ал мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының қаншалықты ұтымды әрі уақтылы болғанын төмендегідей деректерден анық аңғара аламыз. Балалар бақшасының саны 2,5 есе артты, балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту 17,7%-дан 79,4%-ға дейін өсті, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 85%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2001 жылдан бері облыста 8,1 мың орынды қамтитын 22 жаңа мектеп ашылды. 2015 жылға дейін Павлодар облысында бес мың орынды қамтитын бес жаңа мектеп құрылысын салу көзделген. Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласында облыстық диагнос­ти­калық орталық, үш аурухана, туберкулезге қарсы үш аудандық аурухана, төрт емхана салынды. 2010 жылы Павлодарда облыстық туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілді. Аса озық медициналық қон­дыр­ғылар павлодарлық кардиохирургтарға, онкологтарға, басқа да дәрігер мамандарға науқастарды емдеуде жаңа технологияларды енгізуге жол ашты. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев бастаған ел басшылығының тұр­ғын­дар қажеттіліктеріне орай қолға алған мемлекеттік сая­саты­ның әлеу­меттік бағыты қазақстандықтарға республикамыз­дың қа­лып­тасуы­ның аса қиын да күрделі жылдарында төзімділік пен табанды­лық та­нытуына мүмкіндік берді деп білемін. Бұл – Қазақстан қоғамын біріктірген әрі лайықты жоғары бағаға ие жалпыұлттық идея. Жаңа өнеркәсіптік нысандар ашсақ – жаңа жұмыс орындары пайда болады, биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласын жаңарту бағдарламасы іске қосылды – бұл да адамдар тұрмысының жайлылығын арттыратын қадам болып табы­лады. 1998 жылдан бері аймақтың құрылыс саласына құйылған инвестиция нәтижелі болды. Тек 2000 жылдың өзінде 1999 жылмен салыстырғанда құрылысқа салынған капитал көлемі 1,8 есеге өсіп, 12,7 млрд. теңгені құрады. Соңғы он жылда облыс нағыз құрылыс алаңына айналды. Бұрыннан бері өзекті болып, қордаланып келген мәселеге таяуда мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді – біздің облыс 400 миллион теңге алды. Бірінші кезеңде Павлодарда 40 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған. Олардың 13-інде жұмыстары басталып та кетті. Жыл басынан бері тұрғын үй құрылысына қаржыландырудың барлық көздерінен жалпы сомасы бір жарым миллиард теңге инвестиция ба­ғытталды. 33 мың шаршы метрден астам тұрғын үй іске қосыл­ды. Биыл­ғы жылдан бастап облыста пәтерлерді тұрғын үй құрылыс жи­нақ жүйесі арқылы салу қолға алынды. Осы жүйе бойынша бой көтер­ген алғашқы үйлерді Павлодар қаласында жыл соңына дейін тапсыру көзделуде. Алдағы жылы салаға 3,5 миллиард теңге жұмсау қарастырылып отыр. Нә­тижесінде 38 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйді іске қосу қам­тама­сыз етіледі. Бұдан өзге, тұрғын үй құрылысын жүргізу «Қазақстан алюминийі» АҚ-та, Ақсу ферроқорытпа зауытында, «ЕЭК» АҚ-та және басқа да кәсіпорындарда жолға қойылған. «Жұ­мыс­пен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында 41,5 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйлер құрылысын салу жоспарланып, ол жұмыстар басталып кетті. Биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 735 миллион теңге бағытталды. Нәтижесінде қазір сумен жабдықтау бойынша 12 жоба жүзеге асырылуда, сондай-ақ, Беловод және Май топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобалары қолға алынған. Біздің ең басты басымдықтарымыздың бірі – тұрғындарды жұ­мыс­пен қамту. Еңбек рыногындағы белсенді іс-шаралар жұмыс­сыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндіктер туғызды. Бүгінде бізде жұмыссыздық деңгейі­нің ең төменгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Жыл басынан бері 7,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды, соның ішінде үш мыңы тұрақты жұмыс орындары. Бұған кәсіпкерлік секторын дамыту жан-жақты мүм­кін­діктер берді. Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі құралы ретінде саналып отыр. Биылғы жылы осы бағдарламаны жүзеге асыруға 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. 2006-2010 жылдары шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемі екі есе артты. – Бақытжан Әбдірұлы, сіздің облыс басшылығына келге­ніңіз­ге үш жылдан аса уақыт болған екен. Қазірге дейін нендей істер тындырылып, алғы күндерге нендей міндеттер белгіленіп отыр? – Экономикада негізгі салмақ өнеркәсіптік секторға артыла береді. Тау-кен өндірісін, металлургиялық өнеркәсіпті, энерге­ти­каны дамыту одан әрі жалғасады. Болашақта 2015 жылға дейін аймақты дамытуға оңтайлы жағдайлар тудыру және эконо­ми­калық өсімді қамтамасыз ету мақсатында басымдыққа ие бағыт­тар­ды дамыту қолға алынатын болады. Атап айтар болсам, ол – эко­номиканы және әлеуметтік саланы, агроөнеркәсіп кешенін жа­ңарту үшін инновациялық технологияларды енгізіп, өміршең ету. Осы бағыттардың бірқатарының шеңберінде аймақтың инфра­құры­лымдық мүмкіндіктерін дамыту, туристік әлеуетін кеңейту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынады. – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында облыстың қол жеткізген нәтижелерін қалай қорытар едіңіз? – Бұл сауалға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біздің барлық жетістіктеріміз – жаңа істердің бастамасы» деген сөзімен жауап берер едім. Барша қазақстандықтар атап өтуге дайындалып жатқан мерейлі тойға біздің де облыс лайықты көрсеткіштермен жетті. Бұл – бүгінде қадірменді ардагерлеріміздің және олардың ізін, ісін жалғастырушылардың ұжымдық еңбегі.

* * *

Тәуелсіздік белестері

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ШАМШЫРАҒЫ Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры ашылуы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиға болды. Алғаш рет шымылдығы М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымымен ашылды. Дәл осы спектакль кейіннен шетелдік сахналарда да ыстық ықыласқа бөленді. Ұлттық театрдың табысқа жетуіне Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерсайын Тәпенов бастаған өнер майталмандары өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде ұжымның пьесалық қойылымдары көп. Өнер иелері Мысыр, Түркия елдерінде, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Новосібір қалаларында табысты өнер көрсетті. Айта кетерлігі, былтыр театр өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. КҮМБЕЗІ КӨК ТІРЕГЕН МӘШҺҮР ЖҮСІП МЕШІТІ Облыс халқы 2001 жылы үлкен қуанышқа бөленді. Өйт­кені, сол жылы күзде облыс орталығы Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп атындағы облыстық орталықта жаңа мешіт ашылды. Сегіз қырлы 4 мұнарасы бар және олардың әрқайсысының биіктігі 63 метрден тұрады. Мешітте Құран оқуды үйрететін дәріс және демалыс, сүн­дет­ке отырғызу бөлмелері, 400 орындық асхана және оның қо­сал­­қы бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар, әйелдер бөлімі де бар. Мешітте діни уағыздар айтылып, имандылыққа тәрбиелеу шаралары ұйымдастырылып тұрады. КӨНЕ ӘУЕНДЕР МУЗЕЙІ «Шафер үйі» – Қазақстандағы бірден-бір күй­табақ­тар мұражайы. Мәдени ошақ белгілі музыкатанушы, композитор Наум Шафердің бірегей коллекциясы негізінде құрылған. Музейдің ерекшелігі мен бірегейлігі – оның Н.Шафердің өз еңбегімен құрылғандығында. Ол күйтабақтарды жинаумен 15 жасынан бастап айналысқан. Жинақта 25 мың күйтабақ, 1500 бобинді магнитафон жазбалары мен аудиокассеталар бар. Музейде сонымен қатар, күйтабақтар туралы жазыл­ған 64 мың көне газет-журналдар жарияланымдары мен 20 мың кітаптан құралған бай кітапхана бар.   МАҚТАНЫШҚА АЙНАЛҒАН МҰЗ САРАЙЫ Павлодар қаласының қақ ортасынан орын тепкен «Астана» мұз сарайы – Қазақстандағы белді спорт кешенінің бірі. 2003 жылдың 16 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде тұсауын кесті. Заманауи спорт залында спорттың кез келген түрімен кәсі­би түрде айналысуға болады. Мұз сарайының трибуна­ларына үш мыңдай адам сыяды. Бұл жерде мәнерлеп сырғанаудан, шайбалы хоккейден түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдас­тыры­лады. Негізінен жастар мен мектеп оқушылары келеді. Спортшылардың табыстары да баршылық.

________________________

БҮГІНГІ ОБЛЫС КЕЛБЕТІ

КӨМІР ҚАЗҒАН БАҺАДҮР «Богатырь Көмір» ЖШС әлемде ең озық технологиялы өндіріс орнына айналады. Бұған Президенттің индустрия­лан­дыру саясаты оң ықпал жасауда. Былтыр «Богатырь» кенішінде көлік қозғалысының жолдары қайтадан қалпына келтірілді. Келешекте аталмыш кеніште көмір өндірісін жылына 40 млн. тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұрын темір жол арқылы шығарылған өнім енді электрлі және дизельді сүйреуіш техникалардың көмегімен өндіріледі. 2017 жылға дейін кәсіпорын еңбек өнімділігін одан әрі көтеруге бейіл. Қазірде мұнда 7 мыңнан астам адам жұмыс істейді.   ТІЛ ҮЙІРГЕН «КРЕНДЕЛЬ» Павлодар облысында «Крендель» кәсіпорны пісіретін тәтті тағамдарды жұрттың бәрі біледі. Айта кетелік, фирма тәуелсіздікке қол жеткен жылдары құрылып, бүгінде бірге жасасып, нығайып келеді. Алғашқыда үй жағдайында бал татитын тоқаштар пісіруді қолға алған «Крендель» шағын кәсіпкерлік нысаны не­бәрі үш жылдан соң кондитерлік цехқа айналды. Келе-келе ком­пания өндіріс ауқымын кеңейтті. «Крендельдің» кондитерлік өнімдері Шығыс, Батыс, Оңтүстік Қазақстан және Қара­ғанды облыстарында өз тұтынушыларын табуда. Қазір­де Астана қаласына жіберу жөнінде жұмыстар жасалуда. «Крендель» секілді кәсіпкерліктің жыл өткен сайын өрістей түсуі – мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауының нәтижесі. МҰНДА ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ӨНДІРІЛЕДІ Бүгінде елімізде инновациялық жобаларды іске қосу үшін электр қуатының жеткілікті болуы шарт. «Еуразиялық энер­гетикалық корпорация» АҚ Ақсу электр стансасында таяуда ғана 2-ші энергоблок жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Оған 250 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсалды. Стансаның өндіріс қуаты бұрынғыдан 325 мега­ват­қа артты. Ендігі кезекте 6-шы энергоблокты жаңарту ісі тұр. 2019 жылға дейін стансаның барлық 8 блогы жаңартылады деп жоспарланған. Жалпы, облыстың электр өндіруші стансалары үшін Үкіметтің шектік тариф жүйесін енгізуі өз пайдасын беруде. «ЕЭК» елдегі электр қуатының 17 пайызын өндіреді. Бүгінде мұнда 6830 адам жұмыс істейді. СҰРАНЫСҚА ИЕ ӨНІМ «Гофротара зауыты» ЖШС 2006 жылы құрылған. Мұн­да үш қабатты гофрокартон өнімдері мен құс фабрика­лары­на қа­жет­ті жұмыртқа салатын қораптар шығарылады. Гофрокар­тоннон жасалатын қағаз қораптарға әртүрлі азықтық тауар­ларды орайды, басқа да үй шаруашылығына қажетті заттарды салуға болады. Компания өнімдерін негізінен қазақ­стандық өндіру­ші­лер­ге жеткізеді. Өңірлік индустрия­ландыру картасы шеңберінде өндірісті ұлғайтуға кіріскен кәсіпорын Тайвань, Германия, Қытай елдерінен автоматты желілер, қондырғылар сатып алған. Өндірісті кеңейтуге 211 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жаңа құрал-жабдықтар өндірісті бірден екі жарым есеге арттырды. Зауыттың қуаты бүгінде айына 2 миллион шаршы метр өнім шығаруға жетіп отыр.

* * *

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ «ҚАНАТТЫ» МЕТАЛЛ

Барлық шикізат түрі та­бы­латын қазақ жерінде дайын алюминий өндірісін құру бұған дейін бұйырмаған бақыт еді. Шүкір, еліміз егемендік алып, Тәуелсіз­дік­тің туы желбіреген тұста бұл асқақ арманға да қол жетті. Әлемде теңдесі жоқ, бас­тан-аяқ жоғары техноло­гияға құрылған Электролиз зауытының бірінші кезегі небәрі 27 айда қолданысқа тапсырылды. Бұл ретте Үкіметтің қолдауы мықты болғанын айта кету керек. Электролиз зауытының құрылысы республикалық индустриялан­дыру картасына енгізілген ең ірі жобаның бірі болатын. Электролиз зауытының алғашқы өнім шығаратын кешені 2007 жылдың 12 желтоқсанында жұмысын бастады. Зауыт­тың екінші кезегі 2010 жылдың 24 маусымында салтанатты түрде іске қосылды. Ел тарихында елеулі болып қала беретін екі оқиғаға да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қатысты. Жалпы мұндай ірі зауыт салуға он-жиырма жыл уақыт қажет. Алайда Электролиз зауытының әрбір кезегі небәрі екі жарым жыл ішінде салынды. Бұл осында жұмыс істеген құрылысшылардың, металлургтердің ерен еңбегінің үлгісі, – деген еді зауыттың ашылу салтанатында Президент. Электролиз зауытының өнімі бүгінде әлемдік рынокта сұ­ра­нысы үлкен сапалы тауар болып саналады. Жалпы, әлем­де ең сапалы алюминий А-9 маркалы болып табылса, бүгінде Қазақстан электролиз зауытында А-8,5 маркалы өнім шығарылады. Әдетте, жаңа салынған өндірістер төмен маркалы өнімдер шығарудан бастайды, біртіндеп құрал-жабдықтарын сынайды. Ал біз болсақ бірден сапалы өнім шығаруға кірістік, дейді зауыт президенті Алмаз Ибрагимов. Өнім халықаралық стандартқа сәйкес деп танылып, 2009 жылы Лондон металдар биржасында тіркелді. Мұның бәрі – заманауи жоғары технологияның жемісі. Бүгінде Электролиз зауытында екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Солардың ішінде негізгі алюминий өндірісімен небары 600-ден астам маман ғана айналысады, ал қалғаны қосалқы жұмыстарда. Мұның себебі өндірістің бастан-аяқ автомат­тан­дырыл­ғанымен түсіндіріледі. Әрбір электролиздерде газ тазалайтын норвегиялық «Alstom» фирмасының электр сүзгілері жұмыс істеуде. Нәтижелілігі 99,7 пайыз болатын бұл жаңа технология бүкіл әлемде қолданылады. Зауытта тек өндіріс қазандарын ғана қытайлар жабдықтады, себебі олардың алюминий шығаруда тәжірибелері мол. Ал қалғандары басқа да шетелдерден әкелінген құралдар. Қазір біз анод зауытын салып жатырмыз. Онда француздық технология қолданылады. Әзірге алюминий өндіруге қажет шикізат – анодты Қытайдан тасымал­дауға мәжбүрміз, бірақ ол көп кешікпей өзімізде шығарылатын болады, дейді өндірісте қазақстандық тауарлар үлесін көбейту жөнінде әңгіме қозғаған А.Ибрагимов. Электролиз зауытының салынуы республикамызда метал­лургия кластеріне жол ашып отыр. Бұған дейін сазбалшық (алюминий тотығы) өндірумен шектеліп келген еліміз енді тың өндірісті толық игеруге көшті. Алдағы уақытта алюминий құймасынан дайын өнімдер шығару мәселесі де қарастырылуда. Таяуда Павлодар жерінде өткен «Қазақстан-Сібір-2011» ха­лық­аралық көрмесіне қатысқан Ресейдің шекаралас жатқан Омбы, Том, Новосібір, Кемеров облыстары, Алтай өлкесінің тауар өндірушілері мен ғылыми орталықтары біздің Электролиз зауытының технологиясына таңдай қағысты.

* * *

БАЯНАУЫЛ – ҰЛЫЛАР МЕКЕНІ

Облыс орталығынан оңтүстікке қарай 200 шақырым жерде орын тепкен Баянауыл өлкесі қазақтың талай жыр-шежірелеріне арқау болған көрікті де киелі өлке. Әр заманда Баянаула елі қол бастар батырынан, сөз бастар биінен, қасиет дарыған әулиелерінен, суырып салма ақыны мен жыршысынан арылмаған жер. Ата-баба дәстүрінде тәрбие­ленген ғұлама ғалымдар, әдебиетшілер, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлері еліне ерен еңбек етті. Баян жерінің сұлулығы туралы әңгіме бір бөлек. Бұл жерде сан мыңдаған жылдар бұрын қалыптасқан абыздық дәстүр бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Оның айшықты дәлелі осы жерден шыққан ұлы тұлғалар. Киелі өлкеден 18 академик, 8 генерал шыққан. Абыз дегенде «жеті ханды жебелеген» көмей әулие Бұқар жырау (1683-1780) еске түседі. Одан кейін арқалы ақындардың бірі – Көтеш Райымбекұлы (1750-1832). Көтеш ақын мұрасы­ның ішінде Абылайға айтатын сөзі жұртқа танымал, сонымен бірге Сүйіндік-Төртуылдың атақты көсемі Шоң биге (1770-1835/1836 қыс айлары) қатысты айтылған сындарлы сөздері де бар. Сақау Мәукеұлы (1798-1875) XIX ғасырдың алғашқы жартысында Сарыарқаға әйгілі болған атақты ақындардың бірі. Тек әлі де зерттеушісі, іздеушісі аз болғандықтан әдебиет танытқыш еңбектерге енбей жүр. Сақау ақын қазақтың өз бетінше еркін күй кешкен өршіл рухтың иегерлері Торайғыр (1778-1827) сияқты би-батырларын жырлағаны белгілі. Патшалық Ресей отаршылдық шеңгелін салып, жанал­қым­ға алған уақытта қазақты «ғылымның жағып шыра­ғын» еуропа­лық білім жолына Мұса Шорманұлы (1818-1884) бастады. Бүркіт­байдың Мұстафасы (шамамен 1850-1880 жж.) бастаған ән думанын Жалғапберлі (1851-1914 жж.), Бәйтен сал (ХIХ ғасырдың бірінші жартысы), Жаяу Мұса (1835-1929) жалғастырды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі және туған халқының тарихы мен этнографиясын өте жетік білген ғұлама шежіреші. Сонымен бірге, М.Ж.Көпейұлы әлеумет тіршілігіне араласқан қоғам қайраткері. Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) — жазушы, ақын, драма­тург, ұстаз, қоғам қайраткері, өнерпаз. Жүсіпбек төңкерістен кейін қанат жайған жазба әдебиеттің негізін салушылардың алдыңғы легінде болды. Жұмат Шанин қазақтың тұңғыш театрын ұйымдас­тыру­шылардың бірі, аса ірі режиссер, қазақ ұлттық театрының түңғыш директоры. Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) — қазақ әдебиетіне Абайдан кейін «Жасасын Алаш, жасасын!» деп ұрандап енген ірі тұлғалардың бірі. Қошмұхамбет (Қошке) Кемеңгеров (1894-1937) – әдебиет зерттеуші, жазушы, драматург, тарихшы. Қадір Тайшықов (1900-1937) — жазушы, аудармашы, әнші. Теңіздің ақбұйра толқынындай тулаған ұлттық тарихымызды жандандырып, жадырату ерен тұлғалардың, алпауыт данышпан­дар­дың арқасы екені даусыз. Осы орайда арқаның алтын төрінде туған академик Қаныш Сәтбаевтың ғылымға салған соқпағы қазақ хал­қы­ның тарихы мен келешегі үшін орасан зор құбылысқа айналды. Әлемдік деңгейде есімі жоғары бағаланған тау тұлға Қ.Сәтбаев еліміздің ғылым саласын қалыптастыру мен дамытуда терең із қалдырды. Өзі негізін қалаған геология-минерология саласын айтпағанның өзінде, тау-кен ісі, металлургия және кен байыту, энергетика, химия ғылымы, астрономия, топырақтану, ботаника, зоология, эксперименттік биология, физиология, өлкелік патология, клиникалық және эксперименттік хирургия, тарих, археология, этнография, тіл мен әдебиет және тағы да басқа ғылыми институттардың негізін қалады. Оның еңбек жолының қаншалықты ауқымды болғанын осыдан-ақ көруге болады. Ол – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым академиясының құрметті академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Қанекеңнің тағдыры, ғылым жолында ашқан жаңалықтары оқырман қауымға белгілі. Баянаула өлкесінен Қанекеңнің соңынан еріп қазақ ғылымының іргетасын қаласқан азаматтар аз емес. Қанекеңнен кейін Қазақ ғылым академиясына біраз уақыт (1964-1967 жж.) Шапық Шокин жетекшілік жасады. Қазақтың химия ғы­лым­дарының қалыптасуына Әбікен Бектұров (1901-1985 жж.) ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Тарих, әдебиет, археология және этно­графия саласында әмбебеп маман Әлкей Марғұлан (1904-1985 жж.) еңбек жасап, қазақ тарихының ең көне қатпарларын ғылыми жүйеге түсір­ді. Әлекеңе дейін қазақ даласындағы көне мәдениет ескерткіш­тері ту­ралы түсініктер өте жұтаң еді. Қазақтың археология ғылы­мын Кемел Ақышев (1924-2003 жж.) алға бастаса, этнография ғы­лы­мының ір­гетасын қалауға Халел Арғынбаев (1924-1998 жж.) мұ­рындық бол­ды. Қазақстанның азаматтық тари­хы­ның ірі маманы Ермұқан Бекмаханов (1915-1966 жж.) болды. Ол кісі алғашқы Қаза­қ­стан та­ри­хы оқулығының авторы, алғашқы Қазақстан тарихы кафедрасын ұйымдастырушы, алғашқы тарих ғылымдарының докторы. Бек­ма­хановтың қазақ тарихында алтын әріппен жазылған кітабы Кене­сары қозғалысына арналған «XIX ғасырдың 20-40 жж. Қазақстан». Әдебиет саласында еңбек еткен Белгібай Шалабаев қазақ прозасының тарихына арналған еңбектерімен белгілі. Ол кісі 1948 және 1960 жылдары шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» (I том) авторларының бірі. «Қазақ прозасы тарихы» (1956 ж.), «Төңкеріске дейінгі қазақ Кеңес әдебиеті тарихының очеркі» (1958 ж.), басқа да ғылыми зерттеу еңбектерін жазған. Баяннан жоғарыда аталған азаматтардың ізін басып әдебиет пен өнерге келген Диқан Әбілев, Зейтін Ақышев, Зейін Шашкин, Шәкен Айманов, Қалмұқан Исабаев, т.б. талантты тұлға­лар өз халқына қызметімен танылды және абыройға бөленді. Сәтбаев тағылымынан нәр алған алыптар Әлкей, Шапық, Кемелдердің ізін басар жас өркеннің киелі Баян жерінде өсіп келе жатқанына да еш күмән жоқ. Өйткені, бұл – дүниені дүр сілкіндірген ғұламалар мен даналардың мекені! Әрине, Баянаула сияқты қасиетті жерден түлеп ұшқан өнер саңлақтары бұл тізіммен таусылмайды. Бұл әлі күнге өз жалғасын тауып келе жатқан дәстүр.

* * *

ІЛКІМДІЛІК – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

Ауылшаруашылық құрылымдарын жаңа тұрғыдан дамытуда азаматтардың, әсіресе, ауылдағы ағайынның ой-өрісі кеңейіп, ұлттық экономиканы өркендетуге саналы көзқарас пайда болғанын айрықша атаған абзал. Ертістің Павлодар өңірінде агрокешенге жан бітіріп тұрған іргелі шаруашылықтар жеткілікті. Солардың бірі – Успенка ауданында орналасқан «Галицкое» ЖШС. Бұл облыс орталығынан бірнеше жүз ша­қырым қашық жатса да тәуелсіздік жыл­дары дамудың даңғыл жолына түсіп, өзгелерге үлгі бол­ған ерекше шаруашылық. Серіктестіктің құ­ра­мына қос бірдей ауыл кіреді – «Галицкое» және­ «Новопокровка». Аталған елді мекендерге жолы­ңыз түсе қалса, жергілікті халықтың тұрмысына сүйсініп қайтасыз. Әсіресе, Галицкое ауылын келбеті келіскен шағын қалашық дерсің. Ауыл кө­шелері ретті орналасып, көше­лері қашанда таза, жарқырап тұрады. Үйлердің барлығы соңғы жыл­дары заманға сай материалдармен жабдықталған, жарқырап, көз тарта­ды. Соңғы он жыл ішінде ауыл­да жаңадан 24 пәтер салынды. Оны айтасыз ауылда ауыз су орта­лық­тандырылған құбырмен ағып, әр үйге жетіп тұр. Ал қыста тұрғындар үйге пеш жа­ғып әуре­ге түспейді. Себебі ауыл орталық­тан­дырылған жылумен қамтамасыз етілген. Ауыл жастары­ның бос уақыттарын ұйымдастыру тұр­ғысында жасалып жатқан жұмыстар да орасан. Осы игіліктің барлығы аталған шаруашы­лық­­тың өндірістік әлеуетінің ауқымдылығына байланысты болып отыр. «Галицкое» ЖШС төрт түлік мал өсіріп, егін егеді, сүт өндіріп, еттен жартылай фабрикаттар дайындайды. Ауыл адам­дарының күнделікті ішіп-жем тағамдары­ның бар­лы­ғы дерлік шаруашылықта өндіріледі. Қазіргі күні онда жеті жүзден астам жылқы, үш жарым мыңға жуық қара мал, бес мыңнан астам қаз, бес жүзден астам шошқа өсіріледі. Төрт бірдей мал өсіру кешені, екі сиыр қорасы, сүт сауатын кешен, қаз фермасы бар. Былтыр «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қаржыландыруымен жалпы құны 415,8 миллион теңге тұратын заманға сай тауарлы сүт фермасы ашылды. Онда 500 бас сиыр ұсталады. 2010 жылы шаруашылықта өндірілген өнім­дер­дің қаржыға шаққандағы көлемі 734,3 миллион теңгені құрапты. Бұл деген білдей бір кәсіпорынның өндіріс көлемімен шамалас. Шаруашылықтағы ұдайы өндірістің арқасында ет сапасын көтеруге мән берілуде. Асыл тұ­қым­ды мал шаруашылығы мәртебесіне ие серіктестікте осы күні ет бағытындағы қазақ­тың ақ бас сиыры өсіріледі. Келер жылы ол 700 басқа жетіп, шаруашылық жыл сайын облыс­тың басқа шаруашылық құрылым­дары­на 220 бас қара малдан сатып отыратын болады. Құрамажем шығаратын цехта тәулігіне 7 тонна мал азығы әзірленеді. Бұдан басқа екі наубайхана, бір жартылай фабрикаттар цехы орын тепкен. Нан ауданның он екі бірдей елді мекенінің тұрғын­дарына тұрақты жеткізіліп, оннан астам әлеуметтік нысандарға апарылады. Аталған өндірістік-шаруашылық нысандар­да жалпы саны 370 адам тұрақты еңбек етеді. Ша­руа­шылық өз жұмыскерлерінің әлеуметтік жағ­дайына айрықша көңіл бөледі. Бұл бағытта атқа­рылып жатқан шараларда есеп жоқ. Оқу орын­дарында білім алып жатқан студенттердің оқу ақысын к