Теңіз көлігі халықаралық сауданы жеңілдетуде және экономикалық дамуды арттыруда шешуші рөл атқарады. Географиялық тұрғыдан қолайлы жерде, атап айтқанда, Каспий теңізі мен Парсы және Оман шығанақтары арасында орналасқан Иран транзиттік артықшылықтардан пайда табатын теңіз тасымалы желісін кеңейтуге мүдделілік танытып отыр.
Шын мәнінде, Иран өзін Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі (СОХКД), қазіргі заманғы «Жібек жолы» деп те аталатын Шығыс-Батыс көлік дәлізі, Оңтүстік Азия дәлізі және Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі (ТРАСЕКА) шеңберіндегі көлік тізбектерінде шешуші элемент ретінде қарастырады. Дегенмен, теңіз көлігі индустриясы Иран экономикасының басқа да көптеген салалары секілді ірі халықаралық тасымалдау желілерін елдің теңіз порттарынан алыстатқан күрделі санкцияларды бастан өткерді. Бұл жағдай Иранның жол және қала құрылысы министрлігіне қарасты бірден-бір теңіз әкімшілігі болып табылатын Порттар және теңіз қатынасы ұйымында (ПТҚҰ) банкроттыққа ұшырау ықтималдығына байланысты алаңдаушылық туғызуда. Алайда 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол қойылуы тасымалдау және теңіз саласындағы санкцияларды жоюға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ПТҚҰ басқарушы директоры Мохаммад Саиднеджадтың айтуынша, Иран порттарының жүк тасымалдау көлемі 2016 жылы 4,2%-ға артып, 141 млн тоннаға жетті, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 135,4 млн тоннаны құраған болатын. Сонымен қатар, 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында Иран порттарының жалпы жүк айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғында 6%-ға артып, 94,5 млн тоннадан 100,6 млн тоннаға жетті.
Табиғи-географиялық жағдайға байланысты Иранның ең ірі порттары елдің оңтүстігінде орналасқан. Парсы шығанағы мен Оман шығанағының Иран порттарының жалпы өткізу қуаттылығындағы үлесі 2016 жылы 95%-ға немесе 134,5 млн тоннаға жетті, ал Каспий бассейнінің үлесі қалған 5%-ды немесе 6,4 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылғы Каспий порттарының жалпы жүк айналымымен салыстырғанда 2%-ға артық болғанына қарамастан, 7,6 млн тоннаны құраған 2014 жылғы көлемнен 15%-ға аз.
Шындығында Иран Каспий теңізі жағалауындағы порттық нысандардың саны тұрғысынан басқа жағалау мемлекеттерінің арасында көш бастап тұр. Солтүстік Иранда 400 км-ге созылған Каспий жағалауы бойында көптеген мемлекеттік және жеке теңіз порттары бар. Олардың ішіндегі Каспий теңізіне негізгі қызмет көрсететіндері – 2016 жылы аймақтағы Иран порттары арқылы жалпы жүк ағындарының 96,8%-ын қамтыған Анзали, Амирабад және Ношахр порттары. Каспий порттарының қызметі Иранның аймақтағы негізгі сауда серіктесі – Ресеймен және аз дәрежеде басқа да жағалау мемлекеттерімен сауда жасауға, сондай-ақ транзиттік тасымалдарды өңдеуге бағытталған. Сұйық жүк тасымалына бағытталған оңтүстіктегі порттармен салыстырғанда солтүстіктегі порттар құрғақ жүкті ауыстырып тиеуге маманданған.
Сұйық жүк тасымалдау трафигінің (мұнай және мұнай өнімдері) Иран Каспий порттарының жалпы жүк өткізу көлеміндегі үлесі 2015 жылғы 8%-дан (0,5 млн. тонна) 2016 жылы 2,6%-ға немесе 0,1 млн тоннаға дейін төмендеді. Алайда жақын арада Каспий порттары арқылы сұйық жүкті ауыстырып тиеудің көлемі артуы мүмкін. Мәселен, 2017 жылдың тамыз айында Dragon Oil мұнай-газ барлау компаниясы Түрікменстанның оффшорлық кен орындарында өндірілген мұнайды Иранға жеткізді. Ресейлік танкерлер Каспий жағалауындағы Нека портында мұнайды ауыстырып тиеуге мамандандырылған және Каспий маңы мемлекеттерімен жасалған бартерлік келісімдер бойынша мұнай импортын реттеу үшін 2003 жылы салынған терминалға шамамен 6 мың тонна мұнай түсірді. Иран тарапы 2010 жылы тоқтатылған Нека арқылы шикі мұнаймен алмасу операцияларының қайта жаңғыртылғанын растайтын қандай да бір ресми мәлімдеме жасамады. Алайда Нека терминалына 14 мың тоннаға дейін таси алатын ірі мұнай танкерлерін орналастыруға және 2015 жылы тәулігіне 120 мың баррель мұнаймен салыстырғанда тәулігіне 500 мың баррель мұнайды ауыстырып тиеуге мүмкіндік берген порттың сыйымдылығын ұлғайту жобасы 2016 жылдың маусымында аяқталғаннан кейін Иран билігінің Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Әзербайжанмен мұнай алмасу жоспарын қайта жандандыруға ниетті екені белгілі болды.
Каспий теңізінің Иран секторындағы дәлелденген мұнай-газ кен орындарының ашылуы Сардар-Джангал және Сардар-Милли кен орындарындағы мұнай операцияларын қолдау үшін жағалау инфрақұрылымын дамыту қажеттілігін арттырды. Анзали Каспий көмірсутегі шикізатына жақын орналасқандықтан, бұл порт Иранның аймақтағы мұнай барлау жұмыстарын жүргізу үшін маңызды терминалға айналды. Бүгінгі күні номиналды жүк айналымы 11 млн тонна болатын Анзали Иранның Каспий жағалауындағы ең ірі порты болып табылады және тиеу мен түсіру тоннажы бойынша Имам Хомейни мен Шахид Раджей порттарынан кейін үшінші орында тұр.
Контейнерлік жүктерді өткізу қабілетінің төмендеуі Амирабад арқылы жүк ағынының 2015 жылғы 2,9 млн тоннадан 2016 жылы 20%-ға азайып, 2,35 млн тоннаға дейін төмендеуіне себеп болғанын атап өткен жөн. Дегенмен, ирандық билік портты Каспий аймағындағы ең ірі портқа айналдырып, порт инфрақұрылымын жақсарту ниетін анық көрсетті. Жарияланған портты дамыту жоспарына сәйкес, темір жол паром терминалын, Ro-Ro қондырғыларын жаңғырту, сондай-ақ астық өңдеу құралдарын ұлғайту көзделген. Мысалы, 2030 жылға қарай астық тасымалдау көлемін 7,5 млн тоннадан 18 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда, ал астық пен мұнай сақтау қуаттары тиісінше 170 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін және 16 мың текше метрден 70 мың текше метрге дейін кеңейтілетін болады.
Қорыта келе, Каспий порттарының нысандарын дамытуға бағытталған стратегияны іске асыруды жалғастыруға Тегеранның мүддесі бар деуге болады. P5+1 тобымен жасалған ядролық келісім және Иранға қарсы экономикалық санкциялардың бірте-бірте алынып тасталуы порт инфрақұрылымын дамыту қызметін жандандыруға негіз болды. Алайда, Иранның оңтүстіктегі порттардан гөрі солтүстіктегі порттардың әлеуетін кеңейтуге басымдық беретіні екіталай. Себебі Иран әлі күнге дейін Парсы шығанағы мен Оман шығанағынан шығатын халықаралық теңіз байланысына тікелей қатынауды талап ететін дамып келе жатқан және мұнай экспортына негізделген экономикаға ие.
Лидия ПАРХОМЧИК,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері