Көктемнен бері Астананың дәл іргесінде Қырқыншы стансада қазақтың алты қанатты киіз үйі тігіліп тұр. Әдеттегідей тойға емес, думанға емес, бұл шаңырақ шарасыздықтан құрылған. Бұл киіз үйде алты балалы отбасы өмір сүріп жатыр. Отағасы да, екі баласы да мүгедек отбасының қалайша мұндай күйге түскенін басынан бастап баяндасақ.
Раушан Иманғалиеваның 6 баласы бар. Күйеуі мен екі баласы аса ауыр деңгейдегі бронх демікпесі диагнозымен мүгедектікке шыққан. Көктемде станса маңындағы канал арнасынан асып, жақын маңайдағы үйлердің іргесіне су жүгірген. Раушан Иманғалиева көктемгі су тасқыны кезінде саманнан соғылған ескі үй шыдас бермей, құлап қалғанын айтады.
Су шайғаннан кейінгі үй.
«Соңғы 4-5 жылда көктемде су арнасынан таситын. Әкімдік техника беріп, апаттың алдын алып жүрдік. Дегенмен, биыл үйге толығымен су кірді. Түнде Астана қаласы әкімінің Алматы ауданы бойынша бас инспекторы келіп, төтенше жағдай қызметкерлерін шақыртты. Бізді туыстарымыздың үйіне апарды», дейді Раушан Иманғалиева.
Су шайғаннан кейінгі үйдің іші
Оның айтуынша, бас инспектор Рамиль Майшуллаұлы бір айға пәтер жалдап берген. Бірақ ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыссыз болғандықтан, пәтер жалдап тұра алмаған. Сөйтіп, алдымен үй алдындағы гаражда күнелтуге мәжбүр болған. Қазір Алматы ауданы әкімдігі уақытша паналауға берген киіз үйде тұрып жатыр.
Жалдамалы пәтерде тұра алмаған отбасы алдымен мына гаражда тұрған
«Бір жарым жасар балама операция жасату керек»Жығылғанға жұдырық демекші, отбасының кішісі, бір жарым жасар бала қатты ауырып, ауруханаға түскен. Өзі мүгедек баланың ағзасы барлық дәрілерге кері реакция беріп, ем қонбай жатыр екен.
Дәрі-дәрмектер
«Баламның аллергиясы неден екені анықталмады. Дәрігерлер «Ана мен бала» орталығына барып, анықтауға болады деді. Бірақ ақылы емге қаражат жетіспейді. Квота алу жеңіл болғанымен, үйден шыға алар емеспін. Жолдасым жиі ауырады», дейді Раушан Иманғалиева.
Қылышын сүйретіп қыс келеді. Отбасы әлі киіз үйде отырКиіз үйде түнеп жүрген алты бала мен қамкөңіл ата-ананың жағдайы күздің қара суығында қандай екені айтпаса да түсінікті шығар. Ең қиыны, жаңбыр жауса, су сорғалайды.
Киіз үйдің жанында жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр
«Жаңбыр жауса, су сарылдап ағып, шылқып кетеміз. Қазір тек мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыға күн көріп отырмыз. Қажетті дәрі-дәрмектің кейбірі тегін беріледі, кейбірін сатып аламыз. Бүкіл киімдеріміз судан шайылып, шіріп кетті. Қазір балаларымның аяғында аяқ киім жоқ. Жаздық киіммен жүр», дейді ол.
Жалғыз жәрдемақыға қарап отырған Раушан Иманғалиеваның қатарынан алты аяқ киім, алты күрте алатын шамасы жоқ. Сондықтан, әзірге кезек-кезек киім алғалы отыр.
«Асар» келеді дегенде, алты бала бөріктерін аспанға лақтырған
«Көмек сұрап бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Барлығы әкімдікке сілтейді. Әкімдік қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Заң бойынша олар бізге үй салып беруге міндетті емес. Содан, «Зекет» қорына бардым. Олар көмектесе алмайтынын айтты», дейді Раушан Иманғалиева.
«Зекет» қорына хабарласқанымызда қор өкілі дер кезінде қаржы болмағанын айтты. Алайда қорға өтініш жазса, комиссия тексерісінен кейін көмек көрсетілуі мүмкін.
Аудандық әкімдік де сауапты іске демеуші табылса, үйдің құрылысына қолда бар көмекті аямаймыз деген.
Үйді салуда ескі құрылыс материалдары пайдаланылғандықтан, құрылысшылар бүтін қабырғадан терезе оюға мәжбүр болған
Осындай шарасыз күйде отырған отбасы қайырымдылық қорларының тағы біріне хабарласқан. Қордың жетекшісі Көңілбай Шөкенов асармен үй салуға болатынын айтқан.
Жаңадан салынып жатқан үй
«Біз Семеновка деген ауылда су басқан 35 үйдің үшеуін қайта салып, қалған 32 үйді материалдармен қамтимыз деп шешкенбіз. Раушан апайға көмектесу жоспарымызда болмаса да, жағдайын көргеннен кейін бас тарта алмадық. Қазір бізде құрылыс материалдарының 70 пайызы бар», дейді қайырымдылық қорының негізін қалаушы Көңілбай Шөкенов.
Оның айтуынша, үй құрылысын асарлатып, алғашқы қарға дейін бітіру жоспарланған.
Құрылыс жүріп жатқан үйдің іші. Жаңа үй үш бөлмелі болады деп жоспарланған
«Әрине, әкімдік қол ұшын беріп жатыр. Техникамен қамтып отыр. Адамдар да жіберді. Бірақ қалған 30 пайыз материалды табу үшін таршылық көріп жатырмыз. Бәрі қаржыға тіреліп тұр. Құрылыс басында да адам саны аз. Еріктілер болса, екі ауысыммен жұмыс істесек те, үй құрылысын бітіріп беруге болар еді», дейді қайырымдылық қорындағылар.
«Бізге ең керегі – үй құрылысына қажетті қаржы»«Журналистер жағдайымызды телеарнаға түсіріп, газетке жазып алып кетеді. Әрине, адамдар келіп, «қандай көмек керек?» деп сұрап жатады. Жағдайымызды көріп кетеді. Бірақ қайта айналып келмейді», дейді қамкөңіл ана.
Қазір қаржы мен жұмыс күшінің аздығынан құрылыс баяу жүріп жатыр. Бірақ тым құрығанда үйдің негізгі бөлігі бітсе, 6 бала киіз үйде қыстамайды...
Киіз үйдің іші
Құрылыстың басы-қасында болу үшін Раушан апайдың үлкен ұлы жұмысынан шыққан. Отбасы кез келген қаржылай немесе материалдық көмекті қуана қабыл алады. Көмек беремін деушілер болса, редакциямызға хабарлассаңыздар болады. Біздің байланыс нөміріміз: 8 (7172) 376527 (150). Киім-кешек түрінде көмек беремін деушілерге балалардың жасын көрсеткенді жөн көрдік:
Баласы
Жасы
Ұл
22
Қыз
20
Қыз
13
Ұл
12
Қыз
4
Ұл
1,5
Киіз үйдің іші
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан Омар,
«Егемен Қазақстан»