• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2011

Жақсы болсын дейтін шығармыз, бірақ...

448 рет
көрсетілді

ПАРЛАМЕНТ  «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

Елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың ұтымды тұстары да бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды, бірақ кейде «қыл­шы­ғын аламын деп был­шығын шы­ға­ратын» кездер де бо­лып тұра­ты­нын жасыруға бол­май­ды. Бұл туралы Ел­басы Н.Назарбаев та 2010 жылдың 17 тамызында құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелеріне байланысты болған кеңесте былай деп атап өтті: «Осы­ған дейінгі реформа жасаудағы талпыныстардың бәрі де күткендей нәтиже бермеді. Реформалар нау­қан­шылдық сипат алды. Ведом­ст­во­лық мүдде, бұры­н­ғы, көбіне-көп кеңестік тәртіпті сақ­тау, жалпы мемлекеттік мүдделерден басым болып тұр». Президент Үкіметке, Жоғарғы Сотқа және құқық қорғау орган­дары­на елдегі құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша тапсырмалар беріп, Парламентке осы жүйені жетілдіру жөніндегі заң жобасын ұсынуды талап етті. Содан бері жылдан аса уақыт өтті. Не жұмыстар жасалып, қан­дай өзгерістер болды дейсіз ғой. Бола­шақта жақсылықтардың бола­ты­нына сенгің келеді, бірақ қазіргі мысалдар үміт отын ұшқындата алмай отыр­ғанын жасыра алмаймыз. Өкінішке қарай, қазіргі сот-құқық­тық рефор­ма­лардың ауызбен сөй­лен­ген декла­ра­циялары тым көп те нақты істер мүлде аз екенін айтуға мәжбүрміз. Істеліп жатқан жұмыс­тар да «бара көрерміз» дегендей, яғни заңды қа­былдап алып, арты­нан өзгерістер мен толықтырулар енгізу қағида­ты­мен жүргізілуде еке­нін көріп жүрміз. Бұл айтқан­дарымызға жүздеген мысалдар келтіруге болады. Алдымен бізде құқық қорғау ор­ган­дары мен сот жүйесін рефор­ма­лауға бағытталған заңдардың қалай қабылданып жатқанына қыс­қаша шолу жасап көрелік. «Сот өн­дірісін жеңілдету туралы», «Ара­лық сот туралы», «Медиация тура­лы», «Тұрмыстағы зорлық-зомбы­лық туралы» және т.б. жиі қабыл­данған заңдар тиімді жұмыс істей алмады. Бірақ артынан «өзгерістер мен толықтыруларды» қаптатып енгізетін осындай асығыстықпен жасалған заң жобалары азаяр емес. Осы орайда сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтіре кетейін. Жуырда Сенат «Құқық қорғау істерін және қылмысты істер заң­ды­лықтарын ізгілендіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын пысықтау үшін Мәжі­ліс­ке кері қайтарды. Аты­на қара­ған­да, заң жобасы қа­йыр­лы қадам жа­сау­ды қалап-ақ тұр. Бірақ... заң­дар­ға енгізілетін ізгілікті істер әбден ой­ланған, ғы­лы­ми тұрғыдан екшелген және ве­домстволық немесе қан­дай да бол­сын басқа бір мүддені көз­демеген деп айта алмаймыз. Белгіленген тәртіп бойынша өзгерістер ең ал­дымен қылмысты сот өндірісі сала­сына қатысты адамдар мүддесін қамтамасыз етуді көздеуі керек. Біздегі ең жоғары құндылық Конс­титуция бойынша адам, оның өмірі, оның құқы мен бостандығы бо­лып табылады. Сондықтан заң жо­ба­сын әзірлеген адамдар Ата Заңның осы негізгі басымдық­тарын нысана қылып, алға қойып отыруды ешқа­шан ұмытпаулары керек қой. Ал мына заң жобасында Конститу­ция­ның негізгі қағидат­тарына қайшы келетін жағдаяттар толып жатыр. Олар тіпті қолда­ныс­тағы қылмыс­тық-процессуалдық құ­қықтың да негізгі қағидаттарына қайшы келіп тұр. Мәселен, қолда­ныс­тағы Қылмыс­тық-процес­суал­дық кодекстің 184, 231, 232-бап­тары­на енгізілетін өзге­ріс­тер адам­ға қарсы қылмыстық іс қозғалмай тұрып-ақ құқық қорғау орган­дары­на заттар мен құжаттарды, соның ішінде заңмен қорғалатын құпия­ларға қатыстыларын да тегіс тәркі­леуге рұқсат береді. Сондай-ақ заң жобасын әзір­леу­шілер банк құпиясына қатысты мә­ліметтерді де прокурордың санк­циясынсыз-ақ алып, оған тек тәркі­ленгені туралы ақпаратты артынан беруге болатынын көлденең тар­та­ды. Осындай жағдайдың коммер­ция­лық құпияға да тікелей қатысы бар. Айта кету керек, қылмыстық іс қозғалмай тұрып-ақ тәркілеуге мүм­кіндік беретін норма бізде 2009 жылғы Қылмыстық-процессуал­дық кодекс (ҚПК) қабылданғанда да өтіп кетті. Осы жолдардың авторы құқық қорғау органдарына ондай айрықша құқық беретін нормаға жұмыс тобы мүшелерінің арасынан жалғыз бо­лып қарсы шыққан еді. Бұл заңның жазалау бағытын ұстанатыны тура­лы белгілі процессуалды-тәжірибелі ғалымдар Г.Сүлейменова, Д.Қана­фин, С.Жүрсімбаев, Р.Юрченко да айтты. Сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден С.Пашин, С.Бухмайер жә­не т.б. пікірлерін білдірді. Бірақ норма сол күйінде қабыл­да­нып, тәркілеуге тергеуші мен анық­таушы ғана емес, қылмыстық істі қудалау саласының лауазымды қызметкерлерінің бәріне (тергеуге дейінгі тексеріс жүргізетін төтен­ше қызметкер және т.б.) де құқық берілді. Бұл норма қылмыстық-про­цес­суалдық заңнаманың ғана емес, қол­даныстағы басқа да заңнамалардың қағидаттарына қайшы келеді. Атап айтқанда, «Банктер және банк істері туралы» 1995 жылдың 31 тамы­зын­да қабылданған Заңның 50-бабының 6-тармағы бойынша кәсіпкерлікпен айналысатын заңды және жеке тұл­ға­­лардың банктегі есеп-шоттары ту­ра­лы анықтамалар алдын ала тергеу орындарына прокурордың санк­ция­сымен қылмыстық іс қозғалғанда ғана беріледі делінген. Сондай-ақ атал­­мыш норма «Жеке кәсіпкерлік ту­ралы» Заңға және Азаматтық ко­декс­тің талаптарына да қайшы келеді. ҚПК-ге осындай өзгеріс енгізу заң әзірлеушілердің ведомстволық мүд­­дені күйттеп кеткенінен туғаны дау­сыз. Бұл қауіпті симптом екенін атап өтуге тиіспіз. Өйткені, соңғы жыл­­дар­да құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің интеллектуалдық дең­гейі төмен түсіп кеткенін ұмыту­ға болмай­ды. Кәсіби дайындығы мен құ­қықтық білігі аз қызметкерлерге банктік және коммерциялық құпия­лар­ды алу мүм­кіндігінің берілуі – бо­ла­шақта олар­дың кейбір арам ойлы­лары­н­а бұл істі жеке басының немесе қандай да бір топтың мүддесі үшін қолдануына итер­мелеуі, сөйтіп, оның қауіпті сал­дарларға алып келуі әбден ықтимал. Тіпті, осының сал­дарынан банктік және коммерция­лық құпия деген тү­сі­ніктің де жойы­лып, банктерден клиенттер қашып, кәсіпкерлік­ті ақ­сатуы немесе оны жабуға әкелуі мүмкін. Ізгілендіруді мақсат еткен заң жо­басында ҚПК-нің 123-бабының 2-бө­ліміне енгізілетін өзгеріс ретінде тергеуге дейін алынған сауалдама мен түсініктеменің қылмысты істі дәлел­деуге мүмкіндік беретін материал ретінде қолданылуы айтылған. Заң факультетінің 2-курсында ғана оқи­тын кез келген студенттің өзі қыл­мыс­тық процесс пен тәжірибенің тео­риясы бойынша қылмыстық істің дә­ле­ліне тек процессуалдық іс-әре­кет­тің хаттамасына енгізілген фактілер ғана жататынын біледі. Басқа сөз­бен айтқанда, тек қылмыстық іс қоз­ғал­ғаннан кейін, тергеу ісі кезінде жи­нақ­талған материалдар ғана қыл­мыс­тық іске айғақ бола алады. Соңғы кездерде құқық қорғау іс-әрекетін жетілдіру мен қылмыстық заңнамаларды ізгілендіруді сылтау­ра­тып, ҚПК-ге қылмыстық қудалау органдарының ісін жеңілдетуге ба­ғыт­талған өзгерістерді ұсыну көбе­йіп кетті. Өмірлік тәжірибе жеңіл­дік­тер іздеумен көп айналысуға бол­май­тынын талай рет көрсеткен. Қыл­мыстық әділсот саласының үл­кен білгірі, белгілі ғалым В.Савицкий бұл туралы: «Кеңес және Ресей тарихының трагедиялық тәжірибесі – кез келген жағдайды сылтауратып процессуалдық кепілдіктерді азайту мен қысқарту жүгенсіздіктер мен заңсыздықтарға жол беріп, ешқашан да қылмысқа қарсы күресті күшейт­пейтінін дәлелдеген», деп жазды. Әрине, тергеу іс-әрекетінің ая­сын қылмыстық іс қозғау мүм­кін­д­і­гіне дейін кеңіту құқық қорғау ор­ган­дары­ның жұмысын оңайлатады. Бұл – олар үшін өте тиімді. Бірақ ол қыл­мыстық іспен қудаланбақшы адам­­ның мүддесінің сақталуына еш­қан­дай кепілдік бермейді. Оның үс­ті­не өмірде құқық қорғау орган­дары­ның бәсекелесті жою немесе басқа­лай себеппен адамдарға қарсы тап­сырыс­пен жұмыс істейтін мысал­да­рын да көріп жүрміз. Сондықтан да қылмыс­тық қудалау ісіне ҚПК-ге енгізу үшін ұсынылған мұндай өзгеріс­терге жол берілмегенін дұрыс деп санаймыз. Сондықтан да әрбір «ізгілен­дірудің» сыртында адам тағдырына деген немқұрайлылық тұруы мүм­кін екенін ұмытпайық. Ғаният НАСЫРОВ, Парламент Сенаты аппаратының қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты.