• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2011

Ұлық мереке құтты болсын!

395 рет
көрсетілді

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Міне, барша мұсылман сағына күтетін Құр­бан айт мерекесіне де жеттік. Алла қа­ласа, 6 қарашадан бастап, шамасы келген әр мұсылман Алла разылығы үшін құрбан шалып, дініне, иманына адалдығы мен шы­найы ықыласын білдіреді. Сол арқылы Жа­ратушы иеміздің құзырында өзіне лайық дә­режеге қол жеткізеді. Ардақты Пайғам­бары­мыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті ешбір іспен Алла Тағалаға жақындаған емес» деп бұл құлшылықтың мәнін түсіндірген. Сондай-ақ тағы бір хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп ескерту жасағаны да бар. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні Айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қал­ған­ға дейін жалғасады. Үзір себептерге бай­ланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Құрбан айты барша мұсылмандар үшін үлкен мереке. Оның тарихы сонау Ибраһим Пайғамбардан бастау алады. Содан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса келіп, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) өмір сүрген алтын ғасырда мұсылмандардың Қиямет күніне дейін атап өтетін ең ұлық екі мерекенің біріне айналды. Әр жыл сайын жер бетіндегі бүкіл мұсылман жұртшылығы осы Құрбан айт мейрамын ерекше көңілмен мерекелеп келеді. Қазақ даласында да бұл мейрамның орны ерекше. Мейрамға бір-екі апта қалғаннан бастап, бүкіл ауыл жұртшылығы осы мей­рам­ды өз деңгейінде атап өтудің қам-қа­рекетіне кіріседі. Арапа күні, яғни айттан бір күн бұрын ауыл өмірі тіпті қарбалас. Айттап келгендердің алдына жаю үшін сан түрлі дәмді тағамдарға толы мол дастарқанның қызу дайындығы жүреді. Бұл бүгінге дейін үзілмей жалғасын тауып отырған үрдіс. Тіпті дініміздің өзге құндылықтары тұра­лап, кенжелеген кеңес кезеңінің өзінде хал­қы­мыз екі айт мерекесін өткізіп келді. Ал қазір, Аллаға шүкір, еліміз де, дініміз де тәуел­сіз. Биыл ата-бабаларымыз аңсап өткен азаттықтың ақ таңы атқанына жиырма жыл толып отыр. Соның қарсаңында мемлекетімізде қыруар игілікті шаралар жасалып жа­тыр. Солардың басы-қасында жүрген ел­жан­ды азаматтардың баршасына Алла Тағала берекесін жаудырсын деп тілейміз. Дін са­ла­сында да осы аз уақыт ішінде қаншама игі істер атқарылды. Кеңес кезінде Қазақстанда бір де бір діни оқу орны болмаған болса, қа­зір «Нұр-Мүбәрак» университеті, имам­дар­дың білімін жетілдіретін Ислам институты, сондай-ақ облыстарда 10 діни медресе ха­лық­қа қызмет көрсетуде. Тәуелсіздікке дейін бүкіл елімізде небәрі 68 ғана мешіт болса, қазір оның саны 2500-ден асып жығылады. Мәуліт, Қадір түні, өзге де діни кештер ұлт­тық мерекеге айналып келеді. Тәуел­сіз­ді­гі­мізге дейін қажылық жасауға саусақпен санарлық қана отандастарымыз барған болса, бүгінде әр жылы 4000-дай бауырларымыз осы парызды атқарып отыр. Қысқасы, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы ата дініміз үшін де берекелі болғаны сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы дініміз­дің өркендеуіне де жағдай жасап, мұсылман жұртшылығы діни мейрамын мерекелесін деп Құрбан айттың алғашқы күнін ресми демалыс ретінде жариялады. Ендігі кезекте Қазақстанның бүкіл қа­лалары, аудандары, өңірлері мен шағын ауыл-аймақтарына дейін осы айт мерекесінің ерекше көңіл күйін қалыптастырып, ұлттық, бүкіл халықтық деңгейге көтеруіміз қажет. Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сый­ластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шат­тан­байтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отан­дас­та­рымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз. Балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар та­ратуды ұйымдастырсақ, бұл мереке олардың да сағына күтетін мейрамына айналары анық. Жақын-жұраттарымызға да сый-сыяпат, тарту-таралғыны дәл осы айт күн­дерінде көбірек жасауды әдетімізге айнал­дырған дұрыс. Сонда жердегілер осындай иләһи мерекені тойлап, мәз-мәйрам болып жатқанда, көктегі періштелер де мұсылман жұртшылығының бірлік-ынтымағына тілектес болатыны сөзсіз. Мешіттерде Айт намазын оқып шыққан соң, үй-үйлерді аралап, жақсы-жақсы имани әңгімелер айтып, марқұмдарға Құран бағыштау да сауапты іс. Сөз соңында ел-жұртыма тілерім, баршамыздың шалған құрбандықтарымызды Алла Тағала қабыл етсін! Өзінің шексіз мейірімімен сансыз мол сауаптардан жазғай! Елімізді әрдайым бірлік-ынтымақтан айыр­ма­сын! Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы да құтты да баянды, мәңгілік болсын! Әмин. Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.