• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2011

Жарақат алу көбейіп барады

491 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда травматизм тек қана Қазақстан үшін емес, сон­дай-ақ әлемдегі басқа елдер үшін де ең маңызды меди­циналық-әлеуметтік мәселелерінің бірі болып отыр десек, түрлі жарақат алудың кесірінен ауру-сыр­қау­лық, уақытша еңбекке жарам­сыз­дық және өлім-жітім көптігі Қа­зақстан бойынша екінші орынды иеленсе, мүгедектікке алғашқы шығу бойынша үшінші орынға шығып отыр. Травматология жә­не ортопедия ҒЗИ деректеріне сүйенсек, ересек тұрғындар ара­сында травматизм көрсеткіші 100 мың ересек тұрғынға шаққанда 2009 жылы 4104,2 адамға жеткен. Бұл дегеніңіз, травматология жә­не ортопедия заманауи меди­ци­на­ның басым бағыттарының бірі болып отыр деген сөз. Соған орай травматология жә­не ортопедияның емдеу әдіс­тері соңғы жылдары инновациялық технологиялар енгізудің арқа­сын­да маңызды өзгерістер жасауға қол жеткізуде және бұл салаға заманауи инновацияларды енгізуде Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты көш­бас­шы боп отырғанын да айта кеткен жөн. Таяуда ғана Астана қаласында Қа­зақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына ар­­налған Травматология жә­не ортопедия ғылыми-зерттеу инс­ти­туты (ТОҒЗИ) ұйымының 10 жыл­­дығына ұштастырылған «Травматология және ортопе­дия­ның жетістіктері мен болашағы» атты ха­лықаралық ғылыми-прак­тикалық конференцияда осы са­ла­ны өр­кендетуге қатысты кө­п­теген келелі мәселелер талқыға салынды. Конференция жұмысында қа­зақ­стандық мамандармен қатар Германия, Австрия, Қытай, Түр­кия, Польша, Швейцария, Ресей, Украина және т.б. елдерден келген ғалым-дәрігерлер қатысты. Онда Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова сала жұмысындағы жетістіктерді айта келіп, травматология және ортопедия саласында инновациялық технологияларды денсаулық сақ­тау практикасында кеңінен енгізуде және бұдан әрі дамытуда бұл конференцияның берері мол бо­ла­тынына сенімін білдірсе, ТОҒЗИ директоры, профессор Нұрлан Бат­пенов өз кезегінде институт­тың 10 жылғы жетістіктеріне тоқ­та­лып, болашақтағы игілікті істер туралы да, яғни 2001 жылдан бастап институт ұжымы қалып­тас­қанын, жас ғалымдардың қа­тары көбейгені, травматология және ортопе­дия­ның отандық мектебі құрыл­ға­нын, республиканың барлық ай­мақ­тарында кеңінен қолданы­ла­тын жаңа жоғары тех­но­логиялық әдістер енгізілуінің арқасында жарақаттар мен тірек-қозғалу аппаратының ауруларын емдеудің жеке әдістері әзірлен­генін айтты. 2010 жылы республика бойынша жамбасқа, сан жә­не тізе буындарына 1255, ал ағым­дағы жылдың 9 айында 1762-ден астам эндопротез опе­ра­циясы жасалды. Күн сайын ТОҒЗИ-де 100-ге тарта операция өткізіледі, сондай-ақ оперативтік көмек жыл бойы Қазақстанның барлық аймақтарынан келген травматологиялық науқастардың 5 мыңнан астамына көрсетіледі. Жоғары технологиялық қыз­мет­терді кеңейту мақсатында Ден­саулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, маман­дан­дырылған медициналық кө­мек­тің жоғары техноло­гия­ла­рын трансферттеу, соның ішін­де жамбас, сан және тізе буын­дарының эн­допротезі бо­йынша да жұмыс­тар жүргізіл­генін айта кетсек дейміз. Қазақстандық травмотолог ға­лымдар ұдайы өз білім-біліктерін шыңдау үстінде. Бұл орайда биыл­ғы жылғы қыркүйекте Қа­зақ­станның бір топ дәрігерлері Прага қала­сын­да жыл сайын өтетін трав­ма­толог-ортопед­тер­дің конгресіне қатысып қайт­қа­нын айтуға болады. Ал енді елордамызда өткен конференция жұмысына қайта оралсақ, онда омыртқа жарақаты мен ауруларды емдеу, ірі буын­дар­ды эндопротездеу, остеосинтез, балалар травматологиясы жә­не ортопедиясының өзекті мәсе­ле­леріне арналған 150-ге жуық ғылыми баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар жиында Қазақ­стан үшін ең өзекті мәселенің бірі – елді мекендер мен арнайы мамандандырылған көмек көр­се­ту орталықтарының арасындағы үлкен арақашықтық, травматизм­нің алдын алу, ортопедиялық-травматологиялық көмекті ұйым­дастыру мәселелері кеңінен әңгі­ме өзегіне айналды. Конференция тек ғылыми, яғ­ни теориялық тұрғыдан шектелген жоқ. Ресейлік профессорлар С.Макиров және С.Вис­са­рио­нов­тың жетекшілігімен қа­зақ­стан­дық травматологтар омырт­қа жа­ра­қатын хирургиялық тұрғы­дан емдеудің азинвазивтік тех­но­ло­гия­ларын оқып үйренді, мас­тер-сыныптар өтті. Сондай-ақ біз­дің дәрігерлер профессор Э.Ге­ринг­­тің (Германия) жетекшілігімен Spiron эндопротезімен жамбас, сан буы­ны­ның эндо­про­тездеу тех­ноло­гия­сына қанығып, Мәс­кеу­ден келген профессор Н.Есь­киннің жетекшілігімен ірі буын­дарға ульт­ра­дыбыстық зерттеу жүргізудің жаңа әдістерімен танысты. «Егемен-ақпарат».