• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қараша, 2017

Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды

348 рет
көрсетілді

24 қараша күні Орал қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыспен қамту орталығында болып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік еңбек саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шараларға дайындық барысын тексерді.

Тамара Дүйсенова Орал қалалық еңбекпен қамту орталығын аралап, электронды кезектің тиімділігін, келушілерге қолайлы жағдай жасалуына пәрмен берді. Жаңа жылдан бастап аз қамтылған отбасыларына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгеретінін, оған дайындықты бүгіннен бастап қолға алу қажеттігін министр жергілікті қызметкерлерге нақты тапсырды.

Бұдан кейін Тамара Қасымқызы «Орал «Зенит» зауытында» болып, өңірдегі ірі мекеме-кәсіпорын басшыларымен кездесті. Ұжымында 500-ден аса адам қызмет ететін ірі кәсіпорындардың саны Батыс Қазақстан облысында 23 екен. Елімізде қолға алынған модернизация, кәсіпорындарға жаңа технологияның жаппай енгізілуі аталған ірі кәсіпорындарда жұмыс қолын азайтып, білікті мамандардың жұмыссыз қалуына соқтыруы мүмкін. Мұның алдын алмаса болмайды. Сондықтан, Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру, соның ішінде әлеуметтік еңбек саласын жаңғыртудағы кадрлар ағынын басқару мақсатында Орал қаласында да өңірлік штаб құрылған. Болашақта кездесуі мүмкін қиындықтардың алдын алу үшін «Жол қартасы» жасалып, өңірдегі жүйе қалыптастырушы кәсіпорындарына ұсынылды. Қазірдің өзінде 9 кәсіпорын осы «Жол картасына» қол қойған.

- Алдымызда тұрған үлкен мәселе – елімізде Үшінші жаңғыру стратегиясын жүзеге асыру негізінде жаңа технологияларды енгізу болып отыр. Ал ол дегеніміз, кәсіби мамандарды талап ететін болады. Еліміздегі жаңғырту стратегиясы, бір жағынан, жаңа заманауи мүмкіндіктерге қол жеткізіп, жұмыс сапасын жақсартса, екінші жағынан, жұмыс күшін көп талап етпейді. Ірі кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізгенде бірқатар жұмысшылар еңбектен босатылуы мүмкін. Тиісінше жаңа заманауи құрылғыларды меңгергендер жұмысқа алынады. Сондықтан жақында мыңдаған кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 48 пайызының жаңғыртылатындығы анықталды. Жаңғыртылатын кәсіпорындар жұмыс жасайтын адамдар жұмыстан босатуға немесе қайта даярлықтан өткізуге мәжбүр болатындықтарын айтып, мемлекеттен қолдау сұраған болатын. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде ашылған штабтармен ақылдаса келе, Жол картасын жасақтадық. Сол арқылы жаңғыртылуға байланысты қысқартуға ұшыраған жұмысшыларды қайта даярлықтын өткізу көзделіп отыр. Кәсіпорын белгілі бір адамды қайта оқуға жолдаса, оның оқу шығынының 70 пайызын мемлекет өтейді. Қалған 30 пайызын аталған кәсіпорынның өздері төлейді, - деді Тамара Дүйсенова.

Осы кездесуде жергілікті кәсіпорын басшылары өздеріне кездесіп жатқан қиындықтар туралы айтып өтті. «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев биылғы қазан айынан зауытқа түсетін тапсырыс көлемі азайып кеткенін мәлімдеді. «Егер желтоқсан айында жағдай өзгермесе, 260-тай адамды жұмыстан қысқартуға мәжбүр боламыз» деген зауыт басшысы «Жол картасы» шарттарына сәйкес жұмысшыларды қайта даярлықтан өткізіп, қызмет бағытын өзгерту нәтижесінде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаруалар туралы айтып берді.

Кездесуде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Наталья Фадина, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шунаев, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның бас директоры Қуат Мусин өздері басқаратын өнеркәсіп ошақтарындағы қазіргі ахуал туралы баяндап, көкейкесті сауалдарына министрдің аузынан егжей-тегжейлі жауап алды. Мәселен, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ 2016-2017 жылдары 300 адамды тұрақты жұмысқа қабылдап, 140 адамды қайта даярлаудан өткізген.

Осы жиында білікті мамандардың бір өңірден басқа өңірге қоныс ауыстырған кезінде көрсетілетін әлеуметтік қолдау, мемлекеттік көмек мәселесі де талқыланды. Министр Тамара Қасымқызының айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар өңірлеріне барып қызмет етемін дейтін мамандарға көшіп-қону үшін өтемақы, пәтер жалдау шығындары беріледі. «Бұл тізімде Батыс Қазақстан облысы жоқ, дегенмен, оралдық кәсіпорындар өздеріне қажет маманды алдырып, қайта оқыту, қайта даярлау ісімен айналысса, оқыту шығындарына мемлекет көмектесуге әзір» деді министр.

Тағы бір үлкен жиын Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ғимаратында өтті. Мұнда 12 ауданның және барлық ауылдық округтерінің әкімі жиналып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өз аузынан 2018 жылдың қаңтарынан басталатын өзгерістер туралы естіп, кейбір сұрақтарына жауап алды.

- Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі жаңа форматқа көшеді. АӘК-нің бір үлгісі бұрынғыша қаржылай төлеу болса, енді оған қоса отбасында жұмыс жасындағы азаматтарға жұмыс тауып беру, қайта даярлау, оқыту қызметтері де қосылады. Яғни көмекке мұқтаж адамдармен әлеуметтік келісім-шарт жасалып, оларды құр қаржылай қолдау ғана емес, жұмыспен қамту, жаңа мамандық алуына, кәсібін ашуына көмектесу көзделеді, - деді Тамара Дүйсенова.

Министр Т.Дүйсенова бұдан кейін Орал қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ