• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қараша, 2017

Тарихымыздың бір тармағы Троицкіге апарады

1143 рет
көрсетілді

«Айқап» бүгін де – «Айқап»

Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынты­мақ­тастығы форумына барар жолда академик Ғалымқайыр Мұтанов бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің біріккен делегациясы Челябі облысының Троицк қаласында болды. Зиялы тарихы қазақ­тарға да ортақ Троицк қаласы қазақ­стандықтарды құшақ жайып қарсы алды. Өткен ғасырдың 20-40-шы жылдарына дейін бұл ірі саяси, экономикалық және мәдени-рухани орталық болған.

Троицк қаласының басшысы Алек­сандр Виноградовтың қабылдауында болған қазақстандық ірі жоғары оқу орын­дары басшылары Ғалымқайыр Мұ­танов пен Хұсейін Валеев екі елдің жеміс­ті ынтымақтастығы идеясына қолдау білдіріп, өркениеттік дамудағы Қазақ­стан жетістіктерін атап өтті. Ресей мен Қазақстанның жүзден аса жоғары оқу орны тұңғыш рет бас қосқан Челябі фору­мы­ның жоғары мектептің көкейкесті мәселе­лерін шешудегі міндеттеріне, соның ішінде академиялық ұтқырлық пен рухани жаңғыру мәселелеріне тоқталды.

Көрші елдің іргелес қаласы қазақ тарихына тән талай қазынаға куә. Туғанына биыл 145 жыл толып отырған ағартушы, ақын, журналист Мұхамеджан Сералин көне Жібек жолының тарамдары тоғысқан осы қалада 1911-1915 жылдары қазақтың тұңғыш «Айқап» журналын шығарған болатын. Журнал осыдан ғасырдан астам бұрын қазақ даласының мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Ұйқыдағы жұртты оятуға, уақыт талабына сай отырықшылыққа үндеді. Қазір Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ұлттық университеті «Айқап» журналының өмірге оралуына мүмкіндік жасады. Арада бір ғасырдан артық уақыт өтсе де «Айқап» қоғамдағы өткір әлеуметтік, рухани мәселелерді көтеретін бағытынан тайған жоқ.

Қостанай облысы Қарабалық ауданы­ның тумасы, профессор Виктор Литовченко басқаратын Оңтүстік Урал аграрлық университетінің Ветеринарлық медицина институтын аралау кезінде меймандарға Ресейдегі ең ірі анатомиялық жәдігерлер жиыны көрсетілді, бұл көрнекі құралдар соның ішінде Орталық Азиядан келген, «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді оқыту ісіне пайдаланылады екен. Қалада жыл сайын алыс және жақын шетелдердегі ғылым қайраткерлері бас қосатын «Расулиев оқулары» конференциясы өткізіліп тұра­ды. Сапар барысында қазақстандық оқу орын­­дарының делегациялары бұл бас­қосу­ға ресми түрде шақырылды.

                 

 Мұнанай қаласы...

Еларалық сапарға аяқасты жиналып, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқанда қол ұшын берген абзал жан Троицк қаласының тарихи-өлкетану мұражайының директоры Светлана Нұрмұхамедова болды. Мұражай іргесі 1925 жылы қаланған. Ол қаладағы бұрынғы Сібір банкінің тарихи ғимаратына орналасқан. Мәдениет ошағында өңірді мекендеген орыс, татар, қазақ, башқұрт халықтарының тұрмыс-тіршілігіне қатысты жәдігерлер, тарихи құжаттар қойылған. Светлана Рамазанқызы бізді Троицк мешітінің жаңадан келген жас имамы, әл-Азхар университетінің түлегі, мұхтасиб Аязбек хазіретпен таныстырды, жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен жылы жүздесулерге мұрындық болды. Қазақстандық қонақтар Аязбек хазірет бастамасымен Зейнолла ишан бейітіне барып, ғұлама аруағына құран бағыш­тап, көне мешітті, қазір жөнделіп жатқан бұрынғы шәкірттер тұрағын, медресені тамашалады.

Сапар барысында көңілге түйген жайттың бірі – троицкілік ағайындардың өлке тарихына ден қоюы болды. Қаланың құқық қорғау басшыларының бірі, подполковник Талғат Әбдікеев бізге Троицк тарихына қатысты бірқатар деректер жіберген екен. Бір қызығы, олардың авторы торғайлық Амандық Әмірхамзин болып шықты. Амандықтың әкесі Қорған ақсақал көненің көзі, шежіренің білгірі болатын. Автор «Мұнанай (Троицк) қаласының тарихы» атты мақаласында Троицкіні қазақтардың «Мұнанай» деп атағанын жазады. Увелька және Үй өзендерінің қосылысында 1743 жылы Троица мерекесі кезінде қаланың іргетасы қаланады. Қала Орал мен Сібірдің арасын байланыстырып тұрғандықтан тез өсіп, уақыт өте келе маңыздылығы жөнінен аталған өңірдің Орынбордан кейінгі екінші қаласына айналады.

Жалпы, «Мұнанай» деген сөздің шығуын Меновой, айырбас яғни, Меновой двормен байланыстырады. Троицкінің өзі Қазақстан шекарасынан бар болғаны 10 шақырым қашықтықта орын тепкен. «Мұнанай қаласында Башкиров деген кісі болған екен. Ол баю үшін Торғай қазақтарына керек шай-пай, мата-сата сияқты заттарды керуенге салып алып, Торғай қаласы маңындағы қазақтарға келіп түседі де, оларға өз тауарларын ұсынып, көп мөлшерде мал шаруашылығы өнімдерін сатып алады. Мұнанай – түркі жұртының білім, дін ошағы, орталығы болған. 1866 жылы қалада 537 қазақ тұрыпты. Мысалы, Ескендір Бабажанов деген қандасымыз 1835-1838 жылдары қаладағы екінші мешіттің салынуына мұрындық болады. Сондай-ақ 1850 жылы атақты «Расулия» медресесі де іргесін қалаған еді. Сондықтан жалпы түркі халықтарының тарихында, оның ішінде, әрине қазақ мәдениеті, білімі мен дін, сауда ісі жолында Мұнанайдың алатын орны айрықша», деп жазады Амандық Әмірхамзин.

Торғай мен Троицк

Торғай мен Троицкінің арасы өткен ғасырлар өлшемімен алғанда аттылы адамға жақын жер емес еді. Бірақ қалалар руха­ни туыс, жақын болды. «Расулия» мед­ре­сесінде қазақ даласынан келіп оқыған балалар аз болған жоқ. Ақын Сұлтанмахмұт Торғайғыровтың да осында білім алғаны белгілі. Торғайдан келіп оқығандар туралы да деректер бізге жеткен. Бірінші дерек. Бұрынғы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде 1994 жылғы ақпанда жарияланған «Дәмолда Қанафия. Ол кім?» атты мақалада Торғай өңірінің белгілі ақсақалдары, бүгінде бақилық болған Жүсіпбек Салықұлы, Әбдуәли Досанұлы, Жәлел Қарабалин, Дәурен Сәуекенұлы, Әмірбек Қапақұлы былай деп жазады: «Тарихи Торғайдан шыққан, айттым дегені қате кетпей, атақ-даңқы бүкіл елге аңыз болып тараған Мүсіреп пен Салпыны біл­мей­тін қазақ жоқ шығар.

Осы бір әулеттің ұрпа­ғы Қанафия әулие дін жолында бүкіл Торғайдан жалғыз шығып, Мекке-Мәди­наға барған. Ол онда он жылдай оқып, дәмолда атағын жұрттан бұрын алған дарынды адам. Ол ұстаздан озған шәкірт болды... Қанафия Меккеде біраз жыл болып, халқы үшін қызмет етіп, перзенттік борышын өтеу үшін ұстаздарының рұқсатымен елге келген. Бұл жайды Троицкдегі Зейнол­ла хазірет сол күнгі жұма намазы өтіп жатқанда біліп, «Торғайға Меккеден бір әулие келді, ол бізге де келеді. Соны жақсылап құрметтеп қарсы алып, ренжітпей жөнелтуге әзірленейік», деп қаланың діни зиялы қауымына хабарлаған. Сөйтіп дәмолла Қанафия Троицкіге барған күні бүкіл қала халқы, Зейнолла хазірет бас болып, қошаметпен қарсы алады. Мешіттегі намазға тұруға халық сыймайды...».

Екінші деректі «Арыс» баспасынан 2013 жылы жарық көрген «Торғай елі» энциклопедиясынан таптық. «Әлмұхаммед Оспанұлы (1886-1966) – діни қайраткер, ақын, шежіреші. Ә.Оспанұлы 1886 жылы Торғай уезі, Тосын болысының 4-ші ауылында дүниеге келеді. Ауылда мұсылманша сауат ашқан ол 1899 жылы Торғай қа­ласындағы қолөнер училищесіне түсіп, оны 1903 жылы үздік бітіреді. Сол жылы осындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-ші сыныбына қабылданады, оны 1905 жылы бітіріп шығады да, осы мектепке мұғалім болып қызметке қалдырылады. 1911 жылы Троицк қаласындағы Зейнолла хазіреттің «Расулия» медресесіне түсіп, 1916 жылы бітіреді. Уфадағы «Ғалия» медресесінен де дәріс алады... Ақын Ә.Оспанұлы артына мол мұра қалдырған. Алғашқы өлеңдері «Айқап» журналында жарияланған. 1911 жылғы басылған «Қазағыма» деген өлеңінде «Кел, қазақ, надандықтан қоштасалық, Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман» деп жазады.

Үшінші дерек те «Торғай елі» энциклопедиясынан алынды. «Файзолла Сатыбалдыұлы (1883-1959) – діни қайрат­кер, ақын, құранқари. Ф.Сатыбалдұлы 1883 жылы 27 қыркүйекте Торғай уезіне қарасты Батпаққара мекенінде дүниеге келеді. Әкесі – белгілі діни оқымысты Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы. Діни білімді 1900 жылға дейін Троицкідегі Ахон хазіреттен, Бұхара шәріптен алады...».

Түйін

 Сонымен Троицк қаласына көптен күткен сапардан соң білім ордасын­дағы ғылыми қауым алдына нақты тарихи зерттеу­лер жүргізу жүктеліп, жеткін­шек ұрпақты ұлттық руханияттың қайнар­ларымен сусындату міндеті қойылды.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, ұлтымызға қатысты тарих соқпақ­тарын іздестіруде Троицк қаласы­мен жалғанған тін үзілмеуі тиіс.

 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі

Алматы – Қостанай –Троицк – Алматы