«Ақсу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің он жылдық үзілістен кейін қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқаны, оның маңызы мен мәні туралы осыдан бұрын кеңінен жазғанбыз. Межелі уақытта іске қосылып, қант қызылшасын қабылдай бастағаны туралы ақпарат та жұрттың құлағында. Ендігі мәселе, алғашқы өнімін қашан тұтынамыз?
Ол күн де алыс емес. Зауыт қазір қант өндіруді бастап та кеткен. Кәсіпорынның жұмысымен танысу мақсатында облыс әкімінің арнайы сапарында осыған көз жеткіздік. Жергілікті тұрғындардың көптен күткен жаңалығы ғана емес, «біздің қант қой» дейтін мақтанышына арқау болған, «өліп-тірілген» зауыттың әр қадамы қуаныш, әр күнгі тірлігі мереке. Өңір басшысы Амандық Баталов қызу тірлік үстіндегі зауыттың алғашқы дәмін татып көрді.
Жергілікті аудандық ақсақалдар алқасының бастамасымен кәсіпорынға келген облыс басшылығының ісіне береке тілеп, әр бастамасына ел атынан алғыс айтып, ризашылық білдірді. Бата берді.
Қазір Ақсу қант зауытына қант қызылшасы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізілуде. Қазіргі кезде кәсіпорынның қызылша жинақтау алаңында 80 мың тонна тәтті түбір жатыр.
«Ақсу қант» ЖШС-нің атқарушы директоры Сәкен Мұратовтың айтуынша, зауытта жасалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қант қызылшасын өңдеу мен қант шығаруды бастау жұмыстарының жүйесі іске қосылды. Келер жылдан бастап негізгі және қосалқы өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталады, қуаттылығы 5 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға беріледі, заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады. Сол сияқты технологиялық процестерді автоматтандыру жұмысы одан әрі жалғастырылып, соңғы 3 жылда зауыттың өндірістік қуаттылығы өсе түспек
Зауытта 500 адам жұмыс істейді. Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалыпты. Тіпті олардың бір мезгіл тынығып, демалуы үшін кәсіпорын ішіне кішігірім субұрқақ та орнатылған. Балықтар жүзіп жүр. Зауыттың көп жұмысы заманауи техниканың күшімен автоматты түрде атқарылады. Жаңа жүйеде жұмыс істейтін кәсіпорынға қомақты қаражат құйылғаны айтылған, соған сай көп бөлігінің жаңарғанын аңғару да қиын емес (Мемлекет басшысының қант өндірісін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың басында облыс әкімдігімен арада Ақсу қант зауытын жаңғырту туралы меморандумға қол қойылып, зауытты қайта қалпына келтіру жұмысы «Энергомост» консорциумына жүктелген.
15 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, оның 3 млрд теңгесі негізгі құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін «Жетісу» ӘКК тарапынан бөлінген). Аталған үш ауданнан жеткізілген шикізат арнайы құрылғылардың көмегімен жуылып, шайылып, туралып, дайын өнімге айналып жатыр. Сөйтіп қапталып, қатталып, тиісті орындарға жөнелтілуде.
Жалпы, биылғы маусымда 80-100 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 6 мың тонна қант алу көзделіп отыр. Кәсіпорында қазір 2 мың тонна шикізат өңделіп, алғашқы қант алынды. Сапасы мен дәмі стандартқа толықтай сай. Бар мүмкіндігімен жұмыс істесе, кәсіпорын тәулігіне 2,5-3 мың тонна шикізат өңдей алады, ал жылына 32 мың тонна қант шығаруға қауқарлы. Бұл да жер түбіндегі емес, өңірдегі қант өндірісінің дамуымен бірге іске асатын қолжетімді көрсеткіш.
Зауыттың ашылуымен өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 5,7 пайыздан 4,7-ге кеміген. Кездесу барысында жұмысшылар осындай жағдай жасап, жақын жерден жұмыс тауып берген, тұрғындарға жақсы мүмкіндік туғызып отырған зауыттың ашылуымен ауылға береке кіргенін айтты.
Зауыттың алғашқы өнімінен дәм татып көрген соң облыс әкімі журналистерге сұхбат беріп, қант қызылшасы өндірісін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, жеткен жетістіктерді, осы бағытта Үкімет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды және алдағы уақытта да орындалуы тиіс шаруалардың мол екендігін айтты. Дақылды алқаптың көлемінің одан әрі ұлғаятынын, жерден алған өнімнің бір грамы да өңдеусіз қалмайтынын, Мемлекет қолдауы мен жергілікті атқарушы орган және инвесторлардың бірлесуімен атқарылған тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде іске қосылған қант зауытының алдағы үш жылда толық жаңғыртылып, ескірген құрал-жабдықтар жаңа, озық үлгідегі, жоғары технологиялы жабдықтармен ауыстырылатынын, құрал-жабдықтардың біраз бөлігінің қазірдің өзінде сатып алынып, зауыт қоймасында сақтаулы тұрғанын әңгімеледі.
– Өңірде екі қант зауыты жұмыс істейді. Олар Көксу және Ақсу аудандарында. Екеуі бірігіп жыл сайын 500 мың тоннадан аса қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты шағын зауыттар салу да ойластырылуда. Бүгінде біз облыстың жылына шамамен 35 мың тонна қантқа деген сұранысын жаба аламыз. Республиканың сұранысы туралы айтатын болсақ, бұл бағытта біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мультипликативтік тиімділігін беретін осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді әкім.
Зауытта талай жылдан бері істеп, ыстығына күйіп, суығына тоңған тәжірибелі маман, бас инженер Владимир Юшков та зауыттың қайта іске қосылуына жағдай жасап, талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашып отырған ел басшыларына деген алғысының шексіз екенін, ендігі кезекте сапалы өнім шығарып, осы бағытта аянбай жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Суреттерді түсірген
Жұмабай МҰСАБЕКОВ