Маңғыстаудағы өзге ұлт өкілдері қоғамдық тұрақтылықты сақтауда, мемлекетіміздің саясатын, ел дамуына қатысты түрлі бағдарламалар мен тапсырмаларды орындауда ұйымшылдық, ауызбіршілік танытып келеді. Олардың «Рухани жаңғыруға» қатысты өткен жиынға бір кісідей қатысуы маңызды мәселелерге атүсті қарай алмайтындықтарын білдірді.
Ақтау қаласындағы Достық үйінде Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XХI сессиясы өтті. «Рухани жаңғыру – ұлт жаңғыруы» деп аталатын алқалы жиынға Ассамблеяға мүше өңірдегі 20-дан астам этномәдени бірлестіктің өкілдері түгел қатысты. Күн тәртібінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің Маңғыстау облысында жүзеге асырылуы және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдіріп, сол арқылы туындаған міндеттерді халық назарына ұсынып, маңызды мәселелерді орындауды тапсырды. Елдің тағдыры мен ертеңі – мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында болса, жарқын болашақтың кепілі болып табылатын тұрақтылық пен татулық, өзара түсіністік, құрмет пен сыйластық Қазақстанды мекен ететін барлық ұлт өкілдеріне қатысты. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 22 жыл бұрын қазақстандықтарды біріктірудің бірегей мүмкіндігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатын.
– Бүгінде ұйым халықтық өкілдіктің ерекше тетігі ретінде мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде ерекше рөлге ие. Дәл осы міндетті атқарып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жаңғыру жолында айрықша. Ассамблея елімізде тұратын барлық этностардың бірегей де төл мәдениетін сақтап, қоғамдық келісімді нығайту мен халық бірлігін жетілдіру жолында көптеген жұмыс атқаруда, деді жиында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сараптай келе Ассамблея тарапынан атқарылған шараларға тоқталды. Корейлердің Қазақстанда қоныстанғанына 80 жыл толуына орай мерейтой, Түпқараған ауданында Тарас Шевченко мұражайының 85 жылдығы, Корей этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы кең көлемде атап өтілген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отпан тауға үш бидің ескерткіші қойылды.
Өңір басшысы Ассамблеяның ғылыми-сарапшы тобына Маңғыстаудың әлі де беймәлім жерлерін зерттеп, тарихи-мәдени құндылықтарын жаңғыртуға тапсырмалар берді. Ол үшін әлеуметтік зерттеулер, әлеуметтік сауалнамалар және ғылыми-методикалық шаралар жүргізу керектігін айтты. Бірқатар басқарма басшыларына мемлекеттік этносаясатты тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Әсіресе БАҚ өкілдері арқылы көпұлтты, табысты отбасыларды көрсетіп, отбасы құндылығын насихаттау үшін кешенді жоспар дайындау қажеттігін атап өтті.
Сессия соңында ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері мен облыстық Ассамблеяның белсенді мүшелерін марапатталды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы