«Егемен Қазақстан» газетінің мұғалім қауымымен кездесуі Рудный қаласындағы №15 қазақ орта мектебінде өтті. Мектеп директоры Қайыржан Нұрмағамбетовпен хабарласқанымызда «Мектептің қуанышын да, өзекті істерін де ата-аналармен бірге бөлісеміз. Кездесуге ата-аналар да қатысса бола ма?» деген еді. Болғанда қандай! Жалпы, бала тәрбиесі, білім мәселесі мектеппен бірге бөлініп қалған арал емес, бала ата-ананың ғана емес, мемлекеттің, ұлттың болашағы болғандықтан, мектептің мәселесі баршамызға ортақ.
Қуаттылығы жөнінен дүние жүзіне мәлім Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі кен өндіре бастаған өткен ғасырдың ортасында ірге тепкен Рудный қаласында тәуелсіздікке дейін қазақтардың саны 2 пайыз ғана болатын. Қазақ тілінде білім беретін мектеп атымен жоқ еді. Ал қазір қалада жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған үш қазақ мектебі бар.
– Еркіндіктің лебі ескен жылдары иманды болғыр ұлтжанды Омар Төртбаев ақсақал қазақ мектебін ашу үшін бүкіл қаланы жаяу аралап, әр үйдің есігін қағып жүріп, 12 бала жинаған болатын. Сол 12 баладан бір сынып, одан 1993 жылы осы бастауыш қазақ мектебі ашылды, ол орыс мектебінде орналасты. Қиындықтар болды, алғашқы кезде оқулықтың, мұғалімдердің жетіспеушілігінен «қазақ мектебінде білім жоқ» деген сенімсіздіктер де орын алды. Қазір соның барлығын да артқа тастадық, – деді Қайыржан Нұрмағамбетов.
Айтса айтқандай, №15 қазақ орта мектебі қазір көрсеткіштері жөнінен соңғы екі жылда кеншілер қаласындағы жалпы білім беретін жиырма мектептің арасында бірінші орынға ие екен.
– Қазір бәсеке өте күшті, мұндай жетістікке жету оңай емес. Мұғалімдер соңғы жылдардың ішінде 37 әдістемелік авторлық жұмыс жазды. Биыл тағы да бес авторлық әдістемелік жұмыс дайындап жатыр. Мұның барлығы баланың білім сапасын көтеруге қызмет етеді, – деді директор.
– «Қазақ мектебінде білім жоқ» деген ұшқары естіліп қалатын пікірге айтарым бар еді. Орыс балабақшасына барған баланы ата-аналар қазақ мектебіне береді. Ал үйде бүлдіршінмен өздері қазақ тілінде сөйлеспейді. Тілі орысша шыққан бала қазақ тілін меңгергенше қиналады. Торғай өңірінен үш жүзге жуық ғылым докторлары мен кандидаттары, жазушылар, қазақтың белгілі тұлғалары шыққан екен. Солардың барлығы да қазақ мектептерінде оқып, білім алды. Торғай өңірінде орыс мектебі жоқтың қасы, ал басқа аудандарда осындай көрсеткішті ести алмаймыз, – деді мектептегі кездесуге бірге барған белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы Серікбай Оспанов.
Мектептің ғимараты о баста орыс мектебінен босатылып берілген екен. Көп жылдардан бері тозып тұрған ғимаратқа екі-үш жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазір білім ұясының іші кең сарайдай қайта жабдықталған. Ұстаздар мектепке бала сыймай, қазір 1100 оқушы екі ауысымда оқитынын, соның салдарынан бес күндік оқу кестесіне де ауыса алмай отырғандықтарын тілге тиек етті. Қиындығы болса да, оқушының көптігі көңілге қуаныш үйіретіндей.
Мұнан кейін ұстаздар мен ата-аналарға бас басылымның тарихы, бүгінгі атқарып отырған қызметі туралы айтылды. Бір ғасырлық тарихы бар басылым қашанда алдымен ұлттың мүддесін мұңдап, жоғын жоқтап келеді. Газет бетінен орын алатын әлеуметтік мәселелер ішінде білім саласына қатысты материалдар үлесі артқаны сөз болды. Кездесуге жиналғандар балабақшаға балаларын орналастыра алмайтынын, кезектің тым ұзақтығын, Өзбекстаннан келген ағайындардың төлқұжаттарын тапсыруда қиындық болып отырғанын айтты.
Оқырмандар айтқан мәселелердің бірсыпырасы газетімізде бұрын да көтерілген болатын. Олар айтқан пікірлер қашанда маңызды мақалалардың өзегі болары сөзсіз. Мектеп мұғалімдері Роза Жарқынбекова, жоғары санатты мұғалім Сайран Өміржанова газеттегі «Тәлім» бетіне қатысты жақсы пікірлерін білдірді. Өздерінің де айтары бар екенін, мақала дайындап жатқанынан хабардар етті. Мектептің де, газеттің де бағыты елдің болашағын ойлау, ұлтқа қызмет ету екенін түсініскен басқосу болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы