• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2011

Жасыл желекке жанашырлық

468 рет
көрсетілді

Бурабайда Халықаралық орман жылына арналған үкіметаралық ІІІ ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның жұмысына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері қатысты. Халықаралық конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Ауыл ша­руашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы ко­митетінің төрағасы Ерлан Нысан­баев осы жиынның Қазақстан Тәуелсіздігінің мерекелі жылында өткізілуі оның салалық қана емес, әлемдік саясаттағы маңызын да арттыра түсетіндігін атап көрсетті. Орман ресурстарын орнықты бас­қару мен сақтауды қамтамасыз ету, климаттық ауытқушылықтарға әсер қуатын арттыру мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясы 2011 жылды Ха­лықаралық орман жылы деп жа­риялады. Құрылықтың 31 пайызын орман көмкеріп жатса, соның 13 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан. Ормандар жер жүзінің 1,6 миллиард тұрғынының табысын қамтамасыз етіп, дүние­жү­зілік экономикада маңызды орын алады. Алайда, ормансыздану үде­рісі тоқтаусыз жалғасып, жылына 50 мың шаршы километр аумақты қамтуда. Осы орайда, ТМД Үкі­метаралық кеңесінің жұмыс жос­парына енгізілген Бурабайдағы басқосу халықаралық қауымдас­тықтың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселелерге қатысты тұ­жы­рымды ой-пікір қозғағанын айтқымыз келеді. Орман және аңшылық шаруа­шылығы комитетінің бас сарап­шы­сы Серік Тұрымбаев өз баян­дамасын «Қалың елім қазағым – қара орманым» деген қағидат сөз­бен бастауының өзіндік мәнісі бар. Мемлекеттік орман қорының жал­пы көлемі 2011 жылғы 1 қаң­тардағы мәлімет бойынша 28,7 миллион гектарға немесе ел аума­ғының 10,5 пайызын құрайды. Бұл республикамыздың ормандануы 4,5 пайыздың айналасында екенін көр­сетеді. Сондықтан, табиғат байлы­ғымыздың ауқымын кеңіту мемлекеттік басымдыққа ие және бұл бағытта елеулі жұмыстар атқары­луда. Мемлекетіміз 1993 және 2003 жылдары дербес Орман кодекстерін қабылдап, 2004 және 2006 жыл­дарда қабылданған салалық заңдар негізінде қызмет өрісін кеңітті. Экономиканың орман секторын­да­ғы заңнамалық-нормативті актілері жетілдірілді. Осының нәтижесінде Қазақстанның тәуелсіздігі жылда­рында  орман қорының алқабы 4688 мың гектарға (19,6 %), оның ішінде орман көмкерген жерлер 2044,1 мың гектарға (19,9 %) ұлғайды. Президенттің халыққа Жолда­уы­нан туындайтын тапсырмаларды орындау бағытында 2005-2007 жылдарды қамтитын «Жасыл ел» бағдарламасы іске асырылса, қазір 2010-2014 жылдарға арналған «Жа­сыл даму» атты жаңа бағдарлама жұмыс істеуде. Осының арқасында соңғы 5 жылда орман алқабын дамыту 1,5 есе өсіп, 2010 жылы 51,1 мың гектарға ұлғайды. Мемлекеттік бақылау мен ведомство­ара­лық үйлесімді қызметтің жақсаруы ағашты заңсыз кесуді 1,8 есе, орман өртін 4 есе азайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назар­баевтың бастамасымен 1997 жыл­дан бері Астананың жасыл белдеуін құру жұмысы қарқынды жүр­гізілуде. Қазірдің өзінде 55 мың гектарлық көкжелек жайқалып тұрса, оның көлемі 2015 жылы 80 мың гектарға жеткізілмек. Конференцияда экологиялық жү­йені тұрақты дамыту жолындағы түйткіл мәселелер өткір көтерілді. Әлемдік тәжірибе айрықша қор­ғалатын аймақтар көлемі ел ау­мағының 10 пайызын қамтуы қа­жеттігін алға тартады. Бұл бағытта қыруар істер атқарылғанымен, оның ауқымы қазір 22 миллион гектар болып отыр. Яғни, әлгі 10 пайыздық  деңгейге, екі сатылы ке­зеңмен, 2020 жылы қол жеткізуге болатын көрінеді. Конференцияда Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ директоры Болат Мұқановтың, Бүкілресейлік орман шаруашылығы маманда­ры­ның біліктілігін арттыру инсти­тутының ректоры Анатолий Пе­тровтың, К.Тимирязев атындағы Мәскеу мемлекеттік ауыл шаруа­шы­лығы академиясының кафедра меңгерушісі Виталий Хлюстовтың, Өзбекстан бау-бақша және орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының сектор меңгерушісі Зиновий Новицкийдің, Қырғызстан ҰҒА Орман институтының зертхана меңгерушісі Шаршеналы Бики­ровтың тақырыптық баяндамалары тыңдалып, салалық ғылыми таныстырылымдар өткізілді. Халықаралық конференцияға қа­тысушылар Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғат паркіндегі «Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» аллеясында ағаш көшеттерін отырғызды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.