• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2011

Ғылымның еңбекторысы

796 рет
көрсетілді

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу уни­вер­ситетінің профессоры Тұр­сын Сыдықов жайлы сөз болғанда, оның «Мұрат пен міндет», «Қазақ тарихи ро­маны», «Қазақ тарихи романы­ның көркемдік тіні», «Өңінде тұлпар мінгендер», «Талант та­ғылымы», «Ізгілік сабақтары», «Қазақ тарихи романының поэти­касы», «Жетісу дүлдүлде­рінің дүбірі», «Ілияс Жансү­гіров және әдебиет дәстүрі» атты ғылыми зерттеулерін аттап өте алмайсыз. Өйткені, ол осы салмақты ғылыми зерттеулері арқылы қазақ әдебиеттану ғы­лы­мына қосқан үлесі қомақты. Сын-зерттеу еңбектері, моно­гра­фия­лары, оқулық, хрестома­тиялары сияқты сүбелі дү­ниелердің әрқайсысына шұқ­шия тоқталу, баға беру, бұл арада мүмкін емес. Сондықтан да тек соңғы шыққан бір моно­графиясына ғана талдау жаса­сақ, теңізді тамшысынан таны­рымыз ақиқат. Мәселен, «Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі» – Жетісу жерінен шыққан дара тұл­ғаларға арналған зерттеулер мен портреттерден тұратын іргелі ғылыми еңбек. Қаншама өнер мен әдебиет тарландары Жетісу жерінен шығып, қазақтың атын асқақтатып, биікке көтерсе, со­ның бірегейі жыр алыбы – Жам­был десек, бұл еңбекте автор шығармалары әлемнің елуден астам тіліне аударылған, дүние­ні көркем ақыл-ойдың желегімен қымтап, жалынымен шар­пыған Жамбыл туралы терең байламдар жасалған. Сонымен бірге айтыс өне­рін­дегі жаңашыл, соны зерттеулері де еріксіз мойын бұрғы­зады. Қазақтың айтыс шежіресінде Әсет пен Ырысжан, Орын­бай мен Тоғжан, Кеншінбай мен Ақсұлу, Жамбыл мен Айкүміс, Қадиша мен Ысқақ, Омарқұл мен Тәбия, Әжек пен Шәріпжамал, Мұса мен Манат айтыстары салт айтысының озық үлгілері екенін дәйектейді. Автордың «поэзия Құлагері» атанған Ілияс Жансүгірұлының өмірі мен шығармашылығына орай соңғы ізденістері де – талай жылғы еңбектің жемісі. Ақын шығармашылығының кал­та­рыс­та қалған, әлі де болса ешкім айтпаған немесе айта алмаған түйткіл жайттарды жан-жақты саралауды, әдеби-ғылыми сарап­тауды жөн көріп, байыпты тұ­жырымдар жасағаны «Ілиястану» ғылымына қосылған қомақты үлес деп қабылдау орынды. Сондай-ақ, «Болат бұғауды шайнаған жолбарыс немесе Бердібек Соқпақбаевтың суреткерлік жанкештілігі» атты зерттеуі қа­зақтың кемел каламгеріне арнал­ған. Жазушыны тудыратын за­маны болса, оны тәрбиелейтін қоғам десек, ғалым оның шын­дығын шыжғырта жазған Бердібек Соқпақбаевтың өлең, әңгіме, повесть, пьеса, романдарына жіті көңіл қойып, толымды ой-пікір білдіреді. Бұдан өзге, «Өлең – сөздің зергері» зерттеуі тұнықтығымен, ойлылығымен, сыршыл табиғи­лы­ғы­мен оқырмандарын баурап алған лирик ақын Ғали Ор­мановқа арналса, ақын Әділбек Абайділданов пен прозасы қазақ әдебиетінің маржан мұрасына айналған Сайын Мұратбековтың шығармашылығына тыңғылықты, поэтикалық барлау жасауы да жарасымды. Жаңа кітаптың екінші тарауы «Қанжығасы майлы қазанат» деген атаумен ашылып, алғашқы төрт бөлімі белгілі журналист, жалынды публицист, қоғам қай­раткері, жазушы Кәкімжан Қазы­баевқа арналған болса, ғалымның «Жетісу журналистерінің сардары немесе публицист парасаты» еңбегі 40 жыл бойы баспасөз саласында мүлтіксіз қызмет еткен, белгілі қаламгер Сейтмұ­хамет Мұхаметшин туралы екен. Жас кезінде адам арманшыл, қиялшыл келеді ғой. Орта мектепті үздік бітірген Тұрсын ағамыз филолог-ұстаз болуды, мақсат тұтады. Сол арман оны Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетіне жетелейді. Сөйтіп, қалаған оқуына түскен оның тырнақалды дүниелері «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз» журна­лында жариялана бастайды. Институт қабырғасында талай студенттің көңіліне сәуле, жү­регіне от тұтатқан, Махамбет жыр­­ларын жатқа айтатын академик Қажым Жұмалиев сынды ұстаз өте сирек болатын. Ұлан­ғайыр білімді бір өзінің бойына жинаған ғалымның алдында дәріс тыңдап, білім нәрінен сусындау үлкен бақыт екенін сол кезде-ақ ол сезетін. Азаматтық тұлғасы мен кісілік келбеті, мінез-құлқы, білім-білігі қайраткерлігімен ұлас­­­­­қан, академик Серік Қира­баевтардың тәлімі тал бойына сіңіп, күллі ғұмырының мәні мен мазмұнына айналғаны және бар. Институтты үздік бітірген соң ол Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты мектепке оқу ісінің мең­герушісі болып қыз­метке кіріседі. Ауыл-аймағы өзінікі, өз же­рінің тұмасының суын ішіп, кәу­сар ауасымен демалып, ел-жұр­тымен сыйласып, бұйырған дәмі­нен татып, қанатын қомдаған жас маман ұстаздық жолда өз биігіне ерте шықты. Қарапайым мұға­лімнен, мектеп директоры қыз­метіне өсіп, аудандық партия комитетінде әр деңгейдегі жа­уапты қызметтерді ұршықша үйі­ріп, абыройы артты. Қай салада жүрсе де тәжірибелі маман көр­сетілген сенімді ақтап, елінің елеу­лісі, қалаулысы бола білді. Өмір қазанында біраз қайнап, тұрмыс түйткілдерін де ыңғайға келтіріп алған Тұрсекең қырандай қияға көз тіге бастайды. Бойында күш-жігері буырқанған жігітке профессор С.Қирабаев «ғылым­мен айналысудың шағы туғанын» ескерткенде, жүрек лүпілі онсыз да әдебиет деп соққан ол Алматыға жол тартады. Тиісті емтихан­дарын ойдағыдай тапсыр­ған талапкер Абай атындағы ҚазПИ аспирантурасының күн­дізгі бөлі­міне қабылданады. Қаламының желі бар, еңбек­қор, табанды жасқа Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын зерттеу бұйырды. Жазушы игерген шеберлік өрісін алғырлықпен зерттеп, кандидат­тық диссертациясын уақытынан бұрын қорғаған жас ұстазды ҚазПИ-дың қазақ әдебиетінің кафедрасы өздеріне ұстаздық қыз­­­метке қалдырды. Абай атындағы қазіргі ҚазҰПУ Тұрсын Сыдықовтың өмірінде өшпес ізін қалдырған алтын ұя. Өйткені, осы ұяда аспирантураны бітіріп, кандидат­тық диссертациясын да осында қорғады, докторлық диссерта­циясы да осы қабырғада жүріп жазылды. Алдыға түсіп озуды мақсат етпей, біреудің табысын күндемей, бойын, ойын бағып, жай ассистенттік қызметтен про­фессорлық деңгейдегі биік белестерге жетті. Факультет деканы­ның орынбасары, декан, партия ұйымының хатшылығына дейінгі аралықтағы жауапты қызметтерді атқара жүріп, кішілігінен, кісілігінен танбады. Данышпан Абай: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалық­пас үйретуден балаға...» десе, Тұрсын ағамыз өмірінің көбін ұстаздыққа арнапты. 40 жылдан астам уақыт ішінде мыңнан астам оқушы, студент, аспирант, магистрант, докторант дәріс алыпты. Олар еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етуде. Осы уақытта қанаттандырып ұшырған сол шәкірттерінің ішін­де, белгілі айтыс өнерінің жас перісі, мар­құм Оразалы Досбосынов, та­лантты ақын, баспа директоры Кәдірбек Құ­ны­пияев, ондаған сүбелі моно­графиялардың ав­торы, ғылым докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факуль­тетінің деканы Қан­сейіт Әб­дезұлы, “Қазақ тілі мен әде­биеті” журналы редак­то­рының орынбасары, ғылым кандидаты Амангелді Оспанов, филология ғылымдарының док­торы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия универси­тетінің про­рек­торы Дихан Қам­забекұлы және т.б. бар. Иә, қай мектепке кірсеңіз де, оның шәкірттері алдыңыздан шыға­ды. Бұл Тұр­сын ағаның ұс­таздық еткен ерен еңбегінің жемісі, әрине. Ғылым жолында да еңбегі елеулі. Профессор Т.Сыдықов 40-тан астам ғылым кандидаттары мен док­тор­ла­рына оппонент болып, олардың әдебиеттану ғылы­мы­на қосқан үлесін, ізденісін әділ бағалап, қазақ ғалымдарының қатарын соны ағыспен еселендірді. «Туған жерге туың тік» демей ме дана халқымыз. Алматы сұлу шаһар, білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің ордасы, оны қиып кету қанша қиын болса да Тұрекең өз жүрегінің қалауымен 2002 жылы батыл шешімге келіп, туған жері Же­ті­суына оралды. Бүгінде ол туған аймағының жастарын тілге, әдебиетке, туған тарихына бойлатып, әлемдік мәдениеттің асыл үлгілерімен сусындатып жүр. Сонымен қатар, өзі ұзақ жылдар бойы қызмет істеген жоғары оқу орнында қалып­тасқан дәстүрді, үрдісті кафедра мүшелерінің бойына дарыту үстінде. Айтулы ақын Қадыр Мырза Әлінің «аудиторияны арбай білмеген, ұстаз болып жарыт­­пайды» дегені бар еді. Бұл сөз Тұрсын Сыдықовқа арнап ай­тылғандай. Ол кісінің дәрісіне тамсанбаған студент кемде кем шығар десек, бұл артық айт­қандық болмас. Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.