• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2011

Дінтанушылар лаңкестікке қарсы

378 рет
көрсетілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүф­ти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің ар­найы шақыруымен аталмыш оқу орны ұйым­дас­тырған «Дінтанушылар лаңкестікке қарсы» атты екі жақты кездесуге қатысты. Сондай-ақ осы оқу орны мен ТМД елдерінің тілдер және мәдениеттер жөніндегі базалық мекемесінің ұйым­дастыруымен Орта Азия мен Кавказда лаңкестік идеологиясына жол бермеуге арналған Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Ресей Федерациясының діни жетекшілері мен теологтарының кездесуі өтті. Қазақстанның дінбасы кездесуде «Ислам лаңкес­тік­ке қарсы» атты негізгі баяндаманы жасаумен қатар, осы шараның бас ұйымдастырушысы, атал­мыш оқу орны­ның ректоры Ирина Халлееваға кездесуге құрмет­теп шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, «Қазақстан мешіттері мен медреселері», «Ислам қайраткері» және орыс тіліндегі «Ислам – религия мира и созидания» ат­ты жақында жарық­қа шыққан туындыларын тарту етті. Қазақстан Республикасының және Ресей Феде­ра­циясының діни жетекшілері мен теологтары, екі жақты кездесуге қатысушылар, Орта Азия мен Кавказ ай­мақ­тарында тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті сақтау мүдде­сін­де бірге қызмет етуге, лаң­кес­тік пен экстремизмді болдыр­мау­ға, лаң­кестік идеологиясын таратуға бірлесіп қарсы әрекет етуге дайын екендерін білдіре келе, экстре­мизм­нің, лаңкестік пен этносаралық алауыз­дық­тың кез келген көріністерін айыптай отырып, оған қашанда қарсы тұратындықтарын мәлімдеді. Дінара­лық комитеттің тең төрағасы Шафиг Пшихачев мырза осы тұрғыда қазақ елінің атқарып отырған жемісті жұ­мыстарына тоқталып, Қазақстан Президентінің әлемде бейбітшілік пен тыныш­тықтың салтанат құруына қосып отырған үлесін ерекше атап көр­се­тіп, алғыс айтты. Орыс православ шір­кеуінің қо­ғам мен шіркеу арасындағы қарым-қаты­нас жө­нін­дегі Синодальдық бөлім басшысының орын­ба­сары Георгий Рощин өз сөзінде: «Ислам мен православие арасында жақсы үнқатысу қалыптасты. Бұл үлкен жетістік. Ислам мен православие ежелден достас діндер. Қазақстанның Президенті Астанада 3 рет Әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің үш съезін де зор табыспен өткізді. Ол да әлемде бейбітшіліктің сақталуына қосқан үлес» – десе, Ресейдегі еврейлер конгресінің төр­аға­сы Зиновий Коган: «Дінаралық достық, әріп­тес­тікке жол Қазақ­стан­да, Алматыда басталған еді. Бұған Қазақ­стан­ның діни басқармасы үлкен үлес қосты. Сол алғашқы қадам, қазіргі күні биік белестерге көтерілді», – деп Қазақстан дінбасына ризашылық білдірді. Ал Орта Азия мен Кавказда лаңкестік идео­логия­сын таратуға қарсы әрекет мәселелеріне ар­налған екі ел діни жетекшілері мен теолог­тары­ның кездесуінде атал­ған аймақтарда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мүддесінде бірге қызмет етуге, лаңкестік пен экст­ре­мизм жолын кесіп, лаңкестік идеологиясын таратуға қар­сы әрекет етуге қашанда дайын екендерін білдіре келіп, экстремизмнің, лаңкестік пен этносаралық алауыз­дықтың кез келген көріністеріне қатаң айыппен қарсы тұратынын бір ауыздан мәлімдеді. Қабылдаған мазмұндамада Қазақстан мен Ресей­дің басқа да діни жетекшілерін саяси, эко­но­микалық, әлеу­меттік, конфессияаралық, ұлтара­лық және өзге мәсе­ле­лерді шешу құралы ретінде лаңкестікті пай­да­лануды айыптауға және болдыр­мауға және ТМД елдерінің дін­дарларын және барлық тұрғындарын лаңкестікті айып­тауға және өз дінінің бейбіт қағи­даларын ұстануға шақырған. Ресей Федерациясында, оның ішінде Сол­түстік Кавказда әлеуметтік-эконо­микалық мәселе­лер­ді шешуге қажетті жағдайлар, оның ішінде ар мен дін еркіндігі құқығын қам­та­масыз ету мәселелері шешілген. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федера­ция­сы дін қызметкерлері мен дінбасыларының бірлесіп халықтарына жемісті қызмет етудің бірнеше ғасырлық бай тарихы мен тәжірибесі бар. Ислам мен христиан діндерінің жаңаруы, кездесуге қатысушылардың ортақ пікірінше, азаматтық қоғам өмірінің рухани-адамгершілік бастама­ларын нығайтуға әсер етеді, діндарлардың құқық­тарын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді, Орта Азия мен Қауқаз халықтарының алдында тұрған көптеген өзекті мәселелерді шешуге кө­мек­теседі. Исламның зорлық және экстремизммен байланыстырар ортақ ештеңесі жоқ. Қасиетті Құранда жер бетінде біреу­дің абыройын төгіп, басқаға әділетсіздік жаса­ған­дар сұмдық азапқа душар болады делінген («Шура» сүресі, 42-аят). Біздің қоғамда жиһадқа, қарулы қақтығысқа шақыруға ешқандай да негіз жоқ. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық универ­сите­ті­нің ректоры, профессор Ирина Халеева ханым Қа­зақ­станның жүргізіп отырған бейбіт­сүй­гіш саясаты мен дүниежүзілік қауымдастық алдындағы беделін ескеріп, аталмыш басқосуды бірлесе өткізуді ұйғарған­дығын айтты. Қазақстан дінбасының ТМД елдерінің тілдер және мә­дениеттер жөніндегі базалық мекеме­сі­нің бас­тамаларын қолдап, басқосуға қатысып, баяндама жасағаны үшін ризашылық білдірді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.