Елордада Еуропалық одақ қаржыландыратын Шекараларды басқаруға қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламаны үйлестіру тобының үшінші аймақтық отырысы өтті. Жыл сайын өткізілетін отырысқа Еуропалық одақтың Қазақстан мен Қырғызстандағы өкілдері, Сыртқы істер министрліктерінің және кеден ведомстволарының қызметкерлері қатысты.
Жиында қатысушылар аталған бағдарламаның шекараны басқарудағы жетістіктері мен кездесіп қалатын кедергілерге назар аударды. Шекараларды басқаруға қолдау көрсетуге бағытталған бағдарлама Еуропалық одақтың Орталық Азия елдерімен шекараларды басқару саласындағы әріптестігінің маңызды бастамаларының бірі болып саналады.
Ол Орталық Азияда 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның бүгінгі тоғызыншы кезеңі бұған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесіне негізделген және институттық өзгерістерге, аралас миграциялық ағымдарды басқаруға, сондай-ақ сауда-саттықты қолдауға бағытталған.
Отырыста сөз алғандардың айтуынша, 2015 жылдан бері осы бағдарламаның аясында Орталық Азиядағы мемлекеттерден 1,9 мыңға жуық лауазым иесі 200-дей іс-шараға қатысқан. Ал 2003-2017 жылдары аралығында Еуропалық одақ аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 40,8 миллион еуро бөлді.
Жиын барысында оған қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері үшін 2018 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын да талқылады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»