Ресей Федерациясы мен Қазақстан Републикасының президенттері қатысқан Челябі қаласындағы ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі ел университеттері ректорларының форумы өтті. Оған Қазақстаннан – 49, Ресейден 77 ректор қатысты.
Ресей президентінің Урал федералдық округіндегі өкілетті өкілі, Челябі облысының губернаторы, Қазақстан мен Ресей білім және ғылым министрлері қатысқан алқалы жиында көрші екі ел жоғары оқу орындарының ынтымақты жұмыс істеуі жөніндегі 10 келісімге қол қойылды. Соның ішінде Рудный индустриялық институты мен Г.И.Носов атындағы Магнитогор мемлекеттік техникалық университеті, сонымен қатар Оңтүстік Урал мемлекеттік университеті арасында да әріптестік келісім жасалды.
Жалпы, ректорлардың өңірлік форумында барлығы 40 келісім мен меморандумға қол қойылды. Екі елдің ректорлар корпусы қос дипломды білім беру төңірегінде ынтымақтастық орнату, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын жеделдету, білім және ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Инновациялық қызметтерді дамыту жөніндегі секциялық отырыстар аясында Ресей мен Қазақстандағы 4.0 индустрия элементтерін енгізу жағдайында білім беру үдерісін қайта форматтау мәселесі бойынша білім ордалары озық тәжірибелерінің тұсауы кесілді. Экономиканың қуаты негізінен ірі өндіріспен ғылымға байлаулы. Сондықтан бәсеке қарқыны жоғары жаңа уақыттың инженерлері өнеркәсіптің базалық салалары дамуының алдын орап отыруы және озық ғылыми-техникалық зерттеулер негізінде жаңа тұрпатты өндірістер құруы тиіс.
Мұндай мамандарды дайындау ісі білім бағдарламаларын жобалауға, оны жүзеге асыруға қатысты қалыптасқан жағдайға түбегейлі жаңа көзқарасты талап етеді. Осы орайда жоғары оқу орындарының иығына түсер жүк те ауқымды. Бұл үшін білім ордалары алдында шығаратын бұйымды жобалауға, құрастыруға, алдын ала үлгісін жасауға қабілетті және жалпы шығарылатын өнімнің толық ырғақты өндірілуін қамтамасыз ететін әдістеменің үдерісі мен жүйесін жасай білетін, білімді, ғылым жаңалықтарын игерген болашақ инженерлер тұлғасын қалыптастыру міндеті тұр.
Ресей жоғары оқу орындары ректорлары баяндамаларында негізгі индустрияның жаңа буынын құрайтын білім үдерісін жаңғырту, анығырақ айтсақ, цифрландыру, ақпараттандыру, өндірісті уақыт пен ғылым өзгерістеріне тез бейімдеу мен икемдеу мәселелеріне назар аударды. Өйткені төртінші индустрия элементтерін енгізу түбегейлі технологиялық жаңа сатыға бұрынғы қорды жаңартпай-ақ, ауқымды инвестициясыз-ақ өтуге мүмкіндік береді. Әдетте технологиялық құрылыстың ауысуы еңбек нарығына да өзгерістер әкеледі, сондықтан екі елдің білім ордалары да осыған дайын болуы тиіс.
Ал бұл мәселе заманауи білім ортасын қалыптастыруға және білім ордасын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге атсалысатын жоғары оқу орындарының белсенді әріптестік, бірлескен көмегімен шешімін табады. Қазақстандық білім ордаларында өз меншігіндегі оқу жабдықтары мен виртуалды зертхана жұмыстарының алғышарттары енді көрініп жатса, Ресей нарығында бірнеше жылдан бері университеттер жасаған оқу техникалары табысты қызмет етіп келеді. Сөз жоқ, бүгінде еліміздің инновациялық экономикасы үшін кадр даярлауға көңіл қойып отырған Қазақстандағы білім ордалары көрші елдің мұндай озық тәжірибесін үйренуге мүдделі болып отыр.
Мысалы, Оңтүстік Урал мемлекеттік университетінде лабораториялық стендтер, көрнекі оқулық, оқудың ақпараттық құралдары (виртуалды зертханалық стендтер, көрнекілік, көрсету кешендері) секілді оқу жабдықтарын жасайтын және өндіретін «Учтех-Профи» шағын инновациялық кәсіпорны құрылды. Оқу жабдықтары жалпытехникалық және жаратылыстану-ғылыми пәндері, электротехника мен электроника, радиотехника, тағы басқа да оқытудың барлық негізгі бағыттары бойынша дайындалады. Оқу құралдарын жасау ісі жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын тарта отырып жүргізіледі.
Соның нәтижесінде студенттер оқу барысында дайындаған зертханалық жұмыстар тізімі оқу бағдарламалары мен білім стандарттарынан бір де кем соқпайды. Ресейлік ғалымдардың қолынан шыққан ғылыми зерттемелерді коммерциялау механизмін алдағы уақытта зерттеп, ғылыми-зерттеу қызметінде пайдалану қазақстандық білім ордалары жұмысындағы басты бағыттың бірі болса дейміз. Мысалы, Оңтүстік Урал мемлекеттік университетінің жүргізіп отырған жұмыстары Ресейдің білім-ғылым саласындағы әлеуетін елестетеді. Онда тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар қолға алған істің теориясынан құжаттық жобасына дейін жоғары деңгейде атқарылады. Өздерінің инженерлік ғылыми-ағарту орталықтарында тәжірибелік үлгілер құруда, университет жанындағы шағын инновациялық кәсіпорындар базасында сериялық өнім өндіруді ұйымдастыруда білім ордасының қалыптасқан тәжірибесі бар.
Технологияларды коммерцияландыру шеңберінде бүгінгі кәсіпорындарда кездесе бермейтін заманауи ерекше құралдарды пайдалана отырып, тек авиация саласында, қорғаныс өнеркәсібінде, металлургия мен машина құрастыруда қажетті дәлдігі жоғары әрі жекелей шығаратын бөлшектерді, жабдықтар мен құралдарды өндіру жолға қойылған. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикасына инновациялық жаңалықтар енгізудің жоғары тиімділігін қамтамасыз ететін қуатты «инновациялық белдеуді» тізе қосып дамытуға мүмкіндік береді.
Егер Қазақстанда бұл үшін институттық негіз қаланғанын, оның ішінде «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданғанын ескерсек, осы бағытта ынтымақтаса жұмыс істеуді жеделдету қажеттігі өзекті деуге болады.
Ректорлар кездесуінің ауқымдылығы, пікір алмасулар мен талқыланған тақырыптардың өзектілігі және жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамытуға инновациялық көзқарас екі елдің білім беру саласындағы маңызды жаңғыруларға кепіл болары анық. Бұл бүгінгі уақытта көрші елдердің білім ордалары мен экономикасының қанаттаса дамуына итермелейді.
Абдрахман НАЙЗАБЕКОВ,
Рудный индустриялық институтының ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор
ҚОСТАНАЙ