«Ажал – бір жол, аттап етпек айла жоқ, Өткен адам қайта келмес, қайла жоқ», дейді Мағжан Жұмабаев. Қаралы хабар қабырғаны қайыстырды, омыртқаны ойсыратты. Жер бетінде шашырап жатқан бүтін қазақтың рухани бастауын іздеп, маңдайын тірер бірден бір қасиетті жер – данышпан Абайдың қорық-мұражайының шырағының өшпеуіне бүкіл ғұмырын арнаған Төкен Ибрагимов ақсақал дүниеден озды.
Кешегі күннен жүйрік ештеңе жоқ. Төкен ақсақал көкірегі көмбе, қазына қария еді. Дана Абайдың дария дүниесінің үзілмес сабақтастығының дәнекері еді. Қазақтың әдеби, мәдени дүниесінде ойып тұрып орнын табар мұра қалдырған дарабоз ғалым еді.
Абыз ағамыздың қайтыс болуына байланысты ақсақалдың туған-туыс, жақын-жұрағаттарына, бүкіл Семей өңірінің халқына қайғырып көңіл айтамыз.
Ақсақалдың жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай.
Әуезовтер әулеті