• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2011

Жаһанды жаңғыртқан жол

388 рет
көрсетілді

«Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы құрылысы ел мен елді жақындастырып, жаһан даланы жаңғыртудағы жасампаз жоба * * * ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫНА ШЫҒАРАТЫН ЖЕЛІ Туған еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын эко­но­микамыз дамып, халқымыздың әлеуметтік жағ­дайы саласында да үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем таныған сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесінде сыртқы байланыстарымыз да биік белестерге көтерілді. Және ол еліміз, халқымыз үшін, келешек үшін өз жемісін беруде. Соның бір айқын дәлелі Елбасы күш-жігерімен өмірге келген, мұнайлы өңір ғана емес, кең-байтақ Қазақстан үшін маңызы ерекше «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» теміржолының құрылысы дер едім. Нық сеніммен сөйлеуімнің себебі, өмір жолым түгелге жуық темір жол саласымен байланысты. Сонау 70-жыл­да­ры темір жол құрылысы тресін басқардым. 2002-2006 жылдары «Алтынсарин – Хромтау» темір жолы құрылысын салуға басшылық жасадым. Елбасы Жарлығымен омырауыма «Парасат» орденін қададым. Ол кездердегі өмірге келіп, жүзеге асқан жұмыстар да ауқымды еді. Елдегі қарым-қатынас жүк тасымалына қосатын үлесі ерекше болды. Дегенмен, осы жолғы қолға алған теміржол құрылысын салудың екпіні де, мән-маңызы да дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей-ақ болып отыр. Елбасы 2009 жылы жұмысты бастауға пәрмен бергеннен-ақ аптап ыстық тұмшалап тұрған айдалада еңбек көрігі қызды. Жасыратыны жоқ, қиындықтар да кездесті. 146 шақырымдық жол­дың табанына топырақ үйіп, болат рельстерді төсеу­дің әрбір кезеңі қалай өткені қазіргідей көз алдымда. Ендігі көрінісіне көз салсақ көңіл толқиды. Темір жол желісімен бірге екі станса, бес темір жол бекеті және де оларды су, газбен қамти­тын инженерлік-инфрақұрылымдық мақсат­тағы ны­сан­дар әлеу­мет­тік-тұрмыстық орындар бой көтеруде. 146 шақы­рым­ға созылып жатқан жол желісі бойындағы жаһан дала жаңғырып келеді. Жол бойындағы ең ірі «Болашақ» станса­сын­дағы құры­лыстар арасында вокзал үйі, әкім­шілік ғимарат­тары, мектеп, балалар бақшасы, сауда, тұрмыстық-мәдени орындар саны елуге жетпекші. Ал күні кешеге дейін көзге іліне бермеген «Өзен» станса­сы­ның келбеті кереметтей өзгерді. Әдемі вокзал үйі жолаушыларды қабылдап, 38 пәтерлі көп қабатты үй болашақ иелерін күтуде. Орта мектеп пен балалар бақшасы да бітуге таяу. Жалпы, аталмыш құрылыс нысандарында 2000-нан астам адам, 800 әртүрлі техника жұмыс жаса­ды. Бұл күндері әрбір станса мен темір жол бекеттеріне су құбырлары тартылды, «көгілдір отын» желісін жеткізу жұ­мыс­тары аяқталуға жақын. Жалпы, жоба бойын­ша жүзеге асатын құрылыс-монт­аж жұмыс­тары келесі жылдың мамыр айын­да аяқталады. Сол кезде жергілікті тұрғындардан жұмысқа қабыл­данатын 800 теміржолшы жоға­ры­да айтқан сайлы мекен-жайларда тұрып еңбек ететін болады. Ал біз әңгіме еткен халықаралық маңызы бар алып құрылыс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына деген ерекше тарту, ел мерейін өсіре түскен жасампаз жоба екені сөзсіз. Тыныштықбай ӘУЕСБАЕВ, «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы құрылысының бастығы. * * * ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН КЕЛГЕН КЕРЕМЕТ Алғаш «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы салынады, ендігі жерде Түркіменстан, Иран асады екенбіз дегенді естігенде оны ертегідей көргенбіз. Өйткені мен 40 жылдай темір жол саласында еңбек еттім. Біраз жылым Атырау облысындағы Сағыз темір жол стансасында өтті. Кешегі Кеңес дәуірінде де Қазақстанда мұндай ірі жобаны көрмек түгілі естігеніміз де жоқ. Соған орай жоғарыда айтылғандарға сене қоймадым. Енді бәрі басқаша, көрген түстей болды. Біле-білген адамға бұл қазақ елі тәуелсіздігінің санаулы жылдар ішінде қол жеткізген табыстарының жемісі. Сондай-ақ әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазыналы аймақ адамдарына деген ерекше көңілі мен қамқорлығының шынайы көрінісі деп те ұғуға болғандай. Елбасы тапсырмасына орай қаншама жұмыс атқарылғанын тізбектеп шығудың өзі қиын. Бұрын Өзен стансасы арқылы күніне 2-3 пойыз жүретін-ді. Енді оның саны 10-12-ге дейін жетеді екен. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған, барлығы да компьютер арқылы атқарылады. Мен зейнеткерлік демалыста болғаныммен жолдасым пойыз құрастырушы Шылбырбай мен ер жеткен үш баламның жағдайын ойлаймын. Осы жол салынады деген соң стансада 38 пәтерлі үй, 270 орындық балабақша салынып пайдалануға берілді. Жаңа вокзал, кеңсе үйі, айналым депосы бой көтерді. Осындай оң өзгерістерге қуана отырып, ата-бабаларымыз армандап қолымыз жеткен Тәуелсіздігіміздің туы биіктей берсін деген аналық тілек тілеймін! Нұрзила ҚАПАШОВА, ардагер-теміржолшы. * * * ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ ҚҰРЫЛЫС Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтетін биылғы жыл біздің аймақ адамдары үшін толағай табысқа толы ерекше есте қалатын жыл болғалы тұр. Себебі, соңғы жылдары Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баевтың қолдауымен өмір­ге келген «Жер-Теңіз-Ас­пан» ықпалдастырылған ме­гажобасы бойынша кө­лік-логистикалық кластерін дамыту қарқын ала түсті. Аймақ үстімен «Сол­түстік – Оңтүстік» және «ТРАСЕКА» халық­аралық дәліздері өтетін қазыналы түбек тоқсан жол­дың торабына ай­на­лып, аймақ адамдарының келешекке деген сенімін нығайта түсуде. Ірі де жасампаз жобалардың ішінен ерекше міндеті бар Парсы шығанағына жол ашатын «Өзен – Түркіменстан мем­лекеттік шекарасы» темір жол торабын ерекше атап көрсетпеске бол­май­ды. Серпінді жобаның тап­сырыс берушісі «Қа­зақ­­стан темір жолы» ұлт­тық компаниясы» акционерлік қоғамы болып та­былады. Мыңдаған адамдар мен ондаған құрылыс ұйымдары жұмылды­рыл­ған алып құрылысқа ай­маққа ғана емес еліміздің өркендей түсуіне де соны серпін беретін жоба деп зор сенім артылуда. Темір жол желісінің қазақстандық бөлігін салуға бөлінген қаржы, яғни «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» жобасының жалпы құны 65 млрд.теңгені құрайды. Темір жолдың қазақстандық бөлігінің ұзындығы 145 шақырымды алып жатыр. Бұл 2007 жылы Иран, Қазақстан, Түркіменстан президенттері қол қойған декларацияға сай салынатын «Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган» темір жолының бір бөлігі ғана. Жалпы ұзындығы 685 шақырымды құ­райтын желінің 470 шақырымы Түркі­менстан, 70 шақырымы Иран мемлекеттеріне тиесілі. Темір жол желісі аяқталғанда Парсы шығанағына Иран – Түркіменстан шекарасындағы Сарахс арқылы шығатын жол 600 шақырымға қысқарады. Оның үстіне «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі арқылы өтетін транзиттік байланыс Солтүстік – батыс Еуропаны Каспий маңайы елдерімен, сондай-ақ орталық Оңтүстік-Шығыс Азияға жалғасып әрі арзан, әрі қысқа жолға түседі. Ал қазақ елі жаңа темір жол арқылы мұнай, астық, қара металдарды экспортқа шыға­рып, қайтар жолда Иран Ислам Респуб­ли­касынан химия өнеркәсібінің тауарлары мен азық-түлік өнімдерін, тұрмысқа қа­жетті құрал-жабдықтарды тұрақты әрі екі елге де тиімді түрде жеткізетін болады. Мерекелі жылы өз межемізден шығу үшін жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Оған «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин тікелей басшылық жасауда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірнеше мәрте кеңес өткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов басқаратын штабтың көшпелі мәжілісінде темір жол желісімен қатар оның бойында болатын елді мекен­дердің құрылысы мен инженерлік инфра­құрылымы туралы жиі-жиі кеңестер өтті. Бұл күндері жасанды ғимарат­тарды салу, инженерлік-коммуникацияларды құру, т.б. жұмыстар толықтай аяқталды. Шек­арадағы «Болашақ» стансасына су құбыры тар­тылды. «Көгілдір отын» желісін жеткізу қар­қынды жүруде. Екі станса, бес темір жол бекетінде салынатын әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жоспарға сай пайдалануға беруге толық мүмкіндік бар. Жоба аясында Өзен темір жол стансасы да айтарлықтай жақсы өзгерістерге ұшырады. Өйткені халық­аралық сапар осы стансадан бастау алады. Темір жол бойындағы басқа да елді мекендер де  ретпен салынып, онда тұрып еңбек ететіндерге де қолайлы жағдайлар жасау жүзеге аспақшы. «Өзен – Түркі­мен­стан мемлекеттік шекара­сы» темір жол торабы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында пайдалануға беріліп, еліміздің абыройын асқақтата түсетін ерекше құбы­лыс болғалы тұр. Аманғали ШАМШАДИН, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы. * * * ТАТУ КӨРШІЛІКТІҢ ТЕМІРЖОЛЫ Маңғыстаудың ғана емес, тұтас еліміздің қарқынды дамып, экономикасының өрлей түсуіне соны серпін беретін «Өзен –Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісін салу 2007 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың көрегендік бастамасымен қолға алынған болатын. Сол жылы 16 қазанда Тегеранда өткен кездесуде Иран Ислам Рес­публикасының Президенті М.Ахмединежад, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Назарбаев, Түркіменстан Президенті Г.Берді­мұхаммедов «Өзен – Қызылқия – Берекет –Этрек – Горган» темір жол желісі құрылысын салу жөніндегі біріккен декларацияға қол қойды. Декларацияға қол қойған кезеңнен 2 жылдан кейін, 2009 жылы қыркүйектің 28-інде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісі құрылысын бастауға пәрмен берді. Бұл темір жол желісі Елбасының, Үкімет басшысының на­зарын­дағы ерекше нысандардың бірі. Өткен жылы маусым айын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келгенде көптеген ірі инвестициялық жобалар­дың тұсаукесеріне қатысқаны есте. Сол жолы телекөпір арқылы Елбасымыз «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісінде атқарылып жатқан жұмыстарға да зер салды. Ал желтоқсан айында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облысқа жұмыс сапарымен келгенде темір жол құрылысының са­лыну барысымен танысып, ең ірі «Болашақ» темір жол станса­сын­да болды. Аталмыш темір жол «Солтүстік-Оңтүстік» халық­ара­лық транзиттік дәліздің бір бөлігі ретінде ел өнімдерін Парсы шығанағы маңындағы мемлекеттерге жеткізуге мол мүмкіндік бермекші. Сондай-ақ Қазақстанды Қытаймен байланыстырып, Кеден одағындағы әріптестері Ресей және Беларусь мемлекеттері өнімдерін де Парсы шығанағы және Иранның теңіз порттары арқылы халықаралық рыноктарға тікелей шығарады. Бұл бағыт Армения, Грузия арасындағы тауар алмасуды жеделдетіп, Орта­лық Азия мемлекеттерімен де сауда қатынастарын жақсарта түседі. Сөйтіп, Қазақстан осы темір жол арқылы Таяу Шығысқа жақындай түсіп отыр. «Шығыс – Батыс» дәлізі бойынша ТРАСЕКА-ның қазіргі маршрутының қашықтығын қысқарту үшін «Жезқазған-Бейнеу» темір жол желісі құрылысының жобасын жүзеге асыру жолдың «Бейнеу – Шалқар» учаскесі концессиялық негізде салу қолға алынуда. Осы ауқымды да аса маңызды жасампаз жобалар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге жүргізілуде. Қазыналы түбек атанған мұнайлы Маңғыстау осынау ерекше екпінді жобалар жүзеге асқанда тоқсан жолдың торабындағы халықаралық көлік дәлізіне де айналмақшы. Ал «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісі үш мемлекет аумағынан өтетін «Солтүстік-Оң­түс­тік» темір жол дәлізінің бір бөлігі. Ол дәліздің жалпы ұзын­дығы 951 шақырым, соның 146 шақырымы қазақстандық бөлігі болып есептеледі. Жоба бойынша 146 шақырымдық темір жол бойында екі станса, бес жол бекеті салынып, олардың инфра­құры­лымдарын жүзеге асыру міндеті қойылған. Жобаның жал­пы құны 65 млрд. теңге. Бұл күндері 48,6 млрд. теңгенің жұ­мы­сы атқарылған деп айтуға болады. Құрылыс-монтаж жұмыс­тарын жүзеге асыруға 2250 адам тартылған. Шекараға таяу жердегі «Болашақ» стансасына Ақтауға іргелес «Маңғышлақ» стансасында оптикалық байланыс жүйесі толықтай тартылып, жол бойындағы барлық нысандар байланыс құрал-жабдық­тармен қамтамасыз етіліпті. «Болашаққа» су құбырын тарту аяқталып, газ құбырын жеткізу қарқынды жүруде. Сөйтіп, осы­нау серпінді де жасампаз жобаның нәтижесінде Маңғыс­таудың маң даласында жүздеген адамдар жайлы тұрмыс құрып, өмір сүретіндей жеті елді мекен пайда болды. Олар «Болашақ», «Бопай» стансалары, Бестөрткүл, Құрмаш, Тайғыр, Ақбөбек, Бастау деп аталады. Осы жоба шапағатымен Өзендегі 100 жолау­шыға арналып салынған темір жол вокзалы үйі адам таны­мас­тай күйге енген. Пойыздар тоқтайтын атшаптырым алаңқай әсемдігі Теңге кентінің, ал аймақтағы алғашқы темір жол үстін­дегі көпір Өзен тұрғындарының қауіпсіз жүріп-тұруларына жол ашқан. Қорыта айтсақ, бұл көпшіліктің көңілінен шыққан нағыз халықтық жоба  деп айтуымызға әбден болады. * * * ЖАСТАРДЫҢ ОРНЫ – АЛҒЫ ШЕП Мен тыныс-тіршілігі темір жолмен тығыз байланысты өл­ке Қызылорда облысының Қа­за­лы қаласында туып-өстім. Бала кезімнен бастап-ақ темір жолға үйір болдым. Қырық жыл тепловоз машинисі болған әкем Зұлхарнай сияқты болуды армандадым. Сол арман жетегінде темір жол техникумының энергетика факультетіне түсіп, білім алдым. Жолдасым Ләззат та теміржолшы. Егер Маңғыс­тау жеріндегі серпінді жоба өмірге келмесе, мүмкін сол жер­де бір сарынды өмір кешіп жүре берер ме едік деп те ой­лаймын. Міне, өзім куә бол­ған төрт жыл ішінде тамаша бағ­дарламалар аясында өңірге өң кіре бастады. Жоба-жоспар­лар­дың келешегі тіпті керемет. Олай дейтінім, күні кешеге дейін пойыздардың соңғы тоқ­тай­тын жері Өзен стансасы еді. Енді жұмысшы пойыздары Түр­кі­менстан шекарасына дейін жүре бастады. Ертең-ақ Иранға, одан әрі Парсы шы­ға­нағына жетеді. Мен сол күннің жақындай түсуі үшін жұмыс жасап жүргендердің бірі екенімді мақтан тұтамын. Бұрын екі бөлмелі ескі үйде тұратын едік. Енді бағдарлама аясында жаңадан салынып, ішіне тұр­мысқа қажеттің бәрі қойылған жаңа пәтерге кіргелі отырмыз. Мектеп жасына дейінгі екі баламызға жақында пайда­лануға берілген балабақ­шадан орын алдық. Табысымыз жақ­сы. Көңіл-күй көтеріңкі. Бізге берілген мүмкіндіктер үшін басшыларға алғысы­мыз­ды айта отырып, ендігі жердегі мақ­сатымыз тек  жемісті жұ­мыс жасау деп ойлаймын. Яғни, біздің орнымыз – алғы шеп. Сонда біздің өңірі­міз­де де, өмірімізде де оң өз­герістер көбейе түсеті­ніне күмән жоқ. Мәлік ПАНАБЕК, теміржолшы. __________________________

Материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ.