Сол күн облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің биылғы түлегі Римма Ковалева үшін ең қуанышты, ең бір ұмытылмас сәт болғаны анық.
Қазір шетелдердегідей біздің елімізде де кәсіпкерлікті студенттік аудиториядан бастау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Римма да солай студент кезінен қолдан көбелек-галстуктер жасады. Бәрімізге белгілі, галстук қай уақытта болсын ер адамның гардеробындағы ең сәнді аксессуар. Әртүрлі үлгілері бар. Мысалы, көбелек-галстукті сәндік мақсатта смокингпен немесе фракпен тағады. Ал Римма Ковалева өзінің замандастарына үлгі көрсетуде. Ол университет қабырғасында жүріп-ақ жеке кәсіпкерлік жолын бастады. Өз қолымен жасаған брендтік галстуктерін «Rimmini» аталатын сауда белгісімен сатуды қолға алды.
Туризм және дизайнер саласы бойынша білім алған Римма студент кезден-ақ оқу орнының жұмысына белсене араласты. Оқытушыларының айтуынша, 1-курстан бастап Start-up академия курстарына қатысып, өзін жақсы қырынан таныта біліпті.
Әлі есімізде, 2016 жылы қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға сапармен келгенде, С.Торайғыров атындағы университеттің Стартап академиясында «Студенттік кәсіпкерлік жобалардың» тұсаукесер рәсіміне қатысты. Салтанатты шара кезінде күтпеген жағдай болды. Римма Ковалева Елбасына екі көбелек-галстук сыйға тартты.
– Қатты қуандым, Президент бірден қолына алып, өлшеп көрді. Біреуі – алтын түстес бисер жылтырақпен ұлттық стильде жасалған. Екіншісі, салтанатты қабылдауларға арналған қара түсті. Елбасына ұсынған тартуым өте ұнады, қызыға қарап көрді. Мемлекет басшысының қарапайымдылығына таңғалдым, – дейді Римма.
Университеттің Стартап академиясында болған осы кездесуінде Елбасы «Қазіргі уақытта мемлекет бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Әлемнің көптеген елінде жастарға студент кезінде өзінің стартап-жобасын бастап, жоғары оқу орнын бітіргенде бірталай жетістікке жетуге мүмкіндік беретін тәжірибелер бар. Мұндай жағдай еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының студенттері үшін де жасалуға тиіс», деген болатын-ды.
Жастайынан кәсіпкерлікке бейімделген Римма үшін бір галстук жасауға 40 минуттай, жылтырақпен, басқа да күрделі түрлерін жасау керек болса, бұдан көбірек уақыт қажет болады. Төлтума тауарларын 2 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейінгі аралықта бағалаған. Матаны интернет арқылы тапсырыс беріп, Норвегиядан сатып алып жүрді. Студент кезінде 800-дей «көбелек» сатыпты.
Әрине әрбір студент Start-up жобасына қосылар алдында ойланады. Римма да сөйтті. Көбелектерін жасаудан бұрын, дизайнерлік бюро құрды, қолмен жасалатын бұйымын кесіп-пішіп шығаратын шеберхана керек болды. Көбелек ені бойынша жаға шетінен асып кетпеуі тиіс. Басқа да ойланатын жайлары баршылық. Сөйтіп таңғаларлық қызықты бір жоба өмірге келді7
Елбасы айтқандай, осындай студенттік стартап жобалар аудиториядан кәсіпкерлікке апаратын баспалдақ. Мысалы, «Rimminiдің» брендтік галстуктерін әлеуметтік желілерден сатып ала аласыз. Сондықтан Ресейден бастап, барлық ТМД елдері, Норвегия, Италия, Франция, Германия, тіпті Малайзия, Сингапурде де Римманың «көбелектері» «ұшып» жүр. Тапсырыстардың әрине жөні бөлек, «көбелектерін» сыйлайтын достары да өте көп екен. Ең бастысы, «Rimmini» «көбелектерін» тағып жүрген ерлер аз емес. Студент қыз «көбелектерін» ақша табу үшін емес, адамдарға қуаныш, көңіл-күй, бақыт сыйлау үшін жасайтынын айтады.
Римма Ковалева биыл оқуын бітірді. Қазір шетелде өз білімі мен біліктілігін шыңдауда, тәжірибе жинақтап, кәсібін жалғастыруда. Осы жетістікке жетуге мүмкіндік берген Елбасының бір ауыз сөзі Римманың арманына қанат бітірген еді. Іске, сәт, Римма!
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР