• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Желтоқсан, 2017

Қазыналы қарттың батасы

772 рет
көрсетілді

Біле білген адамға өмірдің әрбір сәті өнеге, әрбір кезеңі үлкен тәжі­ри­бе мектебі. 

Дүниежүзі қазақ­тары­ның V құрыл­тайындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген терең маз­мұн­ды сөзінде: «...Біз Тәуелсіздік жыл­дарында алыстағы ағайынды қолдау­ды естен шығарған жоқпыз. Шетелден 1 миллионға жуық қандас­тары­мыз, бауырларымыз елге көшіріп алынды, оларға қолдан келер барлық көмек көрсетілді. Ол көш еш тоқтаған емес...», дегенде ел егемендігінің сонау алғашқы жылдарындағы Мемлекет басшысының қабылдауына Халифа Алтай ақсақалмен бірге барғаным есіме түсті. 

Ол оқиға 1994 жылдың 24 қара­шасында болған еді. Бұл ыстық ықы­ласты кездесуді Президенттің сол кездегі көмекшісі, белгілі қоғам қай­рат­­кері, саясаткер-ғалым Ақан Би­жанов ұйымдастырған болатын. Ол тұста мен Үкімет құрамындағы Дін істері жөніндегі кеңестің жауапты хат­шы­сы қызметін атқарамын. Маған күл­лі ислам жамағатының әйгілі діндар ғалымы, Құрани-Кәрімді тұң­ғыш қазақша сөйлетіп, Мәдина-Мүнаууар­рада 1 миллион таралыммен бастырған, атажұртты аңсап келген қандасымыз, қадірменді Халифа Алтайды алып келіп, арнайы қабылдауда бірге болу тапсырылды.  Сөйтіп сағат төрттің шамасында Президент резиденциясына бардық. Елбасының жұмыс кестесінің әрбір сағаты, әрбір минуты санаулы екенін білеміз. Одан ақсақал да хабардар. Жасыратыны жоқ, айтар сөзімізді, ойымызды алдын ала жұптап, жос­парлап дегендей, әзірленіп алғанбыз.  Қабылдау сағат дәл 17.00-де басталды. 

Президент бізді бір сағаттан астам уақыт бойы жеке қабылдап, емен-жарқын еркін әңгіме-дүкен құрды. Сол әсерлі кездесуде дін, діни тәрбие, ұлттық құндылықтар, ұлт­­тар арасындағы рухани келісім, әлем­­дегі бейбіт­шілік пен татулық жолын­­да барлық дәстүрлі діндер мен діни кон­фес­сиялардың күш-жіге­рін біріктіру қажеттігі, өзара діни сый­лас­тық, төзімділік, ынтымақтастық ұста­ным­дарын қалыптастыру саясаты­ның өзекті мәселелері жөнінде әңгіме өрбітті. Қазақстанда Әлемдік діндердің келісім орталығын құру, өз еліміздің барлық деңгейдегі оқу орындарына арнайы «Дінтану» пәнін енгізу, сол пән бойынша мамандар даярлау жайы да назар­дан тыс қалған жоқ. Әсіре­се сан ғасыр­лық тарихы бар әртүрлі іргелі діндер, рухани мәде­ниеттер мен өркениет­тер ара­сын­­дағы бейбіт байланысты жү­зеге асыру қа­жеттігіне, олар­дың өзара үнқа­ты­суын, ынты­мақ­тас­тығын біздің мем­ле­ке­тімізде ұйымдастырудың маңыздылығына да Елбасы айрықша тоқталған еді. 

Міне, содан бері 23 жыл зымырап өте шы­ғып­ты. Сол кездегі ордалы ой­лар­­дың бүгінде кезек-кезегі­мен іске асы­­­ры­­лып жатқанын көрген­де еріксіз риза бо­ла­сың. Ресми қабыл­дауда сек­сен­­нен ас­қан қария Халифа Алтай Мем­лекет бас­шысының аса биік өрелі аза­мат­­тығына, ерекше ілти­­па­тына, кішіпе­йіл­­ділігі мен қара­па­йымдылығына, па­йым-парасатына дән риза болып, ақжарма ақ батасын берген еді. 

Кейіннен діндар ғалым «Ел мен Елбасы» (2003 ж.) кітабындағы «Ата­жұрт­­пен қауышу» атты көлемді мақа­ла­сын­да сол терең мазмұнды кездесу жай­­лы шынайы көңілмен алғысқа толы жылы лебіздерін айтып, игі тілектерін біл­діріп­ті. Онда менің де аты-жөнімді атап, бірге болғанымызды жазыпты. «Білек түр де еңбек ет, етек түр де ел­ге жет», деп баяғы бабаларымыз айт­пақ­­шы, бұл да қазыналы қарттан қалған үлгі-өнеге. 

Бақтияр СМАНОВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі