• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Желтоқсан, 2017

Тұңғыштарға тұғыр болған Теміртау

1224 рет
көрсетілді

Табиғаты аспанмен астасқан асқақ Алатауда туып, Теміртаудан тегеурінді екпін алған, танымы соншалықты терең парасат пен пайым иесі Елбасының ерекше қабілеттері мен ең алғашқы қарлығаш қадамдарын толық танып, терең зерделеу ұрпақ аманаты деп білген жөн.

Тұңғыш Президентіміздің тұлғалық кескінін айқындаған сайын тұтас бір дәуір тынысы көз алдыңызға келіп, та­рихтың қатпар-қатпар қабаттарына бойлай, білген сайын биіктеп, түсінген са­йын тереңдей түсесіз.

Оған алдымызда келе жатқан Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­ден­ті күні мерекесіне орай Теміртау қаласын­дағы Тұңғыш Прези­дент тарихи-мәдени орталығында болған уақытымызда анық көзіміз жетті.

Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталық директорының негізгі істер жөніндегі орынбасары Нәзира Ілия­сованың айтуынша, тұңғыштарға тұғыр болған Теміртаудың қазіргі жүрегі осы – мұражай.

Алтындалған алты залдан тұратын алып ғимаратқа енген бетте Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі Қазақстанның ер­кін де асқақ рухы алдыңыздан қар­сы алады. Көз алдыңыздағы әрбір экс­по­зиция Қазақстанның барлық жетіс­тіктерін ашып көрсетуге мүмкіндік беріп тұрғандай. Биік қабырғаларға салынған әрбір сурет бейбітшілік сүй­гіш, гүлденген бүгінгі Қазақстанға ар­нал­ғаны анық.

Витриналардағы мемлекеттің ма­ңызды белгілерінен бастап, ұлттық валюта – теңгенің тұңғыш шығарылымы дейсіз бе, жалпы Қазақстанның жаңа тарихының оқиғалары түгел баяндалған бірегей жәдігерлер жанды толқытпай қоймайды.

Сөзіміздің басында «Тұңғыш» деген сөзді таңдай мен тіл бірнеше рет айтып қалған. Сол сөзді бүгін ішімізден де, сыртымыздан да қайталай беруіміз заңды сияқты. Себебі, біз аталған мұражайға енген бетте тарих баспалдақтарын бойлай ол сөзді бірнеше мәрте құлағымыз шалды. Айталық, біз Елбасы жөнінде жазылған тұңғыш мақалалардың бірі қай газетте қашан шыққанын біреуіміз білсек, біреуіміз біле бермейміз. Соны­мен қатар, Қазақстанның тұңғыш шо­йынын қорытқандардың ішінде егемен еліміздің Тұңғыш Президенті де жүр­генін бүгінгі таңда мақтанышпен айтуы­мыз  керек. Және біз айтып отырған құн­ды жәдігерлердің осы мұражайда сақ­тау­лы тұрғаны тануға құмар танымды тағат­сыздандырып бара жатқаны белгілі.

Бізді тарихтың тереңіне бастаған мұра­жайдың қызметкері Қуаныш Тыны­бек есімді азамат. Ол осы мұражайдың алғашқы кірпіші қаланғанда құрылысшы болып, кейін орталықта қызметкер лауазымында жұмыс істеп жатқанын айтып, бізді бір қызықтырып тастады. 

Не керек, орталықтың оң жақ залына өткен біз алдымен  Н.Назарбаевтың оқу­шылық және студенттік жылдары туралы баяндайтын фотосуреттермен танысып шықтық. Мақтау қағаздарымен және «Доменстрой» құрылыс басқармасына жұмысқа берілген жолдамамен таныса келе, «Мұнда еліміздің екпінді құ­рылысы – Қазақстан Магниткасы бой көтеруде» деп жазылған қызыл қақ­­па­­дан өттік. Бұл қақпаның маңыз­ды­лығын сұрағанда, мұндай қақпалар ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Теміртау қа­ласының барша кіре беріс жерлерінде орнатылғандығынан ақпар алдық. Сол кезде мақсатты да табанды, өзіне та­лап қойғыш, жаңалыққа құмар, бас­таған ісін аяғына дейін жеткізе білетін жас металлург Назарбаевтың бола­ша­ғы зор көшбасшы ретінде осы қақ­па­­дан Теміртауға тұңғыш аттағаны ай­қындалды. 

Теміртауға келген сапарында Пре­­зи­­­дент Назарбаевтың: «Магнит­ка­ның тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағ­дырыммен біте қайнасқан. Егер де менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашанда Президент болмас едім»,  деген сөзін мұражай қызметкері жатқа айтты.

Жаңағы қызыл қақпадан өткен бетте алдымызда өткен ғасырдың 50- жыл­дарындағы газеттер мен плакаттар ілінген жарнамалық қысқа ба­ға­на тұрды. Мұнда «Нұрсұлтан – жұ­мыс­шы адам» атты мақаласы бар «Со­циалистическая Караганда» газеті кө­зіңізге түспей қоймайды. Мақала авторы Д.Николаев деп жазылған. Мақала атал­мыш басылымның бірінші бетіне басылуы да тегіннен тегін еместігін ұқ­тырғандай. Фотосуретімен бірге ба­сылған мақала мәтіні суретте көрініп тұрғандай, көлемді берілгені де ерекше мән мен мағынаға ие екені белгілі. Бұл сарғайған тарих парағынан біз тағдыр табалдырығынан төріне озған тұлға жолын тани бастағандай болдық. Сондай-ақ, витриналарға Қазақстан Магниткасының құрылысшылары бос уақытында пайдаланатын заттар, ай­талық Нұрсұлтан Назарбаев пен оның курстастары бірігіп сатып алған шахмат, домбыра, сырнай да сақтаулы тұр екен. 

Барлығымыз тарихтан біле­ті­німіздей, 1960 жылдың 3 шілдесінде металлургия комбинатының домна пешінен алғашқы шойын алынды. Бұл күн Қарағанды металлургия­ комбинатының туған күні болып есепте­леді. Витринаның ішін­де Қазақстан шойы­нының алғаш­қы құймасы, ерекше оқиға туралы әңгі­мелейтін «Ленинская смена» газетінің төтенше шығарылымы қойылған. Сон­дай-ақ Орталыққа келу­шілер армирлен­ген жіппен тігіліп, қалың шұғадан жасал­ған көрікшінің арнайы жұмыс киімін көре алады.

«Мемлекеттің индустриялық қуаты көп жағдайда металл қорытудың көле­мі­мен белгіленеді. Металл халық ша­руа­шылығының барлық салаларына қажет: одан диқанның соқасын да, хи­рургтің скальпелін де, ғарыш кеме­лерін де, Отан қорғанысының болат беренін де жасайды», деп жазады өзі­­нің «Қазақстанның құрыш кел­беті» атты кітабында Н.Назарбаев. Бү­гін­­гі таңда Қарағанды металлургия ком­­бинаты республикадағы толық ме­тал­лургиялық айналымдағы аса ірі кә­сіпорынға жатады. Ондаған жылдар өт­се де, Қазақстан Магниткасы Тұңғыш Пре­зиденттің ерекше бақылауында еке­ні белгілі. Тәуелсіздік жылдары Пре­зидент Н.Назарбаевтың қолдауымен кәсіпорында жаңа цехтар мен өндіріс­тер пайдалануға беріліп, ескілері жаңғыр­тылып, заман талабына сай өзгертілуде. Келесі зал металлургиялық өндірістің атмосферасын елестетіп және келушілерде кәсіпорынның ішінде жүргендей әсер қалдырады. 

Біз біраз уақыт өткенде мұражайдың келесі залдарына өткен едік. 

Мұражайдағы мұрағаттармен танысып жүріп, 2000 жылы Қазақстан Маг­ниткасының 40 жылдығында Н.Ә.Назарбаев мерейтойлық шойын бал­қытуға қатысқанын қайта есімізге алдық. Витринада осы оқиғаның сурет­тері мен Президенттің домна пешінің журналында қалдырған «Өзіндік құнын кеміту, көлемін ұлғайту, сапасын жақсарту қа­жет. Фосфор мен күкіртті азайту керек» деген жазбасы ұсынылған қолтаңбаны көрдік.

Тағдыры қоғамдық үдерістер және құбылыстармен ерекше үндес және олардан ажырамас тұлға өз заманының бет әлпетіне айналады. Осындай тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тарих толқынын кешкен болашақ көшбасшыны көп кешікпей Карметкомбинаттың металлургтері кәсіпорынның партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Өндірісті дамытудың қамын ойлаумен қатар, металлургия комбинатының партком хатшысы Н.Назарбаев тұрақты ұжым қалыптастыруды, тәртіпті нығайтуды, әлеуметтік қамсыздандыру мен қаланы дамытуды да естен шығармады. Өзінің іскерлігі мен жеке басының қабілетінің арқасында Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің басшы құрылымдарының жоғары эшелонының құрамына кіреді. Қазақстанның басына ауыр сынақтар түскен кезде Н.Назарбаев ел тағдырын шешетін жауапкершілік жүгін мойнымен көтерді. 1990 жылғы президент сайлауының нәтижесінде көпшілік да­уыс­пен Н.Назарбаев Қазақ КСР-нің Пре­зиденті болып сайланады. Мемлекет басына келген алғашқы күндерден бастап байыпты ыңғай мен саяси көрегендік танытқан Нұрсұлтан Назарбаев өте күрделі әлеуметтік-экономикалық және геосаяси жағдайдағы жас мемлекеттің қалыптасуы үшін бар күш-жігерін жұмсады.

Мұражайдың қабырғаларынан бастап әрбір үстелде болашақ Президенттің бел­сен­ді саяси қызметін сипаттайтын фотоматериалдар мен құжаттар ұсы­нылған. Фотоматериалдар мен құжат­тар Карметкомбинат пен Теміртау қа­ласының ХХ ғасырдың жетпісінші жыл­дарындағы даму тарихын ашып көрсетеді. Экспозициялық тумбаларда Н.Назарбаевтың әртүрлі кезеңдердегі қызметіне байланысты құжаттар беріл­ген. Бір сөзбен айтқанда, бұл мұражайға бас сұғып қана қоймай, бастан-аяқ аралап, қосымша керек ақпараттарды әр бөлмеге қойылған ақпараттық панельдерден маңызды саяси оқиғалардың хронологиясын біле алады екенсіз. 

Мұражай қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, Тұңғыш Президенттің тари­хи-мәдени орталығында экскурсия жиі өтеді. Маңайдағы ауылдар мен Қа­зақстанның басқа қалаларынан да адамдар көп келеді. Тіпті, Германия, Ресей, Беларусь, Украинадан да қонақтар болыпты. Көбінесе мектеп оқушылары ке­ле­ді екен. Мұнда шынымен көруге тұратын, оқитын дүние көп.

Әрбір экспозицияға қысқа ғана шолу жасап өткен кез келген адам Елба­сы­­ның мемлекет үшін атқарған ерен еңбегін таниды. Мұражайдағы ерекше әсерге бөлеп, елдік шежіресінен толық мағлұмат беретін бұл тарихи деректері мол мекенге жиі ат басын бұрып тұратын болдық.  Айта кетейік, мұражайға Прези­ден­ті­міз Нұрсұлтан Назарбаев екі мәрте келген. 

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,  Теміртау қаласы