• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Желтоқсан, 2017

«Киіктің қырылуына кене кінәлі»

843 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жылдың 6 қазанында жарық көрген санындағы «Парламент» бетіне сенатор Мұрат Бақтиярұлының Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа киіктердің қырылуының себебі мен аңшылыққа байланысты сауалы және оған берілген жауапты жариялаған едік. Онымен басылымның 200 мыңнан артық жазылушысынан басқа интернет арқылы 6 мыңнан астам адам танысты. Оқырмандар арасынан редакцияға хабарласқандар да көп болды. Солардың бірі – мал дәрігері, 33 жылдан артық ЖОО-да доцент, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарған, негізгі мамандығы вирусолог болғанымен кейін патологоанатом саласын да меңгерген, ветеринария ғылымдарының кандидаты, кейінгі жылдары республикалық зертханаларда бас маман, меңгеруші секілді қызметтерде болған Әділқасым ЖАҚЫПБАЕВ киіктің неден қырылғанын өз ұйғарымы бойынша түсіндіріп берді. 

– Киіктердің қырылу себебін анықтағандардың «ақбөкендер пастереллез деген ауруға ұшыраған» деген пікірімен сіз келіспей отырсыз, осы жөнінде таратып айтсаңыз.

– Пастереллездің бар екені рас, бірақ ол басқа аурудың себебінен, яғни қосанжарланған инвазиядан пайда болған екінші кезектегі дерт. Қырылған киіктердің терісінен, өкпесінен, бауырынан, бүйрегінен т.б. жерлерінен сынама алып, оны зертханадан тексергенде негізінен пастереллез шыққан. Зертханалар осы аурудың қоздырғышын тапқан соң бәрі де қырылудың себебі пастереллезден болған деп ұйғарған. Бірақ шын мәнінде олай емес. Егер киік пастереллезден қырылса – сол маңдағы басқа да малдар мен шөппен қоректенетін жәндіктер қырылар еді ғой. Олай болмаған. Киікті қырғынға ұшыратқан алғашқы себеп анықталмаған.

– Ал сіз қалай анықтадыңыз?

– БҰҰ Даму бағдарламасы мені алғаш рет 2011 жылы киіктің қырылуына байланысты жергілікті маман ретінде жұмысқа тартып, осының себебін анықтауды ұсынды. Ал өзіміздің басшылар жергілікті мамандарды көзге ілмей, киіктің ауруы түгіл өзінің не екенін білмейтін маманды Англиядан шақырған еді...

Маған аталған ұйым 2010 және 2011 жылдары Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында киіктердің неден қырылғанын зерттеген барлық 8 зертхананың материалдарын беріп, 1,5-2 айдың ішінде нәтижесін айтуды өтінді. Сонымен қатар олар киіктердің қырылуын бұдан әрі болдырмас үшін қандай ұсыныс жасайтыныңызды айтыңыз деді. Осы шартпен мен жұмысқа кірісіп кеттім. Киіктің қырылу себебін табу үшін зерттегендердің бәрі өлексенің өкпесінен, бауырынан және т.б. жерлерінен бір-бір түйір кесіп алып, зертханада анықтаған екен. Бұл әдіс жеткіліксіз.

Ежелден мал ауруының себебін табу үшін ең алдымен жергілікті жердегі мамандармен, тұрғындармен, ақсақалдармен сөйлесіп, мұндай оқиғалар бұрын болып па еді, қай жылдары болған еді, киік қай кезде өлді, көп қырылған киіктің анасы ма, құралайы ма, текесі ме, аурудың қандай белгілері болды, аузынан көбік ақты ма, сілекейі шұбырды ма, іші кепті ме, өздеріңіздің малдарыңыз ауырған жоқ па, полигонның бұлты жуық емес пе, ауа райы қандай болды және т.б. мәселелердің бәрін сұрап, акт жасау керек еді. Мұны эпизоотологиялық зерттеу деп атайды. Ол індеттің тарихын танып, білу үшін жасалатын бірінші құжат. Екіншіден, киіктердің өлексесін ғана емес, ыңқылдап өлгелі жатқанын да толық зерттеу керек. Оның температурасы, жүрек-қан тамырының соғысы, көзі, аузы және т.б. тексеріледі. Мұны клиникалық зерттеу дейді. Бұған да арнаулы акт жасалады. Ал өліп жатқандардың біреуін емес, оншақтысын қатар сою керек. Оның да арнаулы әдісі бар, схемамен сойылады. Мұнда терісінің асты мен үстінде, ауыз-кілегейінде, ішін жарғанда өкпеде, бауырда, жүректе т.б. жерлерінде қандай өзгерістердің бар екендігі анықталады. Жасалған жұмыстың бәрі қағазға түсіріліп, «өлгеннен кейінгі зерттеу» деп хатталады. Сөйтіп алдын ала, болжамды диагноз қойылады. Сосын осыларды аусыл, қарасан, топалаң, улану, құтыру және т.б. ауру түрлеріне жата ма деген сұрақтар қойып, зертханаға жөнелтеді. Сонымен бірге әр ауруға алынатын сынамалық материал бөлек болуы керек және оларды бүлінбейтін әдістермен (олардың бірнеше түрі бар) зертханаға жеткізеді.

Өкінішке қарай, маған берілген барлық материалдарда мұндай тексерістер болған жоқ, тек сынамалық материалдарды алып, зертханаға тартқан. Ал бұл материалдардан пастереллездің қоздырғышы шыға келген. Ондайлар сау малда да болатынына қарамай, бәрі де киік пастереллезден қырылған деген қорытынды шығарған. Мен БҰҰ-мен екінші рет, 2015 жылы шартпен жұмыс істегенде «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ» зерттеу қорытындысынан пастереллезден басқа энтеротоксимия (қазақшасы жыбырлақ) және тейлериоз деген екі ауруды тапқандарын көрдім. Алайда олардың орындары көрсетілмеген. Мен осы аурулардың қайсысы бірінші, қайсысы екінші екенін анықтап, орын-орнына қойдым.

– Осыны таратыңқырап айтсаңыз...

– Көктем ерте шыққан жылдарда тейлериоздың қоздырғышы – кенелер тіріле бастайды. Киіктер орын ауыстырғанда бірінің соңынан бірі жүріп, іздерін жол қылып алады. Ал түнде олар шөпті жерге жатпайды, тақыр жерге, сонымен қатар саршұнақтар қопарып тастаған орындарға жатады. Кенелер қыстан осы саршұнақтардың індерінде жатып шығады. Саршұнақ пен кененің осылай бірлесуі биотопқа жатады. Міне, осы биотоптағы кенелер жылы жер болған соң киіктердің денесіне жабысады. Кене шаққан соң орта есеппен 4 күннен 30 күнге дейін инкубациялық кезең болады. Киік осы кезеңде бірте-бірте ауырып, қан жүйесі бұзылып, одан әрі қызыл қан түйіршіктері жойылады. Ас қорыту жүйесі де бүлініп, ішкен асы быжып, қарны кебеді. Осы аурудың салдарынан пастереллез де пайда болған. Сондықтан киік қырылуының негізгі себебі – кенеден болған тейле­риоз ауруы деп нық сеніммен айта аламын. Оның тағы бір дәлелі – текелердің ауырмай, тек ұрғашыларының қырылуы. Текелер солтүстікке қарай кене тірілмей тұрғанда өтіп кетеді. Ал аналықтар соңынан келеді. Көктем ерте келіп, күн ерте жылынса кене тағы да ерте тіріліп, киіктерді тағы да шағады...

– Ал енді осы кенені қалай жоюға болады?

– Ол үшін Үкімет бар-жоғы 35-40 млн теңге қаражат бөліп, киіктің Бетпақдала арқылы солтүстікке көшетін жолдарының картасын жасап, сол жерлердегі, сосын Бөкей Ордасынан Нарын құмы арқылы Жәнібекке шығатын жолдарындағы кенені қыру керек. Ондай жолдар көп те емес, қаражат бөлінсе, бұл жұмысты мен-ақ басқарып, атқарайын. Еріктілер мен жергілікті жерлердегі мамандардан экспедиция жасақтап, киіктің жолдарын табайық. Оны табу қиын да емес, соқпақ болғаннан кейін көрініп жатады, деп Үкімет басшылығына, тиісті орындарға хат та жаздым...

– Киіктің жолдарын табарсыздар-ау, ал кененің нақ қай жерде екенін қайдан білесіздер?

– Оның әдісі былай: киіктің соқпағының бойымен жүріп отырғанда қай жерде саршұнақ тышқанның індері көп болса, кене сол жерде болады. Қыста кене сол індерге жасырынып, суықтан жан сақтайтынын айттым. Кененің саршұнақ, тышқандарға зияны болмайды. Басқа жан-жануарларды шаққанда 400-ге жуық арбавирус ауру түрлерін тудыратын кене өзіндей басқа зиянкеске ауру тудырмайды...

Міне, осындай жерлерге кенені жоятын дәрілер шашылады. Сондай-ақ түтін құтысын да қолдануға болады. Күкіртті түтін жіберсе кенелер қырылып қалады. Сонымен қатар саршұнақтардың індері көп болса ұзыны мен көлденеңінен бір-бір шақырымдай жерлерде көрініп жатады. Сол тұстарды соқамен жыртып тастауға болады. Жер аударылып қалған соң кененің бәрі қырылып қалады.

Осының бәрін мен ғылыми жолмен дәлелдеп, еңбек жаздым, профессор-мамандарға да таныстырып, қолдауын алдым. Сосын Үкіметке айтып, ұсыныс жасадым, жергілікті басылымдарға да шығардым. Бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Егер депутаттар осыған қызығушылық танытып, қолдау білдірсе, мен тиісті жұмыстарды атқаруға дайынмын.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»