Елбасының тікелей тапсырмасымен 2017 жылдан бастап еліміздің жастары тегін кәсіптік-техникалық білім ала бастады. Қазіргі таңда «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы аясында колледждерде 25 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Қысқа уақытта нақты кәсіпті меңгеріп шығатын жастар енді ел экономикасына едәуір серпін берері анық.
Еліміз бойынша 817 кәсіптік білім беретін колледждің 83-і Алматы қаласында орналасқан. Солардың бірі Энергетика және электронды технологиялар колледжі биыл мемлекеттік тапсырыстан бөлек, тегін кәсіптік білім бағдарламасы бойынша 50 баланы оқуға қабылдаған. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында ұйымдастырылған қысқа мерзімді курстарда 24 адам дайындықтан өтіп, жұмысқа орналасыпты. «Бұл жерде білім саласындағы жаңа бағдарламаға сай жобалар жүзеге асырылуда. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде жаңа технологиялар мен әдістерді қолдану үшін оқытушылар қайта дайындықтан өтті», дейді БҒМ кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Бағдарламаға оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеген 9-11 сынып бітірушілері, өмірде қиын жағдайға тап болғандар және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Сондай-ақ бағдарламаның қатысушылары стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен, тегін жол жүрумен қамтамасыз етіледі.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген. «Екі топ қабылдап отырмыз. Біреуі электрмонтажшы мамандығы бойынша, екіншісінде ІТ технология, дизайнер деген мамандық бойынша дайындап жатырмыз. 50 адам тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Оларға міндетті түрде үлгеріміне қарай шәкіртақы береміз», дейді Алматы қаласындағы энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтөлеев.
Білім және ғылым министрлігі кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, аталмыш колледжде дуалды білім беру жүйесі іске асырылуда. Сондықтан болашақта студенттердің жұмысқа орналасуында ешқандай кедергі болмайды. «Жыл сайынғы көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, колледж студенттерінің 90 пайызы екі қолға бір күрек табады.
Сондай-ақ олар Алматының ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де жұмыссыз жүрмейді», деді Білім және ғылым министрлігі кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Білім және ғылым министрілігінің мәліметінше, аталған бағдарламаға мемлекет тарапынан 4 млрд 300 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта 200 ұстаз шетелде біліктілігін арттыруда. Ал бағдарлама бойынша 2021 жылға дейін 700 мыңнан астам адамды тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған.
Гүлжазира САЙЛАУОВА