Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялаған Жолдауында Үкіметке ел экономикасына инвестиция тартуда Қытай Халық Республикасының мол мүмкіндіктерін пайдалана білу керектігін тапсырған еді.
Экономиканы технологиялық тұрғыдан тұғырландыру үшін бұдан кейінгі кезеңде Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшылары арасында «Бір белдеу – бір жол» атты жобаны жүзеге асыру белгіленген болатын. Осыған орай Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қытай астанасы Бейжіңде жұмыс сапарымен болып, соның нәтижесінде өңір мен қытайлық компаниялар арасында бірнеше келісімге қол қойылды.
Ақтөбе облысының аумағы мұнай, газ конденсаты секілді стратегиялық шикізат көздері мен өзге де табиғи қазба байлықтарға бай. Бұл жайт ең бірінші кезеңде өңірдің ресурстық-шикізаттық артықшылығын көрсетеді. Өз кезегінде бұл фактор «Бір белдеу – бір жол» жобасының іске асуына өнеркәсіптік негіз болады. Әрі аймақтың инвестициялық әлеуетінің мол екенін танытады. Тек ресурстық фактор ғана емес, сонымен бірге өңірдегі өндірістік факторлар да инвестицияның көбірек құйылуына қолайлы екендігі бейнероликтер арқылы қытайлық компания жетекшілеріне таныстырылды.
Бұған қоса оларға облыс экономикасының басым секторлары мен негізгі инвестициялық жобалар туралы жан-жақты әрі толық ақпарат берілді, тиісті анықтамалықтар ұсынылды. Мұндағы көрсетілген жобалардың ең ірісі Қарғалы ауданындағы болат және шойын түрінде дайын өнім шығаратын кен металлургиялық кешені болып отыр. Оның жалпы құны 1 миллиард 276 миллион АҚШ долларын құрайды. Кешеннің жобалық қуаты жылына 1 миллион тонна өнім өндіруге есептелген.
Өңір басшысының Бейжіңге жұмыс сапары барысында қытайлық корпорациямен табиғи газдан полиэтилен және полипропилен өндіретін зауыт құрылысы жөніндегі меморандумға қол қойылды. Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларына тең. Жобаны екі кезеңмен жүзеге асыру белгіленген. Соған сәйкес жылсайын табиғи газдан 1,8 миллион тонна метанол және екі кешенді қондырғысы бар 300 мың тонна полиэтилен әзірленбек. Зауыт құрылысы аяқталған кезде 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады деп күтілуде. Болашақтағы зауыт өнімдерінің негізгі өткізу нарығы Қытай мен Қазақстан және өзге де мемлекеттер болмақ.
Тараптар жобаны талқылау кезінде қазақстандық мамандарды әзірлеу мәселелеріне де көңіл аударды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі мен осы бағыттағы өзге де заңдық-құқықтық нормаларды сақтау қажеттілігі жөнінде түбегейлі байламдар жасалды. Айта кетерлік бір жайт, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қытайлық компания басқарма басшысының төрайымы Чжан Цзюньмен кездесуі кезінде өңірдегі калий тыңайтқышы өндірісіне байланысты мәселені өте өткір қойды.
Жобаны жүзеге асыруда ілгерілеушілік байқалмайды. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттерді орындаудағы қызметтері өте сылбыр. Мұндай көрініс қайталана берсе, біз келісімшартты бұзу мәселесін күн тәртібіне қоямыз деп, қадап айтты өңір басшысы. Бұған жауап ретінде Чжан Цзюнь айтылған сын-ескертпеден тиісті қорытынды шығарылып, калий тұзын өндіруде мұнай саласында қолданылатын ең соңғы үлгідегі технология енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам экологиялық теріс әсерлерді мейлінше азайтуға да септігін тигізбек.
Сондай-ақ Қазақстанның КХР-дағы елшілігі мен «Қазинвест»ҰК және Ақтөбе облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырылған инвестициялық мүмкіндікті ұлғайту мәселесіне арналған сапар қорытындысында Қытай астанасы Бейжіңде Ақтөбе облысының инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өкілдігі ашылды. Осыған байланысты өткізілген бизнес-форумға Қытайдың 150 компаниясы қатысты. Өкілдіктің атқаратын басты қызметі мен мақсаты жөнінде өз пікірін Б.Сапарбаев газет тілшісіне былайша жеткізді:
– Мұндағы басты мақсатымыз екі мемлекет арасындағы «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасына орай қытайлық ірі бизнес өкілдері мен кәсіпкерлерге өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерді толық әрі жан-жақты таныстыру болатын. Осы ойымыз орындалды. Өкілдік өңірге инвестиция тарту ауқымын одан әрі кеңейтуге ықпал жасай алады деген ойдамыз.
Сондай-ақ келешекте өңірде өндірілген өнімдер Қытайға экспортталуы үшін де тиісті алғышарттар жасалды. Осыған орай қытайлық кәсіпорындарды ынталандыру жолдары белгіленді. Өкілдік бұл істерге де одан әрі қозғау сала бермек.
Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың Қытайға жұмыс сапары барысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты өзге де бірнеше келісімшарттар түзілді. Бұлардың арасында темір рудаларын қайта өңдеу, өндірістік қалдықтарды кәдеге асыратын электр бекеті құрылымын тұрғызу секілді жобалар бар. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен көлік-логистика қызметіне қатысты және «Ащысай» титан-цирконий кен орнын игеруге байланысты құрылыстар да осы қатарда.
Түйіп айтқанда, Ақтөбе облысы мен ҚХР арасында алты меморандумға қол қойылды. Оның жалпы құны 6,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.
АҚТӨБЕ
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»