Адам баласының қалыпты өмір сүруі үшін бәрі маңызды. Пенделік мұрат ештеңені керек емес деп ысырып тастай алмай барлық игілікке ұмтылдырып, білімге де, дүние-мүлікке де, есепсіз мол байлыққа да тоймай, қысқасы, барлық жақсылық өзіме тән болса деген ниеттегі емінуден бір айнымайды. Бірақ соның барлығы деннің саулығында ғана. Ал басы ауырып, балтыры сыздаса сол ұмтылғанының барлығы жиылып бір денсаулыққа жетпей қалады. Сондықтан басты байлық атанған осы қазынаға қатысы бар салаға жүргізілетін реформалардың бәріне ел құлағы үнемі түрулі. Нарықтық қатынастар денсаулық сақтау саласына өз өзгерісін алып келді. Мемлекет тарапынан оның дамуына көңіл бөлініп, осы заман тынысына жауап беретін іргелі клиникалар салынды. Озық технологиялар көмекке келіп, диагностикадан бастап, сапалы ем жүргізетін ауруханалар мен емханалар көбейді. Әйтсе де салада шешілмеген түйіндер баршылық. Халық дәрігерге қаралуға барса, сала құлаш кезектерден қажиды. Диагноздарын дұрыс қоя алмайтын білігі аз дәрігерге кез болады, стационарға жату үшін порталдағы кезегім қашан келеді деп сарғаяды, хош, дәрігерге кіріп, қаралып, жазып берген дәрісін алайын десе дәріханалардағы бағалары удай дәріге ақшалары жетпейді. Не керек, сарсылтатын жайлар көп. Тығырықтан шығудың жолдары қайсы?
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына инвестициялау тақырыбында өткен форумда сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаев «Ел экономикасына мемлекеттің қатысуын ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін азайту мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке жекешелендіруді жеделдетіп, 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне де қатысты. Жекешелендіру формасы жаңа меншік иелеріне мемлекет иелігіндегі активтерді сатудан бастап, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, сенімгерлік басқару және басқа да түрлі кооперация формаларын енгізуге дейінгі түрлерде болмақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жеке сектор өкілдерін бұл іске белсене қатысуға шақырамын», деді.
Қазіргі күні елімізде 7914 денсаулық сақтау нысаны болса, соның 1150-і жекеменшіктің үлесінде. Е.Досаев денсаулық сақтау саласын тек әлеуметтік сала деп қараудың жеткіліксіздігіне тоқталды. 2020 жылға қарай әлеуметтік салаға арналған мемлекеттік бюджет шығындары 47,4 пайызға жетеді деп болжанса, оның басым бөлігі денсаулық сақтау саласына тиесілі көрінеді. Оның үстіне 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен жұмыс істейтін бірегей оператор ретінде өз қызметін бастайтыны да мәлім. Бұл кәдімгідей нарықтық қатынастарға құрылған жүйе. Денсаулығының бекемдігін адам өзі сақтандырып, 2020 жылдан бастап қорға жиналған қаражат есебінен денсаулық сақтауды қаржыландыру құрылымында елеулі өзгерістер орын алмақ. Өзгерістердің айы оңынан туса, кәні деп елеңдескен жұрт үшін Үкіметтің республиканың денсаулық сақтау жүйесін инвестициялағысы келгендерге қолайлы жағдай жасаймыз деген уәдесінің маңызы үлкен. Жекелеген кәсіпкерлердің бұл істе қалай әбжілдік танытатынын кім білген? Ал форумға қатысушы шетелдік бизнесмен «Денсаулық саласындағы жұмысымызда біз үш маңызды аспектіні қамтыдық. Алғашқысы мамандарды оқыту, білімдерін жетілдіре түсу, екіншісі, сапалы қызмет көрсету. Бұл ретте біздің жұмысымызға мемлекет тарапынан бақылау жылына 2 рет және жариялы түрде жүргізіледі. Бақылауларда ауруханалар қызметінің мемлекеттік емдеу орындарына қарағанда арзанырақ түсетіні әрі 25 пайызға тиімді және жоғары деңгейде көрсетілетіні анықталды. Үшіншісі, біздегі емделушілердің көңіл күйлері. Пациенттерімізде төлеген салығы мен жарналарының дұрыс жұмсалғанына деген моральдық тұрғыдан қанағаттану сезімі болды. Денсаулық саласына жеке бизнестің араласуы ұзақ мерзімді талап ететін жұмыс. Сонымен қатар осы ұзақ уақыттағы еңбекте біздерге халықаралық қаржы институттарының қолдаулары қажет», деді Мануэль Бош Аркос.
Роб Мак Дональд – денсаулық саласына инвестиция салушылардың бірі. «Біздің Владивостокта жеке аурухана ашуымыз қиындау жүрді. Себебі тарифтер төмен еді. Жалпы, бұл салаға инвестиция салушы әрбір бизнесмен өз пайдасын бірінші ойлайды. Бұл жерде ешқандай альтруизм жоқ. Веб сайттарында не жазып қойса да, саладағы жұмысты бейнелей айтқанда, түрлі арманы бар бірнеше адамның бір төсекте жатқанындай дер едім. Инвестор арманы – пайда табу, үкіметтікі өзіне түсер салмақты азайту, ал үшінші, жобаны жүзеге асырушы емдеу орнының мықты басшыларының жұмысы. Инвестицияны кім салғанына қарамастан, осы үшіншінің қимылына көп нәрсе байланысты. Біздің ойымызша, посткеңестік ортаның мәдени ерекшелігі бар. Оны жеңіп, ауруханаларды мемлекеттік басқарудан алып, жекеге беру оңайлықпен жүрмейді. Ал жобаны атқарушы басшылар қалай тағайындалады? Оған да қатты мән берген дұрыс. Сіздер оларды шетелден тікелей шақырасыздар ма, әлде аутсорсинг арқылы команда табасыздар ма? Дегенмен, арада неғұрлым көп делдал жүрген сайын көрсетілер қызмет бағасының қымбаттай түсетінін есте ұстаған жөн», деді.
Денсаулық саласына инвесторлар тартуда қаперде ұстайтын жайттар тек жоғарыда айтылғандармен шектелмейтіні түсінікті. Шетелдік сарапшы аңдағандай, оның ұзақ жылғы әріптестік арқасында нәтиже беретіні айқын. Алайда көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан медицина көп найқалуды да жаратпайды. Соның бірі – денсаулық саласын цифрландыру мәселесі. Азия даму банкінің өкілі Меган Конахан цифрландыруды секторды дамытудың катализаторы деп бағалады. Мәселен, Австралия мемлекеті цифрландыруды АБР-мен бірлесе енгізіп, банк тарапынан қажетті бағдарламамен тегін қамтылғанда орасан зор қаржы үнемдеген көрінеді. Мысалы, тек анализдердің қайталанып жасалуына 1,5 млрд доллар шығын жұмсалып келсе, цифрландыру негізінде базада тұрған мәліметтердің қайта анализ алудың қажеттігін толық жойғанын айтқан. Әрине елдердің дамуы біркелкі емес, сондықтан да кей мемлекетте ол аймақтық, өңірлік немесе бір фрагменттік деңгейде жүреді. Ал тұтас ел аймағын қосудың маңызы өте жоғары. Бұл ретте Қазақстан тәрізді аумағы үлкен ел үшін оның мәні тіптен зорая түседі.
Әдетте телемедицина дегенде оны алыс аймақтарға, ауылдарға қажетті консультациялар беруге арналған жеңілдік дейтін түсінік орнаған. Форумға қатысушылар оның қалаға да қажет екенін айтады. Біріншіден, интернет барлық саланы өзгерту үстінде. Оқыту, банк қызметі сауда ісіне дендеп енуде. Тіпті таксиді де, ішетін тамағың мен киіміңді де интернет арқылы алдыруға болады. Сөйтіп алтын уақытыңды үнемдеп жатқанда қала тұрғындары телемедицинаның осы игілігін неге қолданбауы тиіс?
Пациенттің біріншіден жолға уақыты кетпейді, екіншіден, ауруханаішілік инфекция таралуын тежейді, әрі екі жақта да дәрігерлер пациентті көріп отырады. Сол себептен телемедицинаны қалада пайдаланудың артықшылығы мол. Ал «ЦИТ Даму» ЖШС бас директоры Наталья Киль пациенттің электронды паспортын енгізуді баяндауынан шынымен көпшілік үшін өте пайдалы екенін бағамдадық. Соның арқасында емханаларда тіркелген тұрғындардың амбулаторлық картасын толтыру, жылына бірнеше диспансерлік есепте тұратын пациенттердің емхана табалдырығын тоздырмай, қажетті ем-домы мен дәрілерін алудағы жеңілдіктері айтарлықтай болады екен. Ал осы жерде жеке бизнестің ілкімділігін орнымен пайдаланса қоғам үшін пайдалы болатын тұстары көп. Алайда бұл іс тарифтердің өсуіне алып келіп, жоқ-жұқана жұрттың қалтасына ауыр соқпай ма деген сауалға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қалаларда емханалық көмек саласында жеке секторды дамытудың үлкен мүмкіндіктерін көріп тұрмыз. Жеке сектордың дамуына шағындап қайта ұйымдастыру тұрғысынан қолдау көрсетіледі. Емханалар мен емханалық ұйымдар, диагностика орталықтары сенімгерлік басқаруға беріліп, жекешелендірілуі мүмкін. Қазір елімізде нарық бар, елеулі тарифтік саясат та бар. Біз бұл жерде медициналық қызметтер тарифі күрт өседі деген қауіпті көріп отырғанымыз жоқ. Бірақ мұнда аса мұқияттылық танытып отырмыз. Бір-бірімен бәсекеге түсетін аймақтық ауруханалар немесе жаңғырту мен қайта жөндеуде өзекті мәселелер болса, онда жеке сектормен келісімшарттық база бойынша жұмыс атқарудың маңызы зор. Бірінші кезекте мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде сенімгерлік басқаруға бет алуды ұйғарып отырмыз», деді.
Министрдің бағамдауынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалған елеулі инвестицияларға қарамастан, денсаулық сақтау саласының көптеген нысандары сапалық және физикалық тұрғыдан ескіріп біткен. Әйтсе де даму деңгейі бізбен шамалас елдермен салыстырғанда, елімізде аурухана төсегі жеткілікті. Демек, біз қымбат стационарлық мүлікті тиімді қолдана алмай келеміз. Медициналық техникаға айтарлықтай инвестиция салынды, барлық халықаралық технологиялар бізге қолжетімді. Бірақ техника сапалық тұрғыда тез ескіріп қалатындықтан оны ауыстыруға қомақты қаражат қажет. Демек, денсаулық сақтау жүйесіндегі жеке сектор үлесін өзге де жолдармен көтеру керек.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»