• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Желтоқсан, 2017

Көрші елдермен шекара шегендеудің маңызы зор

1620 рет
көрсетілді

Аталған заң жобасын әзірлеу ісі 2001 жылдың 5 шілдесіндегі Қазақстан Республикасы мен Тү­рік­менстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа сәйкес жүргізілген. Ал бұл шарт 2003 жылғы 2 шілдедегі заңмен ратификацияланып, 2006 жылғы 31 тамызда күшіне енген. Сонымен қатар екі ел арасындағы Қазақстан-Түрік­менстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісім­ге 2017 жылғы 18 сәуірде Түрік­менстан басшысының Қазақ­станға ресми сапары аясында Пре­зид­ент Нұрсұлтан Назарбаев пен Тү­рікменстан Президенті Гурбан­гулы Бердымухамедов қол қойған болатын.

«Осындай үдерістер негізінде әзірленіп, назарларыңызға ұсы­ны­лып отырған заң жобасының мақсаты – Қазақстан мен Түрік­менстан арасындағы шегенделген мемлекеттік шекара сызығын халықаралық құқықтық негізде бекіту болып табылады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев.

Оның айтуынша, шекараны шегендеу нәтижесінде екі ел ара­сындағы мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 458,3 шақы­рымды құраған. Ал шекара сы­зығында 330 шекаралық белгі орнатылған. Сондай-ақ келісім күшіне енгеннен кейін мемле­кеттік шекара сызығын сақтау мақсатында 10 жылда бір рет бір­лесіп тексеру көзделген. Сондық­тан да келісім бойынша жергілікті жердегі кез келген өзгерістер мем­лекеттік шекара сызығының өтуін­дегі өзгерістерге алып келмейді. Оған қоса, Келісімді ратификациялау мен оның күшіне енуі мемлекеттік аумақты және ұлттық егемендіктің кеңістігі шектерін айқындауға, аумақтық дауларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Осы орайда айта кетерлік тағы бір жайт, келісімді Түрікменстанның Меджилисі ратификациялағаны туралы Түрікменстанның Сыртқы істер министрлігінің нотасы біздің елдің Сыртқы істер министрлігіне осы жылдың 30 мамырында түскен. Өз кезегінде аталған заң жобасына қатысты пікір біл­дір­ген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығма­ту­лин ел Тәуелсіздігінің ең бас­ты жетістіктерінің бірі – біздің мем­лекеттің шекаралас елдермен шекараны шегендеуінің маңызы зор екендігін айтты.

«Біз барлық көрші елдермен келісімдер жасадық, онда бір­лескен шекара сызықтарының қалай өтетіні нақты белгіленген. Енді ше­ка­раларды шегендеу жұмыс­тары жүргізілуде. Осыған сәй­кес құжаттарды қол қоюға дайын­дау жұмыстары дәл қазіргі уа­қытта Қырғызстан, Өзбекстан елдері бойынша қолға алынған. ҚХР бойынша бұл үрдіс аяқ­талды, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей шекарасын шегендеу жұ­мысы жалғасуда. Ендігі кезекте Қа­зақ­станның барлық мемлекеттік шекараларын халықаралық-құ­қықтық рәсімдеу процесін барынша жедел бітіру қажет. Ол алдағы уақытта кез келген аумақтық даулардың алдын алуға мүмкіндік береді», деді Н.Нығматулин.

Отырыс аясында, депутаттар тарапынан екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын арқау еткен бірқатар мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, депутат К.Мұсырман министр орынбасарына сұрақ қою арқылы Қазақстан мен Өзбекстан және Түрікменстанның шекаралық түйісу нүктесінің айқындалғанын нақтыласа, Б.Хаменова шекара сызығын тексеру уақыты не себептен 10 жыл деп белгіленгендігін сұрады. Сол сияқты депутат С.Сәпиев екі ел арасында автокөлік және темір жол көлігімен қатынасу жайын сөз етті. Халық қалаулылары жолдаған сауалдардың ешбірін жауапсыз қалдырмаған Ғ.Қойшыбаев бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан арасында азаматтардың қатынасу көрсеткіші жылына 112 000 адамды құрайтындығын жеткізді. «Бұл көрсеткіш жыл сайын баяу болса да өсіп келеді. Мұның бәрі де Маңғыстау облысындағы «Темір баба» және «Болашақ» шекаралық бақылау өткізу бекеті арқылы тіркелген деректер. Екі ел арасында визалық режімнің сақталуына байланысты жолаушылар айналымының көрсеткішін жоғары деп айта алмаймыз», деді ол. Ал депутат Е.Бектұрғанов болса қос тарап құратын мемлекеттік шекара сызығын белгілеуді тексеретін комиссия құрамына кімдер кіретінін және қандай жағдайда тексеру жүргізілетінін сұраған еді. Баяндамашы өз жауа­бында әртүрлі табиғи апат болса, мысалы, бір жерде өзеннің арнасы өзгеріп немесе құрғап кетсе, тексеру жүргізілетіндігін алға тартты. «Сол сияқты трансшекаралық кейбір нысандар жаңадан құрылса, құбыр тартылып, темір жол мен автомобиль жолдары салынса комиссия құрылып, шекара сызығын қайта қарайды. Бұл ретте құрылатын комиссия рес­ми түрде Үкімет қаулысымен бекі­­тіледі. Оның құрамына СІМ өкіл­дері, шекаралық қызмет­керлер, жергілікті билік, сонымен бірге «Қазгеодезия», «Қазкар­то­графия» секілді шекарада қызмет атқаратын мамандар кіреді», деді Ғ.Қойшыбаев.

Айта кетейік, осы күні Сырт­қы істер министрі орынба­сары­ның таныстыруымен «Қазақстан Рес­публикасы мен Түрікменстан ара­сындағы стратегиялық әріптес­тік туралы шартты ратифика­ция­лау туралы» заң жобасы да қоса талқыланды. Сонымен қа­тар Мәжілістегі Заңнама және сот құқықтық реформа коми­те­тінің мүшесі Василий Олей­никтің таныс­тыруымен «Жәбір­ле­нушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, мақұлданды. Баян­дамашының түсіндіруінше, аталған заң жобасы қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбір­­ле­нушілерге зиянды өтеу аясында туындайтын қоғам­дық қатынастарды реттеуге және Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қыл­мыстық-процес­тік кодексінің 173-бабына сәйкес Жәбірлену­шілерге зиян­ды өтеу қорын құру арқылы өтем­ақы төлеу бойынша құқық­тық, әлеуметтік және ұйымдас­ты­рушылық негіздерді белгілеуге бағытталған. «Сонымен қатар заң жобасының мақсаты жәбір­ле­нушілердің құқықтарын қорғау тетігін қалыптастыру үшін қолайлы құқықтық жағ­дай жасау, жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдеріне қар­жы­лық көмек көрсету, сондай-ақ жә­бір­ленушілерге зиянды өтеу қорында құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық, әкімшілік-өкімдік ресурстарды шоғырландыру ар­қы­лы қаржыландыру және қара­жат­ты төлеу тәртібін жүйеге келті­ру болып табылады», деді В.Олейник.

Жалпы отырыс барысында де­путаттар – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төр­айымы Г.Иксанованың баяндауымен «Білім туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы бойынша және Қаржы және бюджет коми­те­тінің төрайымы Г.Қарағұсованың мәлім­деуімен «Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Ирландия Үкіметі арасындағы Табысқа салы­натын салықтарға қатысты қосар­ланған салық салуды болдырмау және салық салудан жал­таруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылдады.

Ал жиын соңында бірқатар депутаттар И.Смирнова, К.Аб­са­тиров, З.Балиева, В.Косарев, А.Қоңыров, Т.Сыздықов, А.Пе­руашев тиісті мемлекеттік орган жетекшілерінің атына депутаттық сауалдар жолдады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»