Биыл Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Екі ел тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағынан тығыз байланыста екені белгілі. Қазіргі таңда солтүстіктегі көршімізбен ынтымақтастығымыз нығая түскен. Мұны өз кезегінде Ресей тұрғындары да жоғары бағалап отыр.
Таяуда Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы елдегі тұрғындардың ТМД-ға мүше мемлекеттер мен олардың басшылары жөніндегі көзқарасына сараптама жасаған екен. Орталық таратқан деректерге сүйенсек, кейінгі кездері мүше мемлекеттерге халықтың оң пікірі қалыптасқан. Әсіресе сауалнамаға қатысқан ресейліктер Беларусь пен Қазақстанды басқаларға қарағанда сенімді серіктес ретінде есептейтінін жеткізген.
Орталықтың өкілі Елена Михайлованың айтуынша, Беларусь пен Қазақстан жөніндегі жылы пікір қалыптасуына екі елдің Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың негізін құрауы себеп болған. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы Беларусьті, 41 пайызы Қазақстанды «ең тұрақты әрі табысты» мемлекет санатына қосқан. Е.Михайлова Ресей тұрғындары халықаралық аренада да Қазақстан мен Беларусьті Ресейдің сенімді серіктесі деп санайтынын айтады. Сондай-ақ сауалнамада ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары туралы да сұрақ қойылған екен. Оған қатысқандардың басым бөлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың сеніміне ие екенін атаған.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтының Орталық Азия мен Ауғанстандағы мәселелерді зерттеу орталығының директоры Андрей Казанцев сауалнаманың нәтижесі ресейліктердің ТМД-ға мүше мемлекеттерге жалпы көзқарасын білдіргенімен, кейбір жағдайларда келіспейтін мәселелер бар екенін айтады.
«Ресейліктердің көрші елдерге қандай тұрғыдан қарайтынын ескеру керек. Бұған әлеуметтік-мәдени жағдай мен славян бірегейлігі секілді факторлар әсер етеді. Соның нәтижесінде, сауалнамада Беларусь Қазақстанға қарағанда табысты мемлекет болып көрінген. Алайда бұл шындықтан алшақ жатыр. ІЖӨ-нің тиімділігі жөнінен Қазақстан ғана Ресеймен бәсекелесе алады. Қазақстан ТМД бойынша Ресейдің қаржылық қолдауын қажет етпейтін бірден-бір мемлекет», дейді А.Казанцев.
Мұндай пікірді жергілікті мәселелер жөніндегі орталықтың директоры Дмитрий Журавлев те білдірді. Оның айтуынша, халықтың сенімі бойынша А.Лукашенконың топ бастауына ресейліктердің Беларусь тарихын жақсы білуі негіз болған. «Алайда Омбы мен Челябі секілді тұрмысы Қазақстанмен тығыз байланысты облыстарда сауалнама жүргізгенде, сауалнаманың нәтижесі басқаша болатыны сөзсіз. Осы орайда, Қазақстан мен Ресей арасындағы білім беру байланысының маңыздылығын атап өткім келеді», деді Д.Журавлев.
Ресейлік сарапшылар мен халықтың Қазақстан туралы оң пікір білдіруі бекер емес. Ресей – Қазақстанның ең үлкен сауда серіктесі. Мәселен, 2015 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 14,6 миллиард долларға жеткен.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»