• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2011

Монтайтастың несібесі – күркетауық

507 рет
көрсетілді

Арыс қаласы. Монтайтас ауы­лы. Кітапқұмарларға таныс ауыл. Көрнекті жазушы Дулат Исабе­ков­тің ат жалын тартып азамат болған жері. Заманында асыл тұ­қымды меринос қойын өсіруден Қазақстанда кеуде қатарда жүр­ген, Одаққа мәлім болған ауыл. Біз мінген көлік асфальт жолдан ажырап, ауылға емес қырға бағыт түзеді. Ауыл етекте қалды. Сай түбінде қараңдаған ұсақ мал жайылып жүр. Солай ойлаған­быз. Олай емес екен. Қайқаңнан соң алдымыздан қалың күрке­тауық ұшырасты. Ұзын мойын­дарын қылқаң-қылқаң еткізіп, тамақ астынан қырылдаған үн шығарып қояды. Тағы да есіңізге түскен шығар. Дулат Исабеков. “Есепшот, домино және түйе­тауық”. Күркетауық, түйетауық – екеуі бір құс. Ғажап әңгіме, қайта айналып оқысаң да жалықтыр­майтын хикая. Күлесің. Көзіңнен жас шығарады. Мұндай ауыл өмірін қазақтар, оның ішінде Дулат аға сияқты ақтаңгер жазушы­лар ғана жаза алады. Сол күркетауық. Он емес. Жүз емес. Мың емес. Екі мың. Қоңыр күз. Ауыл маңында көк­өріш жоқ. Тұттай жалаңаш. Сөйт­сек, бұл күркетауықтардың жайлаудан түс­кен кезі екен. Иесі – Тас­тө­реев Есен қарсы ұшырасты. Заты кә­сіпкер болғанымен тіркелген фир­масы, мөрі бар шаруа қожа­лығы жоқ. Жеке меншік. Жеке меншік болғаннан кейін өзге шаруашылықтар секілді жері де жоқ. Аудан әкімі Қанат Сыдықов жер мәселесі шешілгенше әкім­дік­ке қарасты жерді жайлауға рұқ­сат берген екен. Күркетауық өсірумен мектепте жүргенде айналысқан Есеннің бұл кәсіпті тұрақты нәсіп еткеніне үш-ақ жыл болған. Қырықтағы жігіттің қажырына разы боласың. Әйтпе­се, бір қыста ақжонданып семіріп, аязға төсін төсеп қарсы қарап отыратын осы құсыңыздың балапандарынан әлсізі жоқ шы­ғар. Қазақстанға мұхит асып келген күркетауық көктемде 16-21-ге дейін жұмыртқалайды делінеді. Содан соң күрік болады. Қызығы сол, алғашқы жұмыртқалаған жерінен жұмыртқасын алып қой­саңыз да жазбай сол жерге қай­тып келеді екен. Жабайы кезден қал­ған табиғи инстинкт болар. Күрік болғанға дейін жұмырт­қалары салқындау жерде сақтала­ды. Содан соң аналық күр­ке­тауықтар жаппай жұмыртқа басады, жиыр­ма жеті күнде аша­ды. Балапан­дары нәкат, әлжау. Салқынды да, ыстықты да көтере алмайды. Күнде жеті-сегіз рет тамақ беріледі. Жейтіні – сүзбеге шылан­ған, майдаланған жүгері дәндері. Балық майы, дәрумендер беріледі. Суға қосатын витаминдер бар. Осының бәрін сақтамағандар балапандарын қырып алады. Бір айға дейін қарасаңыз, әрі қарай күркетауығыңыз атып алмасаңыз өле қоймайды. Құстар қынадай қы­ры­латын кейбір дерттерге өте шыдамды. Ауырғандарына вакцина егіледі. Есеннің күркетауық жаятын жері жоғын айттық. Ел іші емес пе, арпа, бидай, жүгері еккен жігіттер өнімін жинап алғаннан кейін атызын Есеннің тауықтарын ба­ғуына береді. Күркетауық ұсақ мал секілді жүрдек. Қосыңды тігіп артынан еріп жүрсең болға­ны. Есен қазір айтақырлау жерде отыр. Жиырма тонна бидай са­тып алған. Үш мезгіл тамақ береді. Қалға­нында тауықтар өз қа­жетін шөп тамырларынан тауып жүр. Құс жазда жақсы жем­делсе қыста қатты семіреді. Жеңсік асы  шегіртке көрі­не­ді. Алайда, биыл шегіртке аз. Осындайда еске тү­седі. Сары­ағаштың Бозай, Жам­был ауыл­да­рын ана бір жылы шегіртке басқан. Дүр етіп көтеріл­генде күн көзін жауып қалады. Маңай­дың бәрін отап, ауыл шаруашы­лығына залал келтіретін болған соң республи­калық штаб құрылып, миллион­даған шегірткеге аспаннан да, жерден де қатты соққы берілген. Со­ның өзінде біразы Төле би, Түл­кібас аудандарына дейін өтіп кетіп, ел улыған-шулыған болып еді. Монтайтас ауылының әкімі Тоқберген Байекеев айтады. Қытайда мұндайда дәрі шашып, төңіректі бүлдіріп әуреге түсіп жатпайды екен. Күн қызғанда шегірткенің ошағы білінген жерге күркетауық сияқты құс­тар­ды асырап отырған фермалармен келісіп, әрқайсына жер бөліп береді. Сонда шегірткені жоюға арналған шығын фер­мерлердің қалтасында қалады. Осылайша, екі жақ та пайдаға шығады. Расында, Есеннің екі мыңдай күркетауығын сондай жерге жауып жіберсеңіз майдан шайлап қалады екен-ау. Қой баққан пайдалы ма, күркетауық баққан пайдалы ма? Сол жерде есептеп көрдік. Қой бір-ақ рет қоздайды. Ал, күркетауық кем дегенде 10 балапан шығарады. Орта есептен бір данасын үш мыңнан есеп­тесеңіз 30 мың теңге. Делдалдарыңыз қарап жүр­мейді екен. Күннің қақаған ыз­ғарында қалтасын томпай­тып, мойны қылқиып Есенге келер екен. Көтерме бағамен 2,5-3 мың теңгеге дейін жүздеп сатып алады. Ал, қара базарда құны 5 мың теңге. Артық жем шығарма­дым, ұттым деп Есен ойлайды. Күн көзіне қақталып күркетауық соңында жүрмей-ақ қалтасын қампайтқанына делдал да мәз. Шаруашылықты ірілендіру үшін не керек? Соны сұраған­быз. Есен суы бар жерім болса дейді. Жоңышқа екпек. Содан соң бір мезгілде 500 балапан ашатын инкубатор стансасын сатып алуға ойы кетіп жүр. Осы мәселелер жөнінде аудан әкімі Қанат Сыдықовпен сөй­лестік. Арыста бір тал көгеріп, бір мал басы артық болса өзінің байлығындай қуанатын әкім екеуін де шешудің тетігін ойлас­тырып жатқанын айтты. Жер бар. Ал, “Максимум” сияқты қар­жы орталығынан несие алу үшін Тастөреевке жеке шаруа­шы­лық ашу керек. Мамандар көмектесіп жатыр. Сонда Есен­нің 2 мың кұркетауығы 10 мыңға жетеді. Ел балапанын сатып алып көбейтеді. Бәріне де кәсіп, отбасына нәпақа. Монтайтаста Дулат көкеміз­дің әңгімелерінің шырайын кіргізетін түйетауық – күркетауық елге несібе әкеледі. “АҚ ШАПАН” КИГЕН АҚ ҚОШҚАР Жүннің бағалысы – биязы. Әйтпесе, қазақы қойдың жүні бұйым болудан қалғаны қашан. Көп шопандар бағасынан артық ақшаға қырықтырып алып, қо­ра­сының бір бұрышына жинап қояды. Обалсынып. Кезінде құ­ны алтыннан кем болмағанын ойлар-ау шамасы. Арғыны ой­ла­ған ел қойды асылдандыру ісіне кірісіп кетті. Соның бірі біз арнайы іздеп барған “Сәбит-А” шаруа қожалығының басшысы Тәмпиев Рүстембек Жанәділ­ұлы. Кешегі зоотехник, бүгінгі кә­сіпкер, алып денесін ұршық­ша үйірген Рүстембек көкеміз жақында ғана Алматы облы­сы­нан әрқайсысын 75 мың теңгеден сатып алған 1,5 жасар қошқар­ларын көрсетті. Бұл қошқарлар ата жағынан германдық көрінеді. Өзіміздегі мериносқа ұрықтандырған. Етті, жүнді. Көп жұрт құйрығында майы жоқ, семіз емес шығар деп ой­лай­ды, дер Рекең, Рүстембек. Мал бағып жүрміз, білеміз. Будан­дастырылған мериностың саулы­ғы –  65, қошқары  75  кило тар­та­ды. Еті тығыз. Майды қабырға­сына жинайды. Ал, өз саулықта­рымыз 45-50 кило ғана тартады. Нәсілі германдық осы қош­қар­лардың үлкені 150 мың теңге тұрады екен. Мына үшеуін Рүс­тембек көкеміз тартып алғандай болып әкеліпті. Академик Әбді­рах­ман Омбаев басқаратын Оң­түс­тік - Батыс мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтындағы профессор Есқара Мұқамед­жанмен селекция жасау ісінде бірлесе жұмыс жасап келеді. Рекеңнің қырда үш қашары бар. Сондағы 700 бас қисары қойын сатып, асыл тұқымды ме­риносқа өтіп жатыр. Мерионосқа маманданған шаруашылықтың бірі Қазығұрт ауданында бар. Об­лыс әкімі Асқар Мырзахметов осы екі шаруашылықты асылдан­дыру жолын жеңілдетуге 50 млн. теңге субсидия бөлу мәселесін көтерген. Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басты­ғы Қанатбек Оспанбеков те қол­дап отыр. Жылына 10 млн. теңге бөлінген жағдайда қос шаруа­шылық тез түлеп, өзгелерді өз қатарларына тартуына ықпал етеді. Жаңа тұқымның жүнінің ты­ғыздығы 74-і құрайды. Ал, на­шарының тығыздығы 58 бірлік болар екен. Бір қызығы, сапалы жүнді алуға қытайлықтар ерекше ықыласты дейді. “Сіздер екі рет қырқып, жүнді бүлдіресіздер. Қырқым уақытында өзіміз келіп қырқамыз” депті. Жүні бүлін­бесін деп кенептен тігілген шапан әкеліп берген. Сауыры ғана жа­лаңаш. Шағанбек деген Қытай­дан келген іскер азамат та бірлескен кәсіпорын құруға екі алақа­нын ысқылап отыр. “Сәбит-А” шаруашылығы да жерге зәру. Ауыл әкімі Тоқберген Бәйкеев кезінде жер алып, тірлік жасамаған жұрттың есебі алы­нып, жері кері қайтарылатын­ды­ғын айтты. Сонда жер мәселесі шешілмек. Шаруашылықтың су құбыры биікте. Содан етектегі қашарларға мұнара қою арқылы су шығаруға болады. Жем-шөп дайындалып жатыр. Қарашаның аяғында қой қашырылады. Көк­темде – сақман. Бұрын адам жетпегендіктен оқушыларды да жа­бушы еді. Сақманға қатысуға М.Әуе­зов атындағы ОҚМУ-дің ауыл шаруашылығы факультетінің студенттері тартылмақ. Ректорат ықыласты. Екі жаққа да пайдалы. Шаруашылықтың қолы ұзарады, ал болашақ мал мамандары прак­тикалық білім, нақты бағдар ала­ды. Монтайтастан көңіл тоғайып қайтты. Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықовпен әңгімелестік. Қалада 22752 бас ірі қара, қой-ешкі 22752 бас, жылқы 6520 бас, түйе 1174 бас, құс 81160 басқа жетіпті. Өткен жылдармен са­лыстырғанда айтарлықтай өсім бар. Асыл тұқымды мал шаруа­шы­лығымен 8 шаруашылық ай­налысады. Қазақы қылшық жүнді қойдан бөлек қазақтың жабы тұ­қымдас жылқы шаруашылығы қа­натын жайып келеді. Ірі қа­раны бордақылаумен айналыса­тын кәсіпкерлер қатары молай­ған. Ауыл – қазақтың жүрегі, ал­тын ұясы. Ауыл оңалса мемле­кет­тің көтеретін жүгі жеңілдейді. Үкімет ауылды ұмытпай­ды, көмегі үлкен. Диқандар мен ша­руа­лар осыны түсінеді. Жеңіл несие алып, шаруашылығын ірілендіргісі келетіндердің қатары көп. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы. Суреттерді түсірген автор.