2017 жылда атқарылған іс аз болмады. Мемлекеттің қай саласын алсаңыз да, олардың табыстан- табысқа жету жолында аянбай тер төккені байқалды.
Еліміздің саяси, экономикалық, мәдени бағытында жаңа өзгерістер бой алып, оның оң нәтижелері халықтың жанына жылу септі. Елбасының тапсырмаларына сай сот жүйесі мен құқық қорғау органдарында жүргізілген реформалар барысында заң үстемдігінің сақталуына қол жеткізілді.
Соның бәрін айтпай-ақ, тек прокуратура органдарында ғана осы жылғы атқарылған істі сараласақ, қаншалықты тиімді жұмыс тындырылғанына анық көз жеткіземіз. Әрине мұндай жақсылықтардың бәрі, ең алдымен, халық үшін жасалатынын ұмытпаған жөн. Ал халықтың қамы құқықтық қамдалуы қажеттігін Елбасы сындарлы Жолдаулары мен баянды бағдарламаларында айтып келе жатқаны белгілі. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда әр сала басшылығының еңбегі ерен екені де анық. Мәселен 22 жыл ішінде алғаш рет прокурор қызметінің деңгейін белгілейтін Ата заңдағы 83-баптың 1-бөлім мазмұны жаңғыртылды. Бұл конституциялық норманың жаңғыртылуына орай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Прокуратура туралы» заң дүниеге келді. Осы заң арқылы прокуратура қызметінің тәртібі мен ұйымдастырылуы, құзыры, мәртебесі түпкілікті анықталды. Әсіресе «Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мен қылмыстық процесті реформалау туралы» заң жобасына қатысты жүргізілген жұмыстардың маңызы зор болды.
Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай құрылған арнайы топтың, яғни Жоғарғы сот, Әділет министрлігі, құқық қорғау және арнайы органдар басшылары енген жұмыс тобының нәтижесінде пайда болды. Ол үшін Германияның, Ұлыбританияның, Эстония мен Грузияның бұл бағыттағы тәжірибелері зерттелді. Сол заң жобасының ішіндегі ізгілікті жаңалық – адамды 72 сағатқа ұстау мерзімі 48 сағатқа азайтылды. Адвокаттардың ұсыныстары мен айғақтарды жинау өкілеттілігі кеңейтілді. Кепілдік, күштеп куәландыру, үлгілерді іріктеу, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу секілді түрлі тергеу әрекеттері сотқа санкция жүргізу үшін берілді. Осы жоба аясында қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу қаралды.
Тағы бір маңызы зор жаңалық – Елбасының процестерді цифрландыру тапсырмасына сай IT-жобасын енгізу болды. Олардың ішінде «Е-қылмыстық іс», «Әкімшілік өндіріс істерінің жиынтығы» және «Заңдылық» секілді бағдарламалар тиімділігін бірден көрсетті. Осылардың арасында бірінші бағдарлама қылмыстық процестің өне бойын: қылмысты тіркеуден бастап, оны тергеу мен үкімнің шығуына дейінгі жолды қамтиды. Осы бағдарламаның бәрі де азаматтар арыз-шағыммен келгенде және оларға тиісті құқықтық қызмет көрсетуде ешқандай жасанды кедергілердің болмауы үшін жан-жақты қаралып, іске қосылды. Айтқандай-ақ, тиімділігімен халықтың ризалығына бөленді.
Сондай халыққа жасалған тағы бір игілігі мол іс – Азаматтарды қабылдау орталығы мен Құқық қорғау қызметі орталықтарының ашылуы болды. Орталықтың негізгі мақсаты арыздарды тез қарау. Ал олардың шешімін табу үшін сол жерде бірден адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметін және т.б. қызмет көмектерін пайдалану арқылы бір нәтижеге қол жеткізу көзделді. Сол сияқты бизнеске қысым жасауды азайту шаралары қолға алынды. «Атамекен» палатасымен бірлесе кәсіпкерлікті қорғау бойынша Жол картасы дайындалды. Соның арқасында көптеген мемлекеттік органдардың бизнесті орынсыз тексерулері 80 пайызға дейін қысқарды.
Бәрі де адам үшін деп ойластырылған бағдарламалар арқасында оны заңдылыққа сай орындайтын жаңа кадрлар келіп, кем-кетікті толықтырды. Осылайша Ата заңымызда жазылғандай, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары дегендей, азаматтарымыздың бар жағдайы Елбасымыздың назарында тұрғандықтан сот жүйесі мен құқық қорғау органдары жаңа жүргізілген реформалар нәтижесінде заңдылықтың сақталуына, адам құқының қорғалуына жаңаша ден қойды. Бұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған заң үстемдігінің орындалуына қол жеткізудің нақты бір көрінісі болды.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»