«Қолхат», «сенімхат» секілді құжаттар жұрттың бәріне таныс шығар. Оның бәрі қолмен жазылатындығы және белгілі. Бірақ бүгінде цифрлы технологияларды кеңінен пайдалану арқасында сенімхатты сенім білдірушінің электронды цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электронды құжат нысанында рәсімдеу де көзделіп отыр. Бұл Елбасы Жолдауында айтылғандай, үшінші жаңғырту бағыты бойынша жұмыс істеу деген сөз.
Иә, сенімхатты сенім білдірушінің электронды цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электронды құжат нысанында рәсімдеу жолға қойылғаны тиімді болды. Өйткені кезінде істерден қағазға жазылған сенімхаттар жоғалып қалып, талай адамның аузы күйген көрінеді. Енді сот жүйесіне цифр- лы технологияның енуі арқасында қажетті құжаттардың жоғалып қалуы деген болмайды. Сонымен қатар енді сенімхатты ресімдеу кезінде тараптардың өз өкіліне өкілеттік беруі үшін нотариусқа барудың да қажеті жоқ. интернет желісіне қолжетімділік пен электронды-цифрлы қолтаңбасы болса жеткілікті.
Бүгінде ел халқының көпшілігі интернетпен жұмыс істеуді жақсы біледі. Бұл электронды құжаттарды пайдалануды да жеңілдете түседі. Ал сенімхатты қалыптастыру үшін Сот кабинетінде авторизациядан өткеннен кейін «Электронды сенімхат» бөліміне кіру қажет. «Сенімхат» ашылған бетте «Қосу» батырмасын басып, сенімхат нысанын, соның ішінде өкілдің деректері толтырылады. ЖСН арқылы өкілдің жеке деректерін жеке тұлғалардың мемлекеттік базасынан автоматты түрде де толтыруға болады. «Электронды сенімхат» қызметі Азаматтық кодекстің 167-бабына сәйкес әзірленген, атап айтқанда, бiр адамның өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға берген жазбаша уәкiлдiгi сенiмхат деп танылады. Сондықтан Азаматтық процестік кодекстің 61-бабының 1-бөліміне сәйкес сенімхатты сенім білдірушінің электронды цифрлы қолтаңбасымен куәландырылған электронды құжат нысанында рәсімдеу көзделгенін ескерген жөн.
Сенім білдірушіге электронды сенімхат жасау кезінде «Электронды сенімхат» бөлігінде іске қатысушы тұлғалардың АПК-нің 46-бабының 1-бөлігінде және 60-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген негізгі құқықтарын тізбе түрінде көрсету мүмкіндігі ұсынылған, бұл сенім білдірушіге нақты азаматтық іске қатысу үшін сенім білдірілген тұлғаға ұсынылатын құқықтар шеңберін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ал АПК-нің 58-бабының негізінде сенім білдіруші сенім білдірген өкілге: бірінші сатыдағы сотта мүддесін білдіру; апелляциялық сатыдағы сотта мүддесін білдіру; кассациялық сатыдағы сотта мүддесін білдіру; талап арыз, шағымдар, өтініштер мен арыздар беру және қол қою; талап қоюдан толық немесе ішінара бас тарту; талапты тану; талап қою талаптарының мәнін ұлғайту; талап қою мәнін немесе негізін өзгерту; азаматтық іс материалдарымен танысу, олардан үзінді көшірмелер жасау және көшірмелерін алу; қарсылық білдіру; өтінішті, соның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы мәлімдеу; сот отырысының хаттамасымен танысу және оған жазбаша ескертпелер беру; сот шешіміне, ұйғарымына және қаулысына шағымдану; бітімгершілік келісім жасау және басқа да құқығын сеніп тапсыруға құқылы.
Электронды сенімхатты бірнеше сенімді өкілге беру көзделген, өйткені бір іс бойынша қатысатын сенімді өкілдер саны заңнамамен шектелмеген. Электронды сенімхатты тоқтату Азаматтық кодекстің 170-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Электронды сенімхат электронды түрде қаралатын бір істің шегінде беріледі, сенімхаттың қолданылу мерзімі сот актісінің заңды күшіне енген және құжаттарды орындауға беру уақытымен шектелген. Осылайша, «Сот кабинеті» сервисі іске қосылған сәттен бастап ол азаматтардың құқықтық мәдениетін жетілдіруге және олардың конституциялық құқықтарының қорғалуына оң ықпал ете бастауына байланысты цифрлы технологияның өмірімізге енгені оңды болды дейміз. Сөйтіп енді «Сот кабинеті» сервисінің тұтынушылары сотқа сенімхатты электронды түрде жолдай алады.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»