• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2018

Ресейлік тарихшы Әлия Молдағұлова туралы кітап жазды

2019 рет
көрсетілді

Ресейдің Ярославль облысындағы әскери тарихшы Дарья Тимошенконың «Последний бой Алии Молдагуловой» атты кітабы жарық көрді. Ата-анасынан ерте айырылған Әлияның балалық шағы 1935 жылдан Ленинградтағы ағайының қолында және осы қаладағы №46 балалар үйінде өткені белгілі. Ленинград қаласына қауіп төнгенде 1942 жылы балалар үйін Ярославль облысының Некрасов ауданындағы Вятское селосына көшіреді. Әлия сол жылы осындағы мектепте наурыздан мамыр айына дейін оқып, 7-сыныпты бітіреді де, одан кейін Рыбинск қаласындағы авиациялық техникумға кетеді. Жақында Вятское селосында батыр қызға арналған ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында осы кітаптың тұсаукесері де болды.

 

Қазақтың батыр қызының ер­лігі мен өмірін аса қызығу­шы­лық­пен зерттеген тарихшы Дарья Тимо­шенко ол туралы бұ­рын белгісіз болып келген де­рек­тер­­ді, құжаттарды тауып, тарихи айналымға қосыпты. 

– Германияның «Север» армия­сының тобын күл-талқан ету­ді мақ­сат тұтқан Қызыл Ар­мияның стра­тегиялық шабуы­лы­ның бі­рін­ші күні Әлия ерлік көр­сетті, сол күн­гі ұрыс­­та қаза тапты. Кітаптың негізгі мақ­са­ты­ның бі­­рі де осы ұрыстың белгілі, бел­гісіз жа­ғын бү­гінге жет­кізу, он­дағы Әлияның ерлігін көр­сету бо­латын, – дейді кітап авторы Дарья Тимошенко.

Кітапты жоғары бағалаған ре­­цен­зенттер «Әскери тарихшы Дарья Тимошенконың бұл кітабы Кеңес Одағының Батыры Әлия Мол­да­ғұлова тура­лы бар­лық ес­те­лік­­терді, сұхбаттарды, газеттер­де жа­рия­лан­­ған мақалаларды, хат­тар мен ар­хив ма­териалдарын ұсы­­нады. Олар алуан түрлілігімен ба­­тыр қыз өмі­рі мен өлімінің жай-жап­сарын жан-жақты аша түседі», деп жазады. 

– Әлия қаза болғаннан кейін, яғни 1944 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында май­дандағы суретші Николай Дмитриев сал­ған екі портретін ұсынып отырмын. Бұл оның майдандас құрбылары бер­ген немесе жеке зат­тарынан алынған фотосуретіне қарап са­лын­­­ған болуы керек. Суретші салған Әлия­ның құлақшын киген бейнесін Ақтөбедегі музейге оның туыстары берген суретіне қат­ты ұқсаттым. Әлияның әскердегі айлығы 8 рубль 50 копеек бола тұра, бақандай 100 рубль әскери қарызға жазылған ақша аттеста­тын таптым, – дейді Дарья Александровна. 

Автор Әлияның суретші Нико­лай Дмитриев салған портретінің бірін кітаптың мұқа­ба­сына пайдаланыпты. Біз батыр­ды негізінен пилотка киіп, қолына винтовка ұстаған бейнеде елестететін едік, енді мына суретте оқырманға қа­зақ­тың қара қызы бұрынғыдан да ыс­тық көрінетіндей әсер береді. Соны­мен қатар автор кітапқа 1944 жылы маусымда Әлияға Ке­ңес Одағының Батыры атағы бе­ріл­­­геннен кейін майдандас құр­­быларының әскери газеттің жур­налисіне батыр қыз туралы жазған хатының толық мәтінін келтіргенін айтты. 

– Онда құрбыларының Әлияны ешқан­дай жасандылықсыз, шынайы сипаттағанына куә боласыз.­ Қыздар Әлияның сөздерін келтіре­ді. Бұл хат қазақтың өжет әрі қай­сар қызының болмысын аша түс­кен­дей болады. Алайда әскери жур­налист сол уақыт үшін хаттың кейбір тұстарын артық санап, қысқартқанын байқадық, – дейді Дарья Александровна.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ