• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2018

Сіз бақыттысыз ба?

452 рет
көрсетілді

Егер сіз айына 250 доллардан астам жалақы алсаңыз жер шары тұр­ғын­дарының 80 пайызынан дәулеттірек өмір сүреді екенсіз. Ерте за­мандардың өлшемімен алған­да мұндай табыс корольдер мен пат­шалардың түстеріне де кірмеген. Мә­селен, Францияның королі Людовик ХІV бүкіл ғұмырында екі-ақ рет жуын­ған, онда да дәрігерлердің нұс­қауын орындауға мәжбүр болған­дықтан, хирургиялық операциялар мейлінше антисанитарлық жағ­дайларда жасалған, ол аз десеңіз, тіс­­тің сау, бүтін болуы төменгі сос­ловиенің белгісі болып есептелген. 

Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұрмыстың жоғары деңгейіне қарамастан, адамдар күй­зелістен, уайымнан, жүйке ауруларынан зардап шегуде дегенді айтады. Ал бақыт дегеніңіз тіпті көкжиектен де көрінер емес. Сонда оның сыры неде?

Біз таңдаудың көптігіне әбден дағдыланып алдық және оның өзін өркениет жетістіктерінің бірі деп са­наймыз. Бірақ қайшылық сонда, таңдаудың шамадан тыс көптігі қана­ғаттанушылық тапшылығына апарып соқтырады екен. Дәлірек айтқанда, таңдаудың көптігі бізді бақытсыз ете түседі. Өйткені адамдар дәл осы затты сатып алуым дұрыс болды ма, әлде басқасын алуым керек пе еді, қателескен жоқпын ба деген сияқты күмәнді ойларға беріледі. Тамақ түрлерінің мол болуы оны соншалықты дәмді ете алмайды. Ресторандарда тағамды шағын ғана порциямен беретіні де сондықтан болса керек, сонда ол дәмдірек болып көрінеді.

1970 жылы Мичиган университетінің психологы Филип Брикман лотереядан ұтқан, аяқ-қолдары жансызданып қалған және дендері сау қарапайым адамдардың бақыттылық деңгейінің бірдей екенін дәлелдеген. Бұл бақытты болуға сыртқы емес, ішкі факторлардың ықпал ететінін көрсетеді. Өйткені қанағаттанушылық сезімі гормондар кешеніне, оның ішінде эндорфиндерге байланысты пайда болады екен.

Ғалымдар біз өмір сүріп жатқан жүйенің өзі адамдарды бақытсыз қы­­луға бағытталған деп есептейді. Жыл­­тыр мұқабалы журналдар, әлеу­меттік желілер, қолжетімді несиелер адамдарды, бір кино кейіпкерінің сөзімен айтқанда, өздеріне ұнамайтын адамдарға әсер ету үшін қолда жоқ ақшаға өздеріне қажет емес заттарды сатып алуға итермелейді. Басты мақсат – өзгелерден артығырақ болып көріну, ал ақша бұл жерде негізгі құрал. Бірақ ақшасы біздікінен әлдақайда көбірек, ал машинасы әлдеқайда қымбатырақ тұратын адамдар әркезде де табылады...

Сонымен бақытты болу үшін не істеу керек?

Гарвард университетінің 75 жыл бойы көңіл күй денсаулығына жүргізген зерттеулерінің нәтижесі ай­налаңдағы адамдармен жылы жүзді қарым-қатынас орнатудың бақытты өмірдің негізі болып табылатынын көрсеткен.  Егер өздері сұрамаса еш­кімге кеңес берме, көбірек тыңда, адамда құлақтың екеу, ал ауыздың бі­реу ғана болуы тегіннен-тегін емес. Адамдардың сенің көңіліңнен шыға бермейтінін, әркімнің өз қалауынша өмір сүретінін түсіну қарым-қаты­настарды жақсартуға септес­пек. Өз­гелердің өміріне араласпауға ты­рыс, өйткені әлдекімдермен әлектеніп жүргенде сен өз өміріңді зая қыласың. 

Психолог Элизабет Данн 600 америкалыққа сұрау сала отырып, ақша­сын қайырымдылыққа және дос­тарына сыйлықтар сатып алуға жұмсайтын адамдар тек өздерін ғана қамтамасыз ететіндерге қарағанда, бақыттырақ деген қорытындыға келген. Ал Джон Хопкинс университеті 2004 жылы волонтерлік қызметтің, бізше айтқанда, өз еркіңмен адамдарға қызмет көрсетудің қартаюды баяулата отырып, адамның ақыл-ой және дене дамуы процестеріне қолайлы әсер ететінін дәлелдеген. 

Психология профессоры Михай Чиксентмиайи көп жылғы зерттеулер нәтижесінде адамдардың демалыс кезінде емес, өз идеясын жүзеге асыра отырып өміріндегі ең бақытты сәттерді бастан өткеретінін анықтаған. Жаңашылдық қызмет адамның түр ретінде тіршілік етуіне көмектесетіндіктен жаңалықтар ашу үстіндегі жұмыс орасан зор қан­а­ғат­танушылық туғызады екен. Өйткені өз жұмысында нәтижеге жету арқылы адам бойында біртіндеп өзінің құн­дылығын түсіну сезімі қалыптаса бастайтын көрінеді.

Әңгіменің тоқетері, адам бақыттың ақшаға да, қымбат дүниелер сатып алуға да байланысты емес екенін тү­сінуі керек. Ол адамның жолы болуы­ның, яғни сәттіліктің немесе жағдайлар ағымының да нәтижесі емес. Осы күнге дейін бірде-бір данышпан бұл мәселеде нақты қорытынды жасай алмаған. Ең бастысы, бақыт дегеніміз – шеті мен шегі жоқ таусылмайтын жол.

Соған қарағанда, адамның бақытты болуы да оның сол жолды дұрыс жүріп өте білуіне байланысты болса керек.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»