• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2018

Академиядағы айшықты істер

312 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) өткен жылдардағы атқарған қызметі мен болашақта іске асыратын жоба-жоспарын көпшілікке таныс­тыру мақсатында баспасөз мәслихаты өтті. 

Шараға жиналған журналистерге аталмыш басқосудың маңызы жайлы қысқаша баян еткен Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, қазіргідей ғаламдық интеграция етек жайған заманда, мұн­дай үдерістен біздің қоғамның тыс қалуы мүмкін емес­тігін атап өтіп, осындай ықпал­дастық аясында құрылған халық­аралық дербес ұйым Түркі акаде­мия­сының бола­шағы аса зор дегенге тоқталды. 

Сонымен қатар академия­ның жұмысы жайлы кең көлемде таныс­ты­рым жа­­са­ған халық­аралық Түр­кі ака­­­­де­­миясы­­ның басшысы Дархан Қыдырәлі, әуелі Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ған TWESCO ұйымының ат­қар­ған істерін баяндап шықты. 

Атап айтқанда, ұйымға 2015 жылы Түркі кеңесінің V сам­митінде жүк­тел­ген тапсырма бо­йынша – жуықта «Аталар мирасы» атты электронды муль­ти­­ме­диалық жаңа портал іске қосы­лып, оған түркі халық­тары­­ның рухани-мате­риал­дық мәде­ниетіне қатысты қор жинақ­та­лып­ты. Сонымен қатар XV ғасыр­­ға дейінгі «Ортақ Түркі тари­хы» оқу­лығы, «Ортақ Түркі гео­гра­фиясы», «Ортақ Түркі әде­бие­ті» оқулық­тары­ның тұжы­рым­­­дамалары әзірленіп, та­рап­тар­­дың талқысына жіберілген екен. 

Академия соңғы екі-үш жыл көлемінде түрлі деңгейде 80-нен астам ғылыми іс-шара өт­кізіп, оған әлемнің 20-дан ас­там мемлекетінен 200-ге жуық ға­лым-зерттеуші мен сарапшы­лар қатысып, осы аралықта 55-тен астам шетелдік ғылыми ұйым­дармен ынтымақтастық меморандумына қол қойылыпты. Әсіресе Кеңес тарапынан алты түркі мем­­­лекетінің тұрғындарына жүр­­гізілген «Түркі барометрі» әлеу­меттік-зерттеу жобасын айтпай кетуге болмайды. 

Өткен жылдары ұйымға мү­шелік мандатқа ие төрт мем­ле­­кеттің бірі – Әзербайжан аста­насы Бакуде түркология кон­гресі­нің 90-жылдығына орай халықаралық конферен­ция ұйым­дас­тырылып, Бішкекте қазақ ғалымы Шоқан Уәли­хановтың 180 жылдығы салтанатты түрде атап өтіліп, «Манас энциклопедиясы», «Манас сөздүгү» атты ғылыми жинақ­тар жарық көріпті. Сонымен қатар Түркия елінде Қожа Ахмет Ясауидің өмірден озғанына 850 жыл толуына байланысты маңызды ғылыми-зерттеулер жүргізіліпті. 

– Халықаралық Түркі акаде­мия­сының назарындағы рухани-тарихи нысандар қата­рын­да Моңғол дала­сындағы көне түркі жәдігерлері айрық­ша орын алып отыр, – деген Дар­хан Қуандықұлы, өткен жылдары Өтү­кен аймағындағы «Шивээт улаан» ғұрып­тық нысанына ар­хео­логиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, радио­кар­бондық тәсіл арқылы кешеннің 670-710 жыл­дарға тиесілі екендігі және Көк Түркі империясының көсемі Ел­те­рістің құрметіне тұрғы­зыл­ғаны анықталғаны жайлы көп­шілікті хабардар етті. 

Соңғы жылдары TWESCO Орталық Азия аймағына баса назар аударып отырған көрінеді. Атап айтқанда, ака­демия мен Өзбек­стан Ғылым академиясы ара­сында ынтымақтастық меморандумын бекітуге дайындық жұ­мыстары жүріп жатса, Түрік­мен­стан және Тәжікстанмен ғы­лы­ми байланыс жанданып келеді екен. 

Бұл бағытта ресейлік ғалым­дар­мен де тығыз шығарма­шылық байланыс орнаған. Мәскеулік танымал шығыс­танушы Әмір Нәжіптің «ХIV ғасырдағы түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи сөздігі» атты төрт томдық іргелі еңбегі, Дмитрий Насилов, Игорь Кормушин, Анна Дыболардың «Древнетюркский словарь» атты әлемге әйгілі еңбегінің академия тарапынан жарық көруі осының айғағы. 

Сол сияқты түркі халық­тары­ның ауыз әдебиеті үлгі­лерін жинақ­тап, әсіресе, қазақ фоль­к­лоры үшін аса қым­бат қазы­на қалдырған әрі Ресей түркі­тану мектебінің негізін қала­ған көрнекті ғалым Василий Ва­сильевич Радловтың биыл дүние­ден өткеніне 100 жыл толуына байланысты академия 2018 жылды «Радлов жылы» деп жария­лап, ғалымның «Түркі халықтары ауыз әдебиеті­нің үлгілері» атты көптомдығын ал­­да­­ғы уақытта жаңа сериямен жарыққа шығармақ. 

Жалпы алғанда, 2016-2017 жылдары академия ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, мажар, моңғол, түрік тілдерінде жаңадан 83 кітап басып шығарса, ұйымның кітапхана қорындағы туынды саны – 50 мыңнан асыпты. Ал музей экспонаттары 700-ге жеткен. 

– Алдағы уақытта Халық­ара­лық Түркі академиясы Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы­мен ұштаса іс атқарады» деген академия басшысы: – Алдағы 30 сәуір күні ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау: жойылу қаупі төнген түркі тілдері» атты халықаралық форум-фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді. Парижде өтетін бұл шараға әлемнің 16 мемлекетінен тілдері жойылу қаупіне ұшыраған түркі халықтардың өкілдері қатысады деп күтілуде. 

Осылай жыл өткен сайын ауқы­мы кеңейген академия биыл қытай ғалымдарымен бірле­сіп, көне түркілік этнос сары ұй­ғыр тілін зерттеп, «Сары ұй­ғыр ауыз әдебиеті» және «Сары ұй­ғыр­лар­дың музыкалық мұра­сы» атты туындыларды жарық­­қа шы­ғармақ. Бұдан басқа Түр­кия ұлт­тық комиссиясының қол­дауымен Ахмет Йүгінекидің, «Ақиқат сыйы» шығармасының жария­ланғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Осыған орай академия екі томдық ғылыми-монография­ны баспаға әзірлеп, ЮНЕСКО деңгейінде «Халықаралық түркі тілдері күнін» атап өту шарасын жоспарлауда.

Сонымен қатар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқан, адамзат та­рихында із қалдырған «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғ­асы» атты жобаны іске асыру жос­пар­да тұр. Бұл тұлғалар ха­лық­ара­лық сауалнама жүргізу ар­қылы анықталады.  Академия тарапынан өткен 2017 жыл «Алаш жылы» деп жарияланса, 2018 жылды құ­рыл­ға­нына 100 жыл толған «Әзер­бай­жан Демократиялық Рес­пуб­­ли­­ка­­сы­ның жылы» деп жария­лау­да. Осы­ған байланыс­ты мамыр айын­да Бакуде, кейін Ас­та­на­да маңыз­ды жиындар өтіп, «Әзер­бай­жан әдебиетінің антология­сын» баспаға әзірлеу ісі қолға алынбақ.

Абайдың және Алаш қай­раткерлерінің рухани ұстазы жәдитизмнің негізін қалаушы ғұлама Шиһабутдин Маржани­дің 200 жылдығына орай ака­демия ұжымы татарстандық әріптестерімен бірлесіп биыл­­ғы жылды «Маржани жылы» ретін­де белгілеп, тағы да жақсы істер атқармақ. 

Сол сияқты, көрші қырғыз­стандық әріптестермен ортақ жоба-жоспар да бар екен. Атап айтқанда, биыл заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы қарсаңында, екі том­дық үлкен монография бас­паға әзір тұрса, атақты манас­шы Сағымбай Оразбақовтың 150 жыл­дығына орай бірқатар халық­аралық іс-шаралар өткізу шарасы қарастырылуда. Алдағы 2019 жылы атқарылатын тағы бір маңызды оқиға тарихшы Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» атты сүбелі еңбегі қазақ және моңғол тілдеріне тәржі­малана­тын болады. 

Сөзімізді қорытындылай айт­сақ, қазақ жұрты үшін сүйін­ші сұрарлық дүние – түркі дү­ниесіне ортақ ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай халық­аралық Түркі академия­сы үсті­міздегі жылды «Мағжан жылы» деп жариялап, осы бағыт­та бір­неше ірі шаралар өткізу жос­пар­ланыпты. Атап айтқан­д­а, ақын­ның шы­ғар­маларын өзбек тіліне белгілі ақын Музафар Ахмад, моңғол тіліне ақын-аудар­машы Жүкел Хамай, алтай тіліне шы­ғыс­­танушы ғалым, ақын Брон­­тай Бедюров, әзербайжан тілі­не Фузули Меджидлилер аударып жатыр. Мұның сыртында ақын жырларын қырғыз, мажар тіл­деріне аудару жоспарда тұр. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»