Биылғы Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырғаны белгілі.
Қазіргі таңда ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі басқа факторларымен қатар тұқым шаруашылығына тікелей байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру оның ішінде қажетті көлемде жоғары репродукциялы тұқымдарды өндіру мен сату және оған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету тұқым шаруашылығының басты мақсаты болып табылады. Осыған орай тұқым шаруашылығындағы кейбір мәселелерге тоқталып кеткенді жөн көреміз.
Еліміздегі барлық шаруашылықтарда сұрыптарды жаңарту мен алмастыру пайызы төмен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің отандық селекция жетістіктерін пайдалану, сорттық сынау және тұқым шаруашылығы саласындағы инновациялық қызметті қабылдау деңгейі жеткіліксіз болып отыр.
Аттестатталған тұқым өндірушілер негізінен дәнді дақылдар тұқымын өндірумен айналысады, ал дәнді-бұршақты, майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық шөптердің тұқымдарын өндіру бүгінгі күні ауылшаруашылық тауар өндірушілер (АШТӨ) қажеттілігін қамтамасыз етпейді.
Материалдық-техникалық және технологиялық базаның ескіруі, селекцияның кадрлармен қамтамасыз етілуі, сұрып сынау және тұқым шаруашылығы базаларының ескіргені селекциялық процесті тиімді жүзеге асыруға және жоғары сапалы тұқымдар өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей келеді. Селекциялық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын жас мамандар мен ғылыми дәрежесі бар ғалымдар жеткіліксіз. Селекциялық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жылдар бойы жаңартылмай, кенжелеп қалған. Сала мамандары мен ғалымдардың қолданыстағы барлық селекциялық техникалары мен құрал-жабдықтары моральдық жағынан ескі және заманауи талаптарға мүлдем сәйкес келмейді.
Тұқым шаруашылығында қордаланған мәселелерді шешу мақсатында шаруашылықтар тұқым себу кезінде элиталы және жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалануға мүдделілік білдіруі керек, түпнұсқалы және элиталы тұқымдарды, бірінші ұрпақтағы будандар (гибридтер) мен бірінші репродукциядағы тұқымдарды (басым дақылдар бойынша) алу үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау жасау жұмыстарын, мемлекеттік бақылауды, төмен репродукциялы тұқымдарды пайдаланғаны үшін әкімгершілік жауапкершілікке тартуды күшейту қажет.
Сонымен қатар жоспарлы сорттық жаңартуды жүргізу үшін субсидияланған тұқымдарды мақсатты пайдалануға бақылау жүргізуді қамтамасыз ету керек. Бүгінгі таңда «Тұқым шаруашылығы туралы» заңға сәйкес бұл саладағы мемлекеттік бақылауды облыстардың жергілікті атқарушы органдарының тұқым шаруашылығы бойынша мемлекеттік инспекторлары іске асырады. Бірақ аудандардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреттілігі қаралмауы, тұқым шаруашылығы саласына аудандық деңгейде бақылау жүргізуге қиындықтар тудыруда. Сондықтан, бақылау тиімділігін арттыру мақсатында тұқым шаруашылығында аудандардың (облыстық маңыздағы қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреттілігін қарастыру керек.
Ғылыми-өндірістік орталықтар мен АШТӨ егіс алқаптарында үздік отандық сорттар мен гибридтерді кең ауқымда сала мамандарына көрсетуді ұйымдастырған жөн. Мемлекеттік сортсынау учаскелерінде мемлекеттік сынау әдістемесі мен сортттық технологияны қолдануды сақтай отырып нақты аймаққа бейімделген қолданыстағы агротехникаға сәйкес дақылдар мен сорттарды зерттеуді жүргізу керек.
2015 жылғы 27 наурыздағы № 4-2/226 тиісті ережелер шеңберінде тұқым өсіруші шаруашылықтарды аттестаттаудан немесе қайта аттестаттаудан өткізу қажет деп санаймыз.
Біз Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселелердің шешілуіне назар аударуды сұрадық.
Абзал ЕРАЛИЕВ, Мәжіліс депутаты