Әр реформа мен мемлекеттік бағдарламалардың табыстылығы оны ұйымдастырушылардың дайындығына, халықтың хабардар болуына және қолдауына байланысты. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда барлық шаруа көбінесе өзіміз жариялағандай болмай тұр. Позитивті идеялардың беделін түсіру, жобаларды іске асыру жолындағы кедергілер орындаудың ең алғашқы кезеңінде басталады.
Біздің әңгімеміз отандық медицинаға дүниежүзілік стандарттарды енгізу және азаматтар үшін оның қолжетімді болуын нысанаға ала отырып, Елбасымыз қажет деп анық тұжырымдаған денсаулық сақтау саласындағы реформалар төңірегінде өрбиді.
Тиісті министрліктің осы бағыттағы қадамы алаңдаушылық тудырып отыр. Асығыстық, түсіндіру жұмыстарының жеткілікті жүргізілмеуі, жұмыстардың анық та егжей-тегжейлі ойластырылып, рет-ретімен істелмеуі, әрбір аурухананың ерекшеліктерін ескермеу көптеген пациенттерге де, мемлекеттік ауруханаларға да қиындықтар келтіріп, іске асырылып жатқан реформаларға сенімсіздік тудыруда.
Пациенттер қауымымен қатар медициналық қызметкерлердің көбі түсіне алмаған мемлекеттік стационарларды қаржыландырудың көлемін 20% қысқарту дәл осындай жолмен атқарылуда. Негізінде директивалық болып табылатын осындай қадамға дайындық жеткіліксіз екеніне іс-әрекеттерді тиісті үйлестірудің және стационарлық көмек көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алған жеке медициналық ұйымдарда емделу мүмкіндігі мен олар орналасқан жер туралы тұрғындарды хабардар етудің болмауы дәлел. Министр мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) басқармасы төрағасының айтқандары, өкінішке қарай, тек қана медицина саласындағы санаулы ғана шенеуніктерге түсінікті болып отыр.
Халықтың көбінің көңілін «әлеуметтік осал топтарға жататын ауруларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында медициналық қызмет көрсетушілер саны 2018 жылы 2017 жылға қарағанда 1,5 есеге өседі» деген сияқты жағымды статис- тика көншіте алмауда. Өйткені оларға қажетті көмек дәл осы жерде және тек қана қазір керек екені белгілі. Саны азая қоймаған инфекциялық аурулар, әсіресе, кәрілік жастағы демікпе, сусамыр (қант диабеті), гипертония сияқты 2 және одан да көп дертке шалдыққан пациенттер «ақша науқастың соңынан жүреді», «емдеу мекемесін еркін таңдау құқығы», «жаңа аймақтық тіркеулер» сияқты жарияланған қағидалардың мәнісін түсінбей, емдеуден бас тарта алмайтын, өздерінің үйреншікті стацио- нарларынан көмек іздеуде. Ал медициналық мекемелер өз тарапынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры акционерлік қорымен, ай сайынғы қаржыландыру сомасынан аспау туралы жасалған шартты бұзуға мәжбүр болып отыр. Ол үшін өте үлкен айыппұлдар қарастырылған. «Әрі тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынадының» кері.
Мұның бәрі азаматтардың көрсетіліп отырған медициналық қызметтің сапасына қанағаттану дәрежесін төмендетуде. Жер-жерден келген хабарға қарағанда, олардың бюджеттерін қысқарту барысында дәрі-дәрмектің, азық-түліктің, коммуналдық және өзге де шығындар бағасының, жалпы инфляцияның өсуі ескерілмей отыр. Бұған қоса қабылдау бөлмелеріне барып жатпай, бірақ кейбір диагностикалық және емдеу процедураларын алатын па- циенттерге көрсетілген шығындар стационарларға жыл сайын өтелмеуде. Мысалы тек Ақмола облысы бойынша 2017 жылы қайтарылмаған жалпы сомасы шамамен 93 млн теңге тұратын 400 мыңнан астам осындай қызмет көрсетілген. Медицинаны осылай қаржыландырудың естен тандыру терапиясы, біздің ойымызша халықтың осындай реформаларға деген сенімін жоғалтады және бұл мемлекеттік мекемелерді банкроттыққа әкеліп соқтыру үшін қасақана жасалады деген қауесеттердің тарауы- на жол береді. Осыдан келіп «Үкімет әзірлеп, Парламент қабылдаған бюджетті бейіндік министрліктің хаттамалық шешімімен 20 пайызға қысқарту, бюджетпен жүргізілген басқа да еркін операциялар қаншалықты заңды?» деген әділ сұрақ туындайды.
Мен осы мәселелерді қамти отырып, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың атына сауал жолдадым. Мәселені зерттеп, дұрыс шешім қабылданар деген үміттемін.
Жалпы, медицинадағы өзгерістерді «хирургиялық» әдіспен жасау, халыққа қызмет көрсетуде көптеген проблемаларды туындатары анық. Ұйымдастырушылардың ресми жауаптарынан олар өздеріне не жүктелетінін әлі де толық түсінбей отырғанын байқауға болады.
Тұрғын СЫЗДЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты