Адамның өмірде абыройлы болмағы алдымен Алладан, одан кейін өзінен шығар. Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайды. Сол сында сынып кетпегеннің маңдайы жарық, мерейі үстем. Ол ол ма, асыл туған, асып туған кей тұлғалар өзгелердің алдына түсіп, көне грек аңызындағы Данко құсап, өз кеудесінен жұлып алған жүрегінің жарығымен жол бастайды. Бір қауым елдің тағдырын осы жол шешеді. Бұл күнде сексенге келіп, халқының құрмет төрінде отырған Қасымбек ақсақалдың маңдайына жол бастау мен ел басқаруды жазған екен. «Өткен күнде белгі жоқ» деген, патша уақыт адам жадында қиын-қыстау кездерді ұмыттырып, қызық-қуанышты ғана қалдыруға шебер. Әйтпесе шаруашылық істер мен қоғамдық-саяси қарбаластарға толы ғұмыр жолы тақтайдай тегіс болуы мүмкін бе?!
Өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы жастар ішер ас, киер киімді ысырып қойып, алдымен білім алуға құштар болғанын көзкөргендердің әңгімесінен, естелік жазбалардан жақсы білеміз. Жас Қасымбек те осы санаттан еді. 1963 жылы тәмамдаған Қарағанды педагогикалық институтымен шектелмей, әр жылдары КОКП Орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірді. Мұның бәрі жігерлі азаматтың білімге деген ұмтылысымен қатар, қызмет барысындағы қажеттіліктерден де туындаған еді. Жиырмаға жаңа іліккен жас жігіт шаруашылық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Өзі туған Шет ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық комсомол ұйымының жетекшісі, Ақтоғай селолық комсомол комитетінің хатшысы, Қарағанды облыстық селолық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметтерін жемісті атқарды.
Коммунистік партияның оң қолындай болған комсомолдың аймақтық ұйымын басқару айтуға ғана оңай. Өңірдегі жастар ісіне қатысты бар шаруаның басы-қасында жүрді. Ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қарағанды өңірінің тарихын өз қолымен жасаған Бәйкен Әшімов, Сұлтан Досмағамбетов, Мәлік Имашев, Қамза Жұмабеков, Тұрсын Төреғожин сияқты қайраткер тұлғалардың қасында жүріп, тәлім алды. Алғырлығы мен тиянақтылығына, түгесілместей ерік-жігеріне тәнті болған облыс басшылығы Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындағанда бұл небәрі 26 жаста еді. Қарағанды обкомының сол тұстағы бірінші хатшысы Николай Банников сәт сапар тілеп, «Кеңес Одағындағы ең жас хатшы болдың. Еңбегің жансын!», дегені өзіне артылған сенімнің салмағын сездіріп, жігерін жани түсті.
Хатшы болды дегенмен, бұл оның саяси қызметінің бастауы ғана еді. Табанды жастың талабын құптаған алдыңғы буын ағалары Қасымбекті Қарағанды облыстық партия комитетінің аппаратында да бірқатар жауапты қызметтерге жегіп, әбден сынады.
Облыстық партия комитеті 1973 жылы құрылған Жезқазған облысының қарамағына енген Ақтоғай ауданының атқару комитетін басқаруға ұсыныс білдіргенде Қасымбек Медиұлы еш жүрексінген жоқ. Ауданның бірінші хатшысы болған тәжірибесі бар, оның үстіне біршама уақыт Ақтоғай комсомолын басқарғаны бар. Таныс ортада тасыңды өрге домалату қиын емес. Алайда, бұл ойынан обком хатшысы, өзінің ұстазы Мәлік Имашевтің айтқан сөзінен кейін айнып қалды.
– Ақтоғайдың атқару комитетін қиналмай басқаратыныңа күмәнім жоқ, – деп еді сонда ұстазы. – Бірақ мәселе сол қиындықта. Ақтоғай ауданының дәл қазіргі уақытта жанталасқан жұмысты қажет ететін проблемасы жоқ. Бір арнаға түскен жұмыс ырғағы жас адамды жалқау етіп жіберуі мүмкін. Партияның сарбазын шешілмей жатқан шаруалар ширатып, дамылсыз еңбек шыңдайды. Жаңадан ашылып жатқан Ақадыр ауданының атқару комитетіне де басшы керек. Алайда, Ақадырда атқаратын шаруа шаш-етектен, проблема көл-көсір. Қабілетіңді танытып, басшылық қызметте ысылуың үшін осы жаңа аудан тиімді болар бәлкім. Ойланып көрсең қайтеді?..
Бұл ойланған да жоқ. «Келісемін, – деді табан астында. – Сенім артып отырсаңыздар, ойланатын несі бар?». Ризашылықпен қолын алып, арқасынан қаққан хатшының кабинетінен қанаттанып шықты.
Ұстазының айтқаны айдай келді. Бұған дейін тіршілік нәрін негізінен темір жолдан, одан кейін Ақшатау кен байыту комбинатынан алып, басқа салаға бас қатырып көрмеген елді мекенді аудан орталығына айналдыру оңайға түскен жоқ. Дегенмен, Қасымбек Медиұлы аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде түйіні қиын талай мәселенің шешімін тауып, қаншама қайырлы істерге бастамашы бола білді. Алғашқы екі жылда Қарағанды, Жезқазған, Балқаш бағытындағы жолдарға асфальт төселді. Аудан орталығынан барлық кеңшарларға қысы-жазы қатынауға ыңғайлы көтерме жолдар салынды. Шалғай ауылдарға электр жарығы тартылып, аудан халқы жаппай теледидар көру мүмкіндігіне ие болды. Мұның бәрі сол уақытта аса зор жетістіктер еді және соның баршасына жас та болса бас болған ауатком төрағасының көп еңбегі сіңді. Жаңа құрылған ауданның аз ғана уақыт ішінде аяғынан тік тұрып, тұрақты дамуына он үш жыл үлес қосты. Жай ғана үлес қоспай, халықты соған жұмылдыра білді.
Ал 1986 жылдың күзінде облыс басшылығы Қасымбек Медиұлын Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындады. Ауданда оны Ақадырдағыдай жүйелі жұмыс емес, жауапсыздық салдарынан туындаған проблема қарсы алды. Қар қылаулап тұрған қарашаның басы болса да, қыстақтарға шабындықтағы шөптің 40 пайызы ғана жеткізілген. Барлық кеңшар директорлары мен шаруашылық басшыларын шұғыл түрде жинап, қатаң талап қойды, бас-басына тапсырма берді. Қыс қаһарына мініп, ауыл-аймаққа қосымша жем-шөпті трактормен жеткізу мүмкін болмай қалғанда, республика әуе флотының басшысы Алексей Кузнецовпен телефон арқылы келісіп, үш әскери тікұшақ алдырғаны елдің есінде. Сол қыс ақыры осындай жанталасқан амалдармен мал-жанды аман алып шықты. Жездінің атқамінерлеріне білгенін үйретіп, шаруашылық есеп, мердігерлік, үнемшілдік тәртібін орнатты.
Ел тәуелсіздігі қарсаңында Қасымбек Медиұлы бірнеше жыл Жезқазған облысының екінші хатшысы, Жезқазған облаткомының төрағасы болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Жезқазған өңірінің дамып, мемлекетке пайда әкелуіне басшы ретінде өлшеусіз еңбек сіңірді.
1992 жылдың ақпан айында Қасымбек Медиұлы Шет ауданының әкімі болды. Бұл оның туған жерге, өзі түлеп ұшқан ұясына араға отыз жыл салып қайта оралуы еді. Жерлестері қуана құшақ жайып қарсы алды.
Шет ауданы – 80-жылдардың ортасында Жезқазған облысындағы маңдайалды өңірлердің бірі болған. Аудан жыл сайын облыс өндірген астықтың 30-35 пайызын, картоп пен көкөністің 50 пайызын, мемлекетке сүт өткізудің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырды. Шаруашылықтар етті, сүтті қара малмен айналысты. «Просторное», «Батық», «Красная поляна» асыл тұқымды мал зауыттарындағы қазақтың ақбас және даланың қызыл сиырларының саны 12 мың бастан асты. Соның бәрін шашау шығармай, халықтың игілігіне жарату оңай шаруа болған жоқ. Қаскең әкім ретінде облыс басшыларының мемлекеттік меншікті жекешелендіріп, тезірек жеке тұлғалардың қолына беру керек деген нұсқауларын орындауға асыққан жоқ. 1993-1995 жылдар аралығын қамтыған алғашқы кезеңде кеңшарларды ұжымшар санатымен қайта құрып, асыл тұқымды мал зауыттарын акционерлік қоғамға айналдырды. Бұл өзгерістер біршама уақытқа дейін оң нәтижесін беріп келді.
Қасымбек Медиұлы күнделікті жұмыстар барысында басқа аудандардағы дағдысымен халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуды, соғыс және еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға тұрақты көңіл бөліп, оларға қажетті жағдай жасауды өзінің жеке бақылауына алды. Ауданның барлық ауылдық округтерінде қайырымдылық дүкендері ашылып, халықты бағасы төмендетілген тауарлармен қамтамасыз етті. Соғыс ардагерлеріне, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға көмір мен шөп тегін жеткізіліп тұрды.
Қаскең аудан көлемінде бірталай рухани-мәдени шараларды өзі бас болып жүзеге асырды. 1993 жылы Шортанбай Қанайұлының 175 жылдық мерейтойын ел көлемінде өткізді. Ақсу-Аюлыда аз ғана уақыттың ішінде тұңғыш мешітті көтерді. Аудан орталығында құрылысы бірнеше жыл бұрын тоқтап қалған 150 орындық аурухананы салып бітіріп, іске қосты.
Сонымен қатар Қарағанды металлургия комбинатының шефтік көмегімен аудан орталығында жаңадан 14 шақырым су құбыры тартылып, сырттан келетін су құбырының 6,5 шақырым бөлігі тегін жаңартылды. Аудан орталығы Ақсу-Аюлыда қос пәтерлі бес үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
* * *
Қайраткер адам тіршіліктің күнделікті қарбаластарымен шектеле алмайды. Оның санасында әрдайым ұлт қамы, ұрпақ мүддесі жүреді. Сонау 1991 жылдың 2 қазанында Алаштың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр айлағынан көкке самғарда Нұрсұлтан Назарбаев бастаған зиялылар қазақтың батыр ұлына сәт сапар тіледі. Сол шағын топтың ішінде болған Қасымбек аға шексіз қуанышты еді. Ұлтының барша арман-тілегін Тоқтар інісі дәл қазір Жаратушының өзіне жеткізіп аттанып бара жатқандай күй кешті. Іштегі толқынысы лықсып келіп, жанарына жас үйірілді... Алла тілекті қабыл етті ғой, осыдан кейін көп ұзамай, Қазақ елі ғасырлар бойғы арманына жетіп, тәуелсіз мемлекет болды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тарихи сессиясы өтті. Тарихи болатыны – дәл осы күні «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау-қабылдамау мәселесі шешілді. Қарсы шыққандар да табылып, тәуелсіздік тағдыры таразыға түскен шақ еді. Қасымбек Медиұлы сөз сұрады.
– Жарыссөзді тоқтатайық! – деді тәжірибелі депутат жоғары мінберден. – Енді созбақтай беретін ештеңе жоқ. Бұл заң біздің мемлекетімізді нығайту үшін ауадай қажет! Бізден басқа одақтас республикалардың барлығы тәуелсіздігін жариялады. Біз нені күтіп отырмыз? Талқылауды тоқтатып, заңды қабылдайық!
Тұтас бір ұлт үшін шешуші сәтте шешімді сөз айтқан азаматты дана десе болар. Саналы ғұмырын елдік мәселелерге арнап келе жатқан Қасекеңнің сөзі мен ісі әрдайым халқының көкейіндегіні дәл тауып жатады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІ, ХІІ шақырылымдарының депутаты болған кезінде де ел алдындағы сертінен айнымады. «Нұр Отан» партиясының іргетасын қаласқандардың қатарында болғаны да өміртарихында өшпес із қалдырды. 1999-2012 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет еткенінде өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Осы жасқа келгенде де аттан түспеген Қасымбек Медиұлы қазіргі уақытта Қазақстан мәслихаттар депутаттары бірлестігінің құрметті төрағасы. Сан жылғы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып келеді. Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері болды. «Парасат», «Құрмет», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, ондаған медальдармен марапатталған. Халқына қалаулы тұлға – Ақадыр мен Шет аудандарының құрметті азаматы. Тәуелсіздік тұғырының нығаюына қажыр-қайратымен, ерен еңбегімен үлес қосқан ардагер аға арман-мұраттарына қол жеткізген. Енді тек елінің бейбіт өмірі мен берекелі тұрмысы баянды болса екен деп тілейді. Тартыс пен табысқа, мазмұн мен мағынаға толы тағдыры үшін Алла тағалаға алғысы шексіз. Қазына кеудесі өмір сабақтарын өзгелермен бөлісуге дайын. Тіршіліктің мәні де сонда. Халықтың құрмет төріндегі Қасымбек ақсақалдардың қолына су құюға асығамыз.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ