• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Жұлдызды жиырма күн. БЕЙБІТШІЛІК БЕЛДЕУІ

488 рет
көрсетілді

Төртінші күн (29 қараша ): Бүгінгі таңда Қазақстан ядросыз әлем құру жолындағы халықаралық қозғалыстың белсенді де беделді мүшесі болып отыр. Бұл істегі Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары әлемдік қоғамдастық, соның ішінде БҰҰ және АҚШ пен Еуропаның беделді елдері тарапынан қуанышты қолдаулар табуда. Біз төменде осы қозғалыс шеңберінде Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айта­тын мақалалар топтамасын ұсынып отырмыз.   Барак ОБАМА, АҚШ Президенті: Қазақстан ұзақ уақыт бойы ядролық қауіп­сіздік сала­сының лидері және Америка Құрама Штаттарының досы бо­лып келеді. Осы саладағы бірлескен жобаларымыздың жалға­суын асыға күтемін. Пан ГИ МУН, БҰҰ Бас хатшысы: Өзімнің былтырғы Семейге барған сапа­рымды ешқашан ұмытпаймын. Бұл жер ондаған жылдар бойы «қырғи-қабақ со­ғыстың» эпицентрі болып келді. Сіздің (Н.Назарбаевтың) 20 жыл бұрынғы батыл шешімдеріңіздің арқасында ғана Семей жерінде үміттің оты маздады. Джек СТРО, Ұлыбритания: Қазақстанның үлгісі бо­йынша бірнеше мемлекет ядро­лық қарудан өз еріктерімен бас тарт­ты. Менің ойымша, әлем Қазақстанға рах­мет айтуы керек.   Эни ФАЛЕОМАВАЕГА, АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі: Президент Н.Назарбаевқа, сенаторлар Р.Лу­гар мен С.Наннға Нобель Бейбітшілік сый­лығы берілсе, олардың тарихи үлесін адамзаттың ла­йықты бағалағаны болар еді. Мұндай жоғары ба­ғаның ядролық қатерді азайтып, жаһандық қа­уіп­сіз­дік­ті нығай­татынына менің сенімім мол.   Коитиро МАЦУРА, ЮНЕСКО-ның Бас директоры: Мен Қазақстан Президенті Н.Назар­баев­тың ядролық қару қорларын жоюға бағыт­талған күш-жігерін барынша құп­таймын.   Ричард ЛУГАР, АҚШ сенаторы: АҚШ пен Қазақстанның «Нанн-Лугар бағ­дарламасы» бо­йынша жүзеге асырылған жаппай қырып-жоятын қарудың ин­фрақұрылымын бөл­шек­теу са­ла­сындағы тығыз ынтымақ­тас­тығы біздің елдеріміз ара­сындағы ізгі қатынас­тар­ды да­мыту үшін құнарлы негіз болып қалады.   Халық пен биліктің тұтастығы алғаш ядролық қаруға қарсы күресте көрініс тапты Жаппай қырып-жойғыш ядролық қарудың дүние жү­зіндегі арсеналы Жер бетіндегі тірлікті түгел жойып жіберуге жететін әлеуетке жеткеннен бері ядросыз әлемге көшу идеясы да туған еді. Өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарынан ядролық қаруды жою идеясын көтерген адамдар көбейді. Соның бірі көсемсөзші Джонатан Шелл болды. Ол 1984 жылы өзінің «Тһе аbolition» («Тыйым салу») атты еңбегін жариялады. Ал бұл туралы жоғары деңгейдегі халық­ара­лық келіссөздер алғаш рет АҚШ президенті Р.Рейган мен КСРО президенті М.Горба­чев­тің 1986 жылғы қазанда Исландия астанасы – Рейкьявикте кездесуінде қозғалды. Әлем­дік сарапшылардың ай­туына қара­ғанда, осы кездесуден кейін ядролық қаруды жасауда тежеліс пайда болған. Ал бұл кезде ядролық оқтұм­сық­тар саны 50 мыңға жеткен еді. Рейган мен Горбачев ядро­лық қаруды жою жөніндегі негізгі мақсатқа жетпегенімен әлем­ге оны шұғыл қысқарту бағдарын көрсетіп кетті. Бірақ АҚШ пен Ресейде және олардан басқа да ядролық клубқа енетін елдерде әлі күнге оның мыңдаған оқтұмсықтары қа­лып отыр. Бүгінгі күні ядро­лық қарудың қаупі арта түсті, себебі, террористік ұйымдар оларды қолға түсіруге барлық күштерін салып, жанталасуда. Атом бомбасының өзі болмаса да ядролық құрылымды қолға түсірудің өзіне олар орасан зор қаржыны аямауға бел бууда. Әзірге өркениетті әлем ядро­лық қарудың қолды бо­луына жол берген жоқ. Бірақ қарудың көбеюі және оны иеленген елдер санының арта түсуі қолды болу қаупін де зорайтуда. Бар-жоғы бірнеше жыл бұрын ғана ядролық ма­териалдарды сататын «қара базарды» жоюға қол жеткізілді. Бірнеше жыл бойы әрекет еткен оның сөрелерінен қан­шама материалдың ниеті бұ­зық адамдардың қолына түс­кені белгісіз. Қауіпсіздік ша­ра­ларын барынша жетілдірдік дейтін АҚШ-тың өзінде 2008 жылы екі рет ядролық мате­риалдардың сатылған фактілері әшкереленді. Атом бомбасының зарда­­­бын әлемде өз басынан өт­кер­ген мем­­­ле­кет­тің бі­рі ретінде Қа­зақ елі ядро­­лық қа­­ру­сыз әлем де­­­ген ұран­ға қай күннен елең­деп тұ­рады. Ақын Олжас Сү­лей­ме­нов­­тің сөзімен айтқанда, біздің жерімізде «мемлекет өз халқына қарсы ты­ныш атом соғысын жүргізіп келді». Қазақстан аумағындағы әлемдегі ең үлкен Семей ядролық сынақ по­лигонында 40 жыл бойы, соның ішінде 14 жыл ашық далада жа­рылған бомбалардан тараған радиация 300 мыңнан артық шаршы шақырымды шар­пып, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаның флорасы мен фаунасына орасан зор зиян келтіргенін және әлі де қауіп туғызып жатқанын қазір жақсы білеміз. Даланың қатал табиғатынан сұ­­рыпталған, ден­саулығы мықты, төзімді, оның үстіне көп балалы болып ке­­летін қазақ от­басыларында бұ­рын болып көр­меген рак, лейкемия, ерте катаракт болу, туберкулез, аллергия, глаукома, жүрек-қан та­мырлары, тері жә­не жүйке аурулары қаптап кетті. Балалардың екі­­­­­­­басты, қолсыз, бүйрексіз, т.б. тууы да кө­бейді. Ал жайдан-жай әлсіреу, бас айналу, шаштың ерте түсуі, суицид секілді көріністер жаппай орын алды. Осындай жағдай мал ба­сында да көбейді. Бір отар қойдың бір сәтте жүні түсіп немесе жаппай соқыр болып қалуы секілді сұм­дықтарды қазақ қана бастан кешкен шығар. Ол-ол ма, кеше ғана тамаша мал жайылымы немесе көз жеткізгісіз жазық дала болған жондарда аяқ астынан тау немесе көл пайда болғанын, ал таулардың жоғалып кеткенін де қазақтан басқа кім көрген. 1989 жылы КСРО-дағы демо­кратиялық үдерістерді пайдаланып, Қазақстанда тұңғыш рет ядролық қаруға қарсы қозғалыс дүниеге келді. Халқымыздың айбынды ақыны Олжас Сүлейменовтің бастама­сымен «Невада-Семей» деген атау алған қозғалыс Қазақстан Жазу­шылар одағының ғимаратында құ­рылып, алғашқы митингісін сол жылғы 28 ақпанда өткізді. Оның ядролық сынақтарды тоқтату та­лаптарын бүкіл ел болып қолдады. Сол жылы Қарағанды мен оның маңындағы қалалардың 130 мың шахтері, Семей, Павлодар, Өске­меннің жұмысшылары сынаққа қарсы мерзімсіз ереуілге шықты. Халықтың дүмпуімен сол жылы жоспарланған 18 жарылыстың 11 тоқтатылды. Ең соңғысы 19 қазанда болды. Бұл қозғалыс әлемдік сипат алып, халықаралық ядролық қа­руға қарсы альянсқа ұласты. Олар Қазақстанда ғана емес, Ресей, Америка және Жапония елдеріндегі қарсылық демонстрациялары мен митингілеріне жалғасты. Міне, осы кезден бастап халықтың жаппай көтерілуінен ыққан өкімет Семей сынақ полигонында жары­лыс өткізген жоқ. Бірақ орталық билік полигонды жабуды ойға да алмады. Тек, халықтың аңсаған тілегін қабыл етіп, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 409-шы Жарлығымен сол кезде әлі де қуатынан айрыла қоймаған КСРО Әс­кери-өнеркәсіп кеше­ні­нің қарсылығына қарамай, Семей ядролық сынақ поли­гонын мәңгіге жапты. Оның соңын ала әлемдегі қал­ған төрт зәулім – Жаңа Жер (Ресей), Невада (АҚШ), Мороруа (Франция), Лобнор (ҚХР) по­лигондарында да сынақ­қа мораторий жария­ланды. Ал 1992 жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде СНВ-1 шартының ядро­лық қаруды таратпау жөніндегі Хаттамасына қол қойды. Содан бері Қазақстан ядро­лық қаруға қарсы әлемдік қозғалыстың көш­басшылары қата­рында келеді. Қазір дүниенің бар­лық бұры­шын­да ядролық қаруға қарсы әңгіме бола қалса, ішінде Қазақстан аталады. Және Қазақ­станның қа­ты­суынсыз бірде-бір ондай әлем­дік шара өткізілмейді. Қазақ­стан­ның ядролық сынақ­тарға қарсы жасаған қағидатты қадамдары 1996 жылғы 24 қыр­күйекте БҰҰ Бас Ассамблея­сын­дағы «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа» қол қоюға ұлас­ты, деп жазды белгілі дипломат Қ.Тоқаев. Бүгінгі күні бұл шартқа 182 мемлекет қол қойып, оны 154 ел ратифика­ция­лады. Ядросыз әлем­ге қол жеткізу одан әбден қасірет шеккен Қа­зақстан халқы­ның арманы еді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дең­гейде іске асыруға батыл кірісіп кетті. Камал БҰРХАНОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор.