• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Наурыз, 2018

16 мал бордақылау алаңы бар елді мекен

1605 рет
көрсетілді

Елбасы биылғы Жолдауында өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген тұрғындар мәселесіне ерекше тоқталып: «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», деген еді. Жақында Абай ауданына ісссапармен барғанымызда осы бағытта бірқатар жүйелі жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанына көзіміз жетті.

Абай ауданы негізінен мал шаруашы­лығымен шұғыл­данады. Бір қуантатыны, соңғы жылдары аудан тұрғындары мем­­лекеттік бағдарламалар ар­қылы қолын­дағы азын-аулақ малы­ның қарасын көбей­тіп, бор­да­қылау алаңдарын бірінен соң бірі аша бастапты. Мәселен, екі мың­ға жуық тұрғыны бар Көк­бай ауы­лын­да қазір 16 бор­дақы­лау алаңы жұ­мыс істеп тұр екен. Ауылдық округтің әкімі Шәріп­қазы Жылқайдардың айтуын­­ша, бүгінде елді мекен­де 94 шаруа қожа­лығы мал өсі­ру­­мен айналыса­ды. Көкбай­да мал бордақылау алаңын аш­қан іскер азаматтардың бірі – Серік­­қали Көпжанұлы. Екі қол­ға бір күрек таппай жүрген жігіт был­тыр «Нұр-Наз» коо­пе­ра­тивінің мүшесі ретінде «Нәти­желі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту» бағдарламасы аясында 3 миллион 800 мың теңге көле­мін­де несие алыпты. «Қазір отыз бас ірі қара мен 100 бас қой­ды қо­рам­да бордақылап отырмын. Алғаш­қыда мемлекеттен бір миллион теңге несие алып, осы кәсіпті бастаған едім. Ісім оң­ға басып, қарызды уақытында қайтар­дым. Содан өткен жылы коо­ператив құрамына кіріп, тағы да қомақты несие алдым. Енді қа­зір семіртуге қойған малдың са­нын көбейтіп жатырмын», дейді ол.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған ауыл тұрғындарының бірі Жұлдыз Төлеубеков әуелде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен – 1 миллион, кейін кооператив арқылы тағы да 2,5 миллион теңге несие алып, елу бас ірі қараны бордақылауға қойыпты. Бордақылау алаңын ашқанға дейін жұмыссыз жүрген жігіт бүгінгі кәсібіне көңілі толатынын жеткізді. Көңілі толма­ғанда ше? Мәселен, малдың басын 150 мың теңгеден сатып алса, семірткен соң әрқайсысын 250-300 мың теңгеден саудаға шығарады. Пайда ма? Пайда. «Етті Семейге апарып өткіземіз, басқа жақтан келіп сатып алатындар да бар. Әрине, еттің бағасын сәл көтерсе болар еді. Өйткені мал бағу оңай шаруа емес. Жем-шөбіңіз де арзанға түспейді. Жарай­ды, шөп өзімізде бар, ал жемді сонау Үр­жар­дан алдырамыз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, осы малдың арқасында балаларымызды оқытып, кәсібімізді дөңгелетіп жатырмыз», деген ол алдағы уақытта бордақыдағы мал басын жүзге жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Бордақылау демекші, екі жігіт­­тің де бордақыдағы мал­­дары­­ның көпшілігі асыл тұқым­ды. «Біздің округте 300 мың гек­тар жер бар. Тұрғындарға қысы-жазы мал бағу­ға әбден қо­лайлы. Бұған қоса мемлекет тарапы­нан субсидия берілгені де үл­кен қолдау болды. Әсіресе жұмыс­сыз жүр­гендерге өзінің кәсі­бін ашуға тамаша мүмкіндік жасал­ды. Ондай азаматтар ауы­лы­мызда көп», дейді ауыл әкімі Шәріп­қазы Санбайұлы.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал ғана емес, техника сатып алып жатқан тұрғындар да бар. Мәселен, «Қуат» шаруа қожалығы екі жыл бұрын «Қаз­агро­қаржы» арқылы лизинг­ке трактор сатып алыпты. «Әуелде 7 сиыр мен 60 қойымыз болған. Қазір сиыр 100-ге, сау­лық қой саны 700-ге жетті. Мемле­кет­тік бағ­дарламалар арқылы малды ірі­лен­діру үшін 10 миллион тең­геге сиыр мен бұқа сатып алдық. Мал өсірсең, шаруашылығың өркендейді. Ха­лыққа пайдаң тиеді. Бес адамды жұмыс­пен қамтып отырмыз. Қазір мемлекет халық­қа несие беріп, көмектесіп жатыр. «Мал алыңдар, өсіріңдер, байыңдар» деп жатыр. Аудан басшылығы да ауыл тұр­ғын­дарын үнемі қолдап отырады», дейді осы ауылдың тұрғыны, 45 жыл жүргізуші болған, шөп тасудан ауыл, аудан, облыс чемпионы атанған, 8 баланың әкесі Қанатбек Ермекбаев ақсақал.

Мал шаруашылығы қанат жайған Көкбай ауылына «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында Ұлт­тық қордан 324 миллион тең­ге қаражат бөлініп, ауыз су құбы­р­ы тартылыпты. «Қазір ауыл­­дағы халықтың тұр­мысы тәуір. Ауылы­мызға көп­тен күт­кен ауыз су да келді. Енді бала­ларым су әкелу үшін қара суық­та далаға шықпайды. Өйт­кені үйде барлық жағдай жасал­ған. Бұрынғыдай емес, бүгін­де балалардың ойнайтын жері мен ауыл тұрғындарының серуен­дей­тін сүйік­ті орындарына дейін бар. Біз бала күні­мізде мұның бірін де көрген жоқпыз. Сон­дық­тан кейінгі жас ұрпақ бақытты деп ойлаймын», дейді Көкбай ауылының тұрғыны, зейнеткер Бижамал Сұлташева.

Бүгінде Көкбай ауылындағы 262 түтін­нің жартысынан көбі үйлеріне ауыз су кіргізіп алыпты. Аудандық сәу­лет-құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлыбек Шал­табановтың айтуынша, аудандағы барлық ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Аудан орталығы Қарауылдың іргесін­дегі бұл ауылда шағын және орта кәсіп­керлік те қарқынды дамып келеді. Қазір елді мекенде үш наубайхана жұ­мыс істеп тұр. Көкбай ауылының тұр­ғын­­дары наубайхана мен азық-түлік дүкен­­д­ерінде, шаруа қожалықтарында еңбек етіп, күнделікті нәпақаларын тауып жүр. «Нан өнімдерін шығару­мен айна­лы­­самын. Бола­шақта халықтың сұра­ны­сын қанағат­тан­дыру мақсатында күні­не 150-160 нан пісіруді жоспарлап отыр­мыз. Біздің өнімдеріміз ауыл тұрғын­дары­на қолжетімді баға­да сатылуда», дейді ауыл­дастарын жұмыспен қам­тамасыз етіп отырған кәсіпкер Әділет Әскербекұлы.

Абай ауданы әкімінің орынбасары Марат Еділбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда 600 шаруа қожалығы мен 3441 қосалқы шаруашылық жұмыс істейді. 2017 жылы өңір шаруалары мемлекеттік «Игілік» және «Береке» бағдарламалары арқылы 203 миллион теңге несие алған. Биыл осы бағдар­лама­лармен несие алу үшін 251 миллион теңгеге өтінім беріліпті. Бүгінде ауданда 7 кооператив бол­са, биыл тағы 1 кооператив ашу жоспарланып отыр.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Көкбай ауылы