• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Тәуелсіздік жемісі

405 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің өткен жиырма жылындағы тындырылған көп жұмыс­тар­дың бірі сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес болды. Бәрін айт­па­ғанда, соңғы жылдары Елбасы Нұр­­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың тап­сыр­ма­сы бойынша ЭЫДҰ тара­пы­нан (Эконо­ми­ка­лық ынтымақтастық және даму ұйы­мы) берілген ұсыныс­тар­дың көбін жүзеге асыруға және ұлттық заңнаманы халықаралық стан­дарттарға сәйкестен­діруге бағытталған қарқынды реформалар жүргізілді. Олардың қата­рын­да жем­қорлыққа қар­сы тұру сала­сын­дағы ұлттық саясат пен заңнаманы жетілдіру, оған қоса мемлекеттік қызмет пен қар­жылық бақылаудың ашықтығын қамта­масыз ету бойынша бірнеше ұсы­ныс жасал­ған. Солардың денін Қазақ­стан орындаған көрінеді. Бұл туралы кеше сарапшылардың мониторинг тобының басшысы, ЭЫДҰ кеңесшісі Дмытро Котляр хабардар етті. Сыбайлас жемқорлық көріністері әлем­нің кез келген елінде кездеседі, дейді сарапшылар. Бірақ оның деңгейі әр елде әр түрлі екендігі де белгілі. Себебі мемлекеттің экономикалық қауіп­сіз­­ді­гіне тікелей қауіп төндіретін мұн­дай кеселден құтылу үшін әр ел жем­қор­лық­пен күресті күшейтуде түрлі амалды да қолға алып отыр. Осы орайда озық ел­дер­дің оң үрдістері мен ұсы­ныстарына ден қою күрмеуі күрделі түйіндердің сәтті шешімін табуда көмегін тигізетіні анық. Бұл бағытта сыбайлас жемқор­лық­тың ең қауіпті кесел екендігін ерте аңғарған мемлекетіміз ТМД елдерінің арасында бірінші болып сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заң қабылдады. Соның арқасында бір­қатар іс тындырылды. Алайда заңның да жүз пайыз жүзеге асуы үшін озық елдердің озық амалдары заң тетігіне дем беруі керек. Бұл орайда Эконо­ми­калық қылмысқа және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары А.Лукиннің айтуына қарағанда, біздің еліміз сонау 2004 жылы Экономикалық ынты­мақ­тас­тық және даму ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия мемлекеттеріне арналған сыбайлас жемқор­лық­қа күрес жөніндегі Ыстамбұл жоспа­ры­ның мүше­лі­гіне енген. Оның штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Осы жоспар ая­сын­да 2005 жылы Қа­зақ­станға сыбайлас жемқор­лыққа қар­сы тұру саласындағы ұлттық саясат пен заңнаманы жетілдіру, оған қоса мем­лекеттік қызмет пен қар­жылық ба­қылаудың ашықтығын қамта­масыз ету үшін 34 ұсыныс-кеңес берілген. 2007 жылы өткізілген мониторинг­тің 1-ке­зе­гінің нәтижесінде сарапшылар сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы мекемелерді құру және күшейту, оған қоса мемлекеттік қызмет пен қаржылық бақылаудың ашықтығын қамта­ма­сыз ету бойынша Қазақстанның қабыл­даған шараларына оң баға берді. Ағымдағы жыл барысында халық­ара­­лық сарапшылармен агенттіктің және мемлекеттік органдардың қол­дауы­мен сыбайлас жемқорлыққа қар­сы тұру са­ласындағы Қазақстан заңна­ма­сы­ның халықаралық стандарт­тар­ға сәйкесті­лігіне жүргізілген мони­торингінің 2-кезегі өткізілді. Аталған жұмыстың нәти­жесінде 2011 жылғы 29 қыркүйекте Париж қаласында Қа­зақ­стан бойынша есеп қабылданды. Мұнда 2008 жылы Қазақ­стан БҰҰ Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы конвен­циясын ратифи­ка­циялады, сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тар үшін қыл­мыс­тық жауапкершілік күшейтілді және толықтырылды, «Заң­сыз жолмен та­был­ған табыстарды заң­дастыруға және лаңкестікті қаржылан­ды­руға қарсы тұру туралы» заң қабыл­данды және қаржы­лық барлаудың ұлт­тық бөлімшесінің қызметтерін атқа­ра­тын Қаржылық министрліктің Қаржы­лық мониторинг комитеті құрылды, 2011-2015 жылдар­ға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша cалалық бағдар­ламасы бекітілді және жүзеге асырылғаны қуатталды. Енді алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында 3 салада: сы­байлас жемқорлыққа қарсы саясат, сы­байлас жемқорлыққа қылмыстық жауапкершілік және сыбайлас жемқор­лық­тың алдын алу бойынша 17 жаңа ұсыныс жасалды. Қазіргі таңда агенттік Президент Әкімшілігі, Үкімет және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, азаматтық қоғам субъектілерін тартумен аталған ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша жұмыс басталғанын айтты. Александр ТАСБОЛАТОВ.