• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Тойға тілек

1314 рет
көрсетілді

Сапалы білім, саналы тәрбие жолында Еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы бү­кіл халқымыздың ортақ мерекесіне айналып отыр. Бұл мерейтойды қазақстандықтар үлкен еңбек табысы үс­тінде қарсы алуда. Оны редакциямызға кең-байтақ Ота­ны­мыздың түкпір-түкпірінен толассыз келіп түсіп жат­қан хаттар легі айғақтайтындай. Төменде жарияланып отырған хаттарда сондай-ақ, Қа­зақ елінің мерейлі мерейтойына орай шын жүректен шық­­қан тілектерде жан-жақты көрініс тапқан. Осының бар­лығы отандастарымыздың шаттыққа толы көңілде­рі­­­мен қатар, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін білдіреді. Ендеше, біз де той, тойға ұлассын, ағайын, дейміз. Жуырда мектебіміздің 15 жылдығын атап өттік. Ел мерей­тойы­мен орайлас келген гимназияның ашылу тарихына көз жү­гір­тер болсақ, жасампаз 20 жылдық тарих бетіне жазылған бір парағындай сол күндер көңілге ыстық сезіледі. 1989 жылы қала­лық №3 орыс мектебінде тұңғыш қазақ сыныбы ашылғаннан-ақ болашақ ұрпақ жайын ойлаған елжанды азаматтар тарапынан солтүстік өңірдің орталық қаласында ана тілімізде білім, тәрбие беретін ұлттық шаңырақ ашу мәселесі жиі көтеріле бастады. Тәуелсіздік жарияланған жылы ғимараттың іргетасы қаланып, содан араға бес жыл салып 1996 жылы жаңа үлгідегі 320 орынды қазақ мектебі – классикалық гимназия пайдалануға берілгенде қуанбаған жан қалмады. 12 сынып жинақталып, 266 оқушы ана тілінде оқуға тілек білдірді. Жаңадан құрылған ұжым көп жыл­дық тарихы бар орыс тілді мектептермен бәсекеге түсе алатын­дай дәрежеге жетіп, көпшілік тілегін ақтай білді. Педагог кадр­лар­дың кәсіби шеберлігін жетілдіру, жас мамандармен толықтыру бағытында көп жұмыстар атқарылды. Білім ордасының мәртебесі мен классикалық атына сай ұлттық-мәдени орта қалып­тасты­рылды. 15 жылда жеткен жетістіктеріміз көп. Осы мерзім ішінде 17 түлегіміз «Алтын белгімен» бітіріп шықты. Республикалық, халықаралық білім байқаулары мен олимпиадаларда жеңімпаз, жүлдегер атанғандар аз емес. «Болашақ» бағдарламасы аясында жеті түлегіміз шетелдерде оқып жүр. Қазір гимназияда 800-ден астам бала бірегей ақпараттық жүйе бойынша білім алады. 22 спорт секциясы жұмыс істейді. Мәдени және полимәдени білім беру арқылы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ісі жүйелі жүргізіледі. «Ежелгі түркі мәдениеті», «Дүниежүзілік көркем әдебиет» курстары енгізілді. «Абайтану», «Мирас» « Республика байлығы» танымдық клубтары жұмыс істейді. Музыкалық студияға 200-ге жуық шәкірт барады. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен азаттыққа біздер жетіп отырмыз. Елбасымыздың дана басшылығының арқа­сын­да бейбіт, тату-тәтті өмір кешіп, ерлігімізді, елдігімізді төр­т­­күл әлем таныды. Петропал қаласының қақ төрінде орналасқан қазақ гимназиясы да Тәуелсіздігіміздің бір шамшырағындай шуа­­­ғын жан-жағына шашып, білім нәрімен нұрландырып тұрғанын бәріміз мақтан етеміз. Гүлдарай ҚАЙНЕТОВА,  Петропавл қалалық классикалық гимназия директоры. Солтүстік Қазақстан облысы.   Көкбайрақты желбіретер жақсылық көбейсін Еліміз тәуелсіздік алған тұста Қазақстанда зауыт-фабрикалар жоққа тән болатын. Барының өзі жұмысын тоқтатып, жұмыс­­шыларға жалақы бере алмай, банкроттықтың алдында тұр еді. Зейнетақының зарық­тыр­ған, жәрдемақының жүйкені жұқартқан кездері аға буынның әлі есінен шыға қойған жоқ. Осындай қиындықтар жан-жақтан шырмап, халықтың тарыға бастаған сәтінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы сауық­ты­ру шараларын бастады. Рас, алғашында экономикаға қаржы салу оңай болмағанын да білеміз. Сол себептен, шет ел инвести­ция­сын тартты, ірі мұнай кеніштерін шетелдіктермен бірлесе игеруге қадам жа­сады. Мұның жемісі бір-екі жылдан соң көрініп, тұ­ралаған экономи­каның тамырына қан жүгірді. Бүгін осының бәрі көрген түстей, бірақ Қазақстанның мемлекет ретінде қалып­та­суының тарихи беттеріне жазылғанын ұмытудың жөні жоқ. Біз – аға буын өкілдері осының бәрін көрдік, көңілге түйдік. Көрші елдердің Қазақстанның шет ел инвестициясын тартуына күдікпен қара­ғанын да білеміз. Алайда, кезінде Қазақстанның болашағына сенімсіздікпен қараған кейбір мемлекеттердің бас­шылары енді біздің елімізде жүргізілген реформаларды, Нұр­­сұлтан Әбішұлының саясаткерлігін, ел басқарудағы тәжірибесін үлгі тұтатынын жасырмайды. Өзге елдер қызығатындай қазір Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар іске асырылып жатыр. Кейбір елдерде мұндай жобалардың әлі қолға алынбағанын ескерсек, Қазақстанның, қазақ халқының келешегі кемелдене түсетінін әркім-ақ ұғынуы керек. Мұны тәуелсіз­дігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында кейінгі толқынға үнемі айтып жүреміз. Себебі, оң-солын енді танып жатқан жастар Қазақстанның бүгінгі зор жетістіктерге қандай қиындықтармен қол жеткізгенін білуі қажет. Атырау облысының ардагерлері тәуелсіздік тойы қарсаңында жаста­р­дың қанымызда бар ибалығын, қарапайымдылық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерін аға буынның тәрбиесі арқылы бойға сіңіретінін біледі. Сол себептен, тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі ұйымдастырамыз. Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.   Халыққа мінсіз қызмет ету мақсатымен Қазірде ел өмірінің қай саласында болса да оңды өзгерістер жетіп артылады. Одан пошта саласы да кенде емес. Яғни, біз тек елді түрлі басылымдарға жаздыртып, соны таратумен ғана шектелмей, басқа да қызмет түрлерімен айналы­судамыз. Айталық, зейнеткерлерге зейнетақысын уақытында жеткізіп береміз. Оның сыртында жергілікті тұрғындардан түрлі төлемдерді және қабылдап алудамыз. Былтырғы жылғы таза пайдамыз 32 миллион теңге болса, биылғы жылдың өткен 9 айындағы бұл көрсеткіш 47 миллионға жетіп отыр. Ал газет тарату жағдайына келсек, соңғы он жылда ел басылымы «Егеменнің» мұндағы таралымы екі есеге артып, өткен жылы 1500 данаға жетті. Биыл бұл межеден де асып түсетін секілдіміз. Ал осының бәрі егемендігіміздің, елдігіміздің арқасы. Ендеше, сол егемендігіміз баянды болсын. Манарбек МОЛДАРАХИМОВ,  Семей қалалық байланыс торабының бастығы.   Қызылағаштықтар дән риза Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан мерей сәт күн өткен сайын жақындап келеді. Орайы келген жұмыс ауқымы да жалғасып жатыр. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан жұртшылық тиянағы келген әрбір толымды істерге алғысын айтып, ағынан жарылуда. Солардың қатарында алапат су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылы­ның халқы да бар. – Осылай деуім толық негізді. Өйткені, көк­темгі тасқынның салдарынан бүтін бір ауылды су шайып, бар жиған-тергенімізден айрылып, сан­сы­рап қалғанымыз бүгінгідей есімізде. Сол сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жедел тапсырма беріп, бүкіл Қазақстан халқы қол­дау көрсетті. Қайғымызға ортақтасты, бары­мен бөлісті. «Қайғыны бөліссе азаяды» деген осы ғой. Кешегі алапат су тасқынынан жапа шек­кен халықтың тән жарасын уақыт осылай емдеді. Бүгінгі Қызылағаш ертегідегідей жаңарған, жасарған. Тәуелсіздік мерейін қуанышпен қар­сы алуға жұмылған.  Қаз-қатар тізілген әдемі үй­лер мен тақтайдан түзу көше, халыққа мәде­ни-тұрмыстық қызмет көрсететін мекен, мектеп, балалар бақшасы, тағысын тағы нысандар ауыл ажарын айшықтай түскен. Орталық көше бой­ында сол қиындықты еске салатын сәбиін қор­ғау­ға ұмтылған ана бейнесі кескінделген ескерткіш-белгі орнатылды. Саябақ та жайқалып келеді. Қызылағаш ауылындағы құрылыс жұмыс­та­ры сапалы атқарылып, 465 үй жаңадан салынды. Және 30 үй күрделі жөндеуден өтті. Осының бә­рі тәуелсіздігіміздің арқасы, елдегі береке-бірлік, ынтымақтың беріктігінен. Мұндай сәулетті ауыл республикада кемде-кем. Қазір халыққа үйлерінің құжаттары рәсімделіп, берілуде. Бұған қалай қуанбайсың. Жаңа балабақша пайдалануға берілді. «Нұр­шу­ақ» сәбилер мекеніне бүлдіршіндерін тапсыр­ған­дар алаңсыз еңбекке араласты. Өзім немерелерім Айжан мен Арсенді бақшаға апарып, олардың халқымыздың салт-дәстүрі мен тілін білуіне әжелік үлесімді қосып жүрмін. Әрдайым елімізде тыныштық болсын. Қазақ халқының біртуар ұлы – Елбасына ауылдаста­рым­ның атынан алғыс айтамын. Тілеш ЖАРҚЫНБАЕВА, Қызылағаш ауылының тұрғыны. Алматы облысы.   Егемендік алдық, ел болдық тәуелсіздіктің тұғырын біліммен бекітейік! Мен – ғұмырымды білім беру саласына арна­ған жанмын. Бірнеше мектепті басқардым. Қос­та­най ауданындағы Глазунов орта мектебінің ди­рек­торлығы қызметіне келгенімде, білім ұясы­ның маңдайшасында ілінген «Қош келдіңіздер!» деген сөз қазақша емес, орыс және неміс тілдерінде жазылған екен. Өйткені, бұл ауылда көбіне неміс ұлтының өкілдері тұратын. Мектеп орыс тілінде білім берді. Ал, өзіміздің ағайындар балаларын қазақ мектебі бар жерге жіберіп, сонда интернатта жатқызып оқытады екен. 90-шы жылдары жоғары білімі бар мұғалімдер қазақ мектебі болмаған соң, үйде жұмыссыз отырды. Мен келген жылы алдымен бастауыш қазақ сы­­ныптарын аштым. Келесі жылы орта сы­нып­тар тағы ашылды. Өз еліміздің бір ауылында қа­зақ тілінде білім беруді осылай тақыр жерден бас­таған едік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономика құлдырап, ауыртпалық болғаны көп­ке мәлім. Соған байланысты Торғай өңірінен, алыс аудандардан ағайындар Глазунов ауылына кө­шіп келді де, жыл сайын қазақ сынып­та­рын­дағы балалар саны да көбейе берді. Тәжірибесі мол мұғалім­дер­ді жұмысқа шақырдым. Соны­мен, көп ұзамай-ақ білім ұясы қазақ-орыс аралас мектебі болып шыға келді. Қазір мектебімізде орыс сыныптарына қа­рағанда қазақ сынып­та­ры­ның үлесі басым. Педагогика ұжымы ұйымшыл, білім сапасы үшін ұстаздар аянбай еңбек етеді. Білім сапасы жөнінен Глазунов орта мектебі Қостанай ауданында бірінші орынға шықты. Мектептегі оқушылардың 50 пайызы тек жақсы және үздік оқиды. Тәуелсіздік – алақанға қонған бақ. Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында басқа жерлердегі сияқты ұрыстан, со­ғыстан аманбыз. Халқымыз бейбіт күннің шуа­ғы­на малынып, өмір сүріп жатыр. Міне, осындай бақытты уыстан шығарып алмау үшін алдымен аталарымыз аңсаған осы азаттықтың, бостан­дық­тың қадіріне жетуіміз керек. Ауыл мектебінде қаламен бірдей Интернет, интерактивтік тақта, мульти-медиалық кабинеттер болады деп қашан ойлаған едік? Бүгінде ауыл баласы ештеңеден мұқ­таж болып отырған жоқ. Біздің шағын ауыл­дағы мектептің өзінде 2 интерактивтік тақта, 3 Интернет сынып бар. Мектеп оқушылары қазақ тілінде де, орыс тілінде де еркін сөйлейді. Біз балалардың үш тілді меңгеруі үшін жұмыс істейміз. Мұғалімдердің барлығы да компьютерді мең­герген. Педагогикалық кеңесте әр мұғалімнің үйінде компьютер болуы керек деп шештік. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуы үшін еліміздің болашағы саналатын жас ұрпаққа сапалы білім беруіміз керек. «Білімді мыңды жығады» дегендей, білім мен ғылым дамығанда ғана еліміз қандай бәсекеге де нық тұра алады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойы– басқа тойдан өзгерек. Себебі, Қазақ елі бұрын қамшының сабындай аз ғана уақытта дәл мұндай дәрежеге көтерілген емес. Сондықтан әлем таныған, мой­ын­даған Қазақстанның бар жетістігі қасиетті еркін­дігіміздің арқасы деп білеміз. Бола­ша­ғы­мыз әрқашан осындай жарқын бола берсін! Қабылан РАҒАТ, Глазунов орта мектебінің директоры. Қостанай облысы, Қостанай ауданы.   Атамекен мәңгілік көкейде тұрады Біздің Бұланбай ауылы тым шалғайда, Сіле­ті даласында. Осы жерде Түгел, Ермек пен Бармақ батырлар қалмақтармен шай­қас­қан. Мен өмірімнің 40 жылын жылқы бағып ат үстінде өткіздім. Қазір тәулігіне 500 ша­қы­­рымға дейін жер жүріп өтетін сол­т­үс­тік­тің қатал қысына төзімді, Жәбе тұ­қым­ды жыл­қы өсіреміз. 2000 жылқы баға­мыз. Был­тыр 600 құлын туды. Академик Игорь Нечаев келіп кетті. Бұл күндері біздің жылқы ша­руа­шылығымыз еліміздегі «Жыл­қы шаруа­шы­лығы мал азығын өндіру ғы­лы­ми-зерттеу серіктестігімен» бірлесіп жұ­мыс жасауда. Ал­дағы жылдары осы шаруа­шы­лық негізінде жылқы зауытын ашпақ ойы­мыз бар. Еліміздің аудан, ауылдарын аралап, әр табыннан тұқымы жақсы ерекше жыл­қы­лар­ды таңдап алып, өз жылқыларымның ара­сына әкеліп, табын ортасын жаңартып тұрамыз. Жұбайым Күләш екеуміз 9 бала тәрбиелеп өсірдік. Кішкентайларынан әке­ле­­ріне көмектесіп, жылқы бағудың қыр-сырын үйренді. Жылқы өсіру көңілге бітеді. Бұланбай ауылы Кеңес өкіметі жылдарында Сілеті совхозының фермасы болды. Совхоз тараған соң, бәрі жан-жаққа кетті де қалды. Ауылдан ел кеткен қандай жаман. Содан бос қалған үйлердің біріне жайғастым. Ен даланы бос қалдырмай жылқы өсіре бастадым. Ата-баба жолын қуып, осы күнгі жаңа қазақ байының үлгісін жасап, елге, өз­ге жұртқа танытқым келді. Елбасы мал өсір, ауылда кәсібіңді аш, көмегімізді ал деп отыр ғой. Егемендік төрге шықты. Ел­дің, қазақ­­­тың еңсесі көтерілді, көңіл өсті. Мен де осы қуанышпен ел мерейтойы қар­саңында жұрт­­­­шылықты құттықтағым келеді. Бұл күнді көрген адам бақытты. Тіл-көзіміз тасқа. Былтыр ауылға үйлер салдық. Елдік деген осы. Қазір шаруашылыққа қа­зақ дәстүрі бойынша кіші ұл Дулат бас-көз болып жүр. Біздің міндетіміз – жастарды баулып, жыл­­қы бағудың қыр-сырын үйрету ғой. Егемендікті сақтау жастардың қолында. Амантай МУСИН, шаруа қожалығының басшысы. Павлодар облысы, Ертіс ауданы.   Өзгеріс өз қолымызда Жақында кешегі өтпелі кезең қиын­ды­ғына төзе алмай, тарихи ата-баба жұртына көшіп кеткен бұрынғы жерлесімді кездестіріп қалдым. Өзі мекен еткен ауылымызды көруге келіпті. «Менің кезімде мынадай тамаша ғимараттар жоқ еді. Қалай, қашан са­лып алғансыңдар», деп жарқыраған мешітке, Мәдениет үйіне, спорт кешеніне, еңселі мектепке, интернатқа, тойханаға, қымызх­а­наға тамсана қарап, таңырқайды. «Бұлай боларын білгенде сендердің орталарыңнан кетпес едім» дейді өкінішін жасырмай. Шынында, бұрынғы Изендіміз бен қа­зір­гі Изендіміздің айырмашылығы жер мен көк­тей­лігін жұрттың бәрі айтады. Бұдан жи­ыр­ма жыл бұрын шаруашылығы берекесі қаш­қан, тұрғындар қала жаққа жөңкіле көшіп, үйлер қаңырап бос қалып, болашағы бұлдыр күйге түскен бір бүйірдегі ауыл еді. Ал бүгін соның елесі де жоқ. Жаңарып-құлпыруы та­ңырқатқандай аудан, қала берді аймақтағы ең көрікті мекен. Осының бәрі өз күшімізге сү­йе­ліп жасалды. Егін егіп, мал өсірген ауыл­дас­тарым табыстары соған ықпал болды. Тәуелсіздік басында кейбіреулердің «Сен­дердің қолдарыңнан не келуші еді. Енді тіпті құлдырайтын шығарсыңдар», деп мұқат­қандары да болғанын қалай ұмыта аларсың. Оларға қолымыздан келместей көрінгенді келтірудің үлгісі көрсетілді. Жылдан-жылға көркейген Изендіміз көрінісі дәлел бұған. Еліміз мерейлі мереке құшағында. Би­ыл­ғы қыс ажары да әдемі болып, айнала­да­ғы­дай адамдар көңілі де аппақ. Құт, береке, бір­лік, туысқандық түп тамыры сонда деп бі­лемін. Отандастарыма тән осы қасиет елі­міздің өркендеуіне бастай беруін тілеймін. Қанат ОТАРБАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері, «Отқанжар» ЖШС жетекшісі. Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Изенді  ауылы.