• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Газеттің алғашқы керуенбасылары

393 рет
көрсетілді

Журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұстаз, қоғам қайраткері Темірбек Қо­жекеевтің бұл мақала­сын­да газет алғаш ұйым­дас­ты­рылған кезде оның басында болған азаматтар туралы айтылады. Мақала былай бас­талыпты: «1919 жылы Орын­бор ақтардан тазартыл­ғаннан кейін «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі револю­ция­лық комитет» құрылып, іске кірісті. Баспасөз сек­ция­сын ашып, өз газеті «Ұш­қын­ды» шығару үшін редакция алқасын түзді. Оның жетекшісі болып бұрын Бөкейде «Ұран», «Дұрыстық жолы» газеттерін шығаруға қатыс­қан орысша, қазақша дай­ын­дығы бар Тәмімдәр Сәниев белгіленді». Мұнан кейін 1920 жылы Қазақ автономиялық респуб­ли­касы жарияланған тұста «Ұшқынның» орнына жарық көрген «Еңбек туы» газетін редакциялық алқа шығар­ған­дығы, оның басты ұйым­дас­тырушысы Сәкен Сейфуллин екендігі, Сәкеннің «Манап – Шамиль» деген бүркеншек атпен газеттің жетекші саяси мақалаларын жазып отыр­ғандығы айтылады. «Еңбек туының» жалғасы болып, 1921 жылы қарашада шыққан «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы Әбдірах­ман Байділдин екен. Осы газеттің 3 жылдығына орай берілген мақалада былай делініпті: «Еңбекшіл қазақтың» өзегі мына төмендегі шыға­ру­шылар ұйымының мүшесі үш жолдас еді: Жүргенұлы Темірбек, Байділдәұлы Әб­дірахман, Алдоңғарұлы Ер­ғали». 1922 жылдың соңында газет редакторы болып Сәкен Сейфуллин тағайындалады. 1924 жылдың сәуірінен оның орнына Молдағали Жолды­байұлы келеді. Темірбек Қо­жекеевтің мақаласында атап көрсетілгендей Молдағали Жолдыбайұлы газетке саяси дұрыс бағыт, ғылыми салмақ беруге, осы арқылы қазақ еңбекшілерін саяси тұрғыдан ағартуға көп күш салады. 1925 жылдың басынан 1926 жылдың сәуірі ара­сында «Еңбекші қазақ» ре­дакторы Смағұл Садуақасов болады. Ол Қостанайдан Бейімбет Майлинді шақырып, өзіне әдеби хатшы етіп ала­ды да оның шығармаларын бұрқырата жариялайды. Сол кезде «жау» атанып жүрген Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жү­с­іпбектерге іш тартып, сөз беріп, оларды тәуір наси­хаттайды. Осы үшін сол жылы наурыз айында Орта­лық партия комитеті «Ең­бекші қазақ» газетінде ұлт­шыл оқығандар туралы, қа­зақ арасындағы тап күресі туралы, партиядағы солшыл жастар туралы партия жо­лына сай келмейтін пікірлер жіберілді деп сын айтады. Мұнан соң «Еңбекші қа­зақ»газетінің редакторлығын Тұрар Рысқұлов атқарады. Ол «Қазақ баспасөзінің мақ­саттары», «Баспасөз тура­лы» деген тақырыптармен мақа­лалар жариялап, баспа­сөзге жаңаша көзқарас қа­лып­тас­тыруға ұмтылыс білдіреді. Қа­зақстан журналис­терінің тұң­ғыш съезін өткізіп, оның Бүкіл­қазақстандық Ор­та­лық бюро­сын құрады. Қа­ламгерлер қауы­мы оған төраға етіп Тұ­рардың өзін сайлайды. Тұрардан кейін газетке Ораз Жандосов редактор бол­са, мұнан кейін оның ор­нын Ораз Исаев алмас­тырады. 1926 жылғы 30 та­мыздан 1932 жылдың мамыр айына дейін газетті Ғаббас Тоқжанов басқарады. 1932 жылдың 28 мамырында редактор болып Әйтіке Мусин тағайындалады. 1934 жылы оның орнына Ғабит Мүсі­репов келсе, 1937 жылы Ға­бит ағамызды Жүсіпбек Арыс­­танов алмастырады. Жү­сіп­бектен редакторлық эс­тафе­та­ны Сақтаған Бәйішев алады. «Бүгінгі «Егемен Қазақ­стан» газетінің алғашқы 20 жылдығы керуенбасы редак­торлары осылар. Бұл жерде уақытша редактор ретінде Бейімбет Майлин, шығару­шылардың бірі ретінде Жү­сіпбек Аймауытов та газетке басшылық жасағанын ескерген жөн» деп аяқтапты өз мақаласын Темірбек Қо­же­кеев ағамыз.