• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Қазақ тілін оқып жүр

326 рет
көрсетілді

Қазақстан елшілігінің баста­ма­сымен Мәскеудің мемлекеттік лингвистикалық университетіндегі (ММЛУ) «Өңіртанушы» маман­ды­ғы бойынша білім алып жүрген бесінші курс студенттері арасында қазақ тіліне байланысты өзара пікір алысу қазақ тілінде ұйым­дас­тырылды. Бұған Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері, ММЛУ-дің басқа да оқытушылары мен студенттері, аталған оқу орнында тағылымдамадан өтіп жүрген қа­зақ­стандық магистранттар қа­тысты. Оқырман тарапынан осы ретте «неге бұл оқу орнында» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Оның мәнісі мынада. Кезінде Қа­зақстанның Ресейдегі жылы ая­сында аталған университетте Елба­сы­мыздың қолдауымен, елшіліктің көмегімен Қазақ тілі және мәде­ниеті орталығы ашылған болатын. Орталықтың ұйымдастырылуына Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы елеулі көмек көрсеткен еді. Екі елдің жо­ғары оқу орындары арасындағы сол кезден басталған ынты­мақ­тастық жылдан жылға жемісті жал­ғасып келеді. ММЛУ-де қазақ тілін оқыту үдерісі аталған орталықтың ашылуымен бірге басталды. Әдетте ММЛУ студенттердің ке­мінде үш тілді, әлемде кең қолданылатын танымал тілдерді мінсіз меңгеруіне айрықша мән беріп, соларды негізгі пән ретінде оқытады. Ал Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылғаннан бері студенттер қазақ тілін екінші тіл ретінде оқып келеді. «Екінші тілді үйретуге бөлінген сағат саны бірінші тілден кем емес, – дейді университетте Ресей студенттеріне ана тілімізді үйретіп жүрген ҚазҰУ доценті, филология ғы­лым­­дары­ның кандидаты Ұлжан Мұсабекова. Жалпы қазақ тілін оқыту, бір жағынан ресейліктердің біздің тілімізге көрсеткен құрметі десек те, екінші жағынан ММЛУ басшы­лығының дұрыс бетбұрысын – бұрынғы КСРО құрамындағы ел­дер­дің тілін оқып-үйрену де қажет екендігін дер кезінде ұғынуын аңғартар еді. Соған сәйкес, қазір университетте қазақтардан басқа, қырғыз, әзербайжан, армян тілдері орталықтары да құрылған, осы тілдер де оқып үйретілуде. Ал қазақ тілін үйренушілерге келсек, бұдан бұрын бір топ оқып бітірген болса, енді екінші топ аяқтағалы отыр. Міне: «Қазақ тілі маған не үшін қажет?» деген сауал осы түлектер арасында сарапқа түсті. Олар – Максим Комиссаров, Елена Розе, Александр Панов, Евгения Лаврентьева, Виктория Наумова, Виктор Шульга, Ольга Брусникина, Алена Гудкова, Данила Шелухин. Бұлар қазақ тілін жүрек қалауымен екінші тіл ретінде оқып шыққан жастар. Әрине, нақты тілдік орта жоқ Ресей астанасында қазақ тілін мең­геру оңай емес. Соған қарамастан, ресейлік жастардың көрші елдің мемлекеттік тілін саналы түрде оқып үйренуге бет бұрғаны қуант­пай қоймайды. Мұндай жағдайда оларға жан-жақты көмек беріп, қамқорлық жасау, қолдау көрсету – қазақпын дейтін азаматқа сын екендігі белгілі. Сол себепті Қа­зақстан елшілігі өзі ұйымдас­ты­ратын, қазақ қоғамдық ұйымдары өткізетін барлық мәдени-көпшілік іс-шараларына аталған студент­тердің тұрақты қатысуына кең жол ашты. Ресейлік жастар бірер жыл қазақ тілі бойынша Астанада өткен ұлты басқа студенттер арасындағы байқауда жүлделі орынға ие болды. Бұл жетістіктің студенттердің тіл үйренуге деген ықылас-ниетімен бірге, оқытушы Ұлжан Мұса­беко­ваның қазақ тілі пәнін шәкірт­терінің жүрегіне қазақ мәдениеті, ұлт тарихы, тәуелсіз Қазақстан туралы тағылымды деректермен қоса сіңірген елеулі еңбегімен де келгені сөзсіз. ҚазҰУ оқытушы­ларымен, басқа да авторлармен бірге әзірленген, оқулық-хрестоматия-әдістемелік құрал үлгісіндегі үш кітаптан тұратын “Практический курс казахского языка” оқу-әдістемелік кешені жалпы ММЛУ-дегі қазақ тілін оқыту үдерісін негізге ала отырып әзірленді. Қазақ тіліне байланысты пікір алмасу барысында студент Максим Комиссаров бұл оқу құралдарының өз мүмкіншіліктеріне, жалпы, тіл оқытудың жеделдігіне сәйкес келетінін атап көрсетті. Осы басқосу үстінде студент Ев­гения Лаврентьева өз ойын былай білдірді: «Біз белгілі университетте ерекше тілді үйреніп жүр­міз. Болашақта екі шет (ағылшын және қазақ) тілін меңгерген мамандар боламыз. Бұл тілдер бір-біріне мүлде ұқсамайды, олар әр түрлі тілдік топқа жатады. Қазақ тілі – бүкіл түркі әлеміне есік ашатын тіл. Қазақ тілінің арқасында біз түркі тектес халықтардың бәрімен тіл табыса аламыз. Егер сіз Қазақстанды жақсы білсеңіз, онда басқа да түркі тектес жұрттың жүрегіне жол таба аласыз». Ал оның курстасы Виктория Наумова: «Болашақта қазақ тілінің бізге шынайы пайдасы бола ма және өз білімімізді қажетке жарата аламыз ба?» деп ойланатынын айтты. Студент Алена Гудкова болашақта мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді. «Біздің басқа құрбы­лары­мыздан бір артықшылы­ғымыз – қазақ тілін білетіндігіміз» дейді ол. Қорыта келгенде, еліміздегі қазақ тілін әлі қажетіне жарата алмай жүрген кейбір отандас­тары­мызға ресейлік студенттердің – өзге жұрттың баласының өз тіліңде осылайша сайрап тұрғаны ой салса дейміз. Серікқали БАЙМЕНШЕ  – Мәскеуден.