Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерді қолдайды және мүдделі тараптарды бейбіт келіссөздерді тез арада бастауға шақырады. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ташкентте Өзбекстан үкіметінің бастамасымен ұйымдастырылған «Бейбітшілік үдерісі, қауіпсіздік және өңірлік өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі конференция барысында мәлімдеді. Конференцияны Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Гани ашты.
Конференцияның басты мақсаты Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеудің негізгі қағидаттарын үйлестіру, Ауғанстан үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы келіссөздер тетігін әзірлеу, сондай-ақ осы үдерісті қолдау үшін әлемдік қауымдастықтың бірлескен әрекеттерін үйлестіру болды.
Қ. Әбдірахманов бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің, ынтымақтастықтың және дамудың өңірлік үлгісін Орталық Азияда қалыптастыру, соның ішінде Ауғанстанға экономикалық және әлеуметтік дамуда көпжақты көмек көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіпке қарсы тұру, сондай-ақ оның әлеуетін нығайту Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Ташкент конференциясының қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде осы кездесуді шақырудағы бастамасы үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Қазақстанның Еуропалық одақ пен басқа да серіктестерінің бірлесіп қаржыландыру көмегімен Ауғанстан азаматтарына білім беру бағдарламасын жалғастыру туралы бастамасын ұсынғаны белгілі. 2010 жылдан бастап Қазақстан өзінің оқу орындарында ауған азаматтары үшін жалпы құны шамамен 50 миллион долларды құрайтын білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Осы бағдарламаның аясында 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезең аралығында 1000-ға жуық ауған азаматы оқытылады.
«2018 жылдың күзінде Қазақстан Астанада «Ауғанстандағы әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру» туралы халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – Ауғанстанның бейбіт дамуындағы әйелдердің рөлі мен үлесін, ауған әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси салаларында олардың мемлекеттік және жеке секторларға қатысуын арттыру арқылы кеңейту мәселелерін талқылау», – деді Қ.Әбдірахманов.
Қазақстан Ауғанстанға жыл сайын мыңдаған тонна гуманитарлық жүк, оның ішінде азық-түлік, жанар-жағармай материалдары және әртүрлі жабдықтар жеткізе отырып, екіжақты келісімдер мен көпжақты нысандағы келісімдердің аясында техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратыны ерекше аталып өтті.
Осы орайда Қазақстан Президентінің төрағалық етуімен 15 наурызда Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшылары кездесуінің нәтижесі Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына ұжымдық көмек көрсетілуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын айта кету керек.
Конференцияға Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан, Иран, Пәкістан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Жапонияның сыртқы істер министрлері мен БҰҰ, Еуропалық Одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО ұйымдарының жоғары өкілдері қатысты.
Конференцияның қорытындысы бойынша Ташкент декларациясы қабылданды, онда Ауғанстандағы жағдайды саяси тұрғыдан реттеудің одан арғы қадамдары көрсетіліп, саяси реттеу үдерісіндегі ауған тарапының негізгі және үйлестіруші рөлі бекітілді. Халықаралық конференцияның аясында Қ.Әбдірахманов АҚШ пен Иран делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Серік Әбдібек,
«Егемен Қазақстан»