• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Әлем Кубогының 4 мәрте жеңімпазы Бисолт Дециев: «Чешендер қазақтарды бауырым деп таниды»

368 рет
көрсетілді

Бисолт Дециев. Даңқты балуан. Бұл енді кейіннен ғой. Ол кезде сарыүрпек бала. Күрес әліппесін Төле би ауданында бас­таған жас балуан облыстық жарысқа келгенде қарсылас­тарын шетінен жыққан. Аз-кем техникасына құдай берген алапат күш қосылған. Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына қабыл­да­ғанда да қатарының алды болды. 1982 жылы Таллинде өткен халық­ара­лық “Достық” турнирінде 9 кездесу өткізіп, 9-ында да жеңді. Алайда, жасөспірімдер, жастар құрамасынан кейін ересектер бә­се­­кесі бар. Шын тартыс сол жер­де. Жас­­тар арасында жүргенде шаша­сы­на шаң жұқпайтындардың ересек­­терге өткеннен кейін тауы шағы­лып, үлкен спортты мүлде тастап кететіндері де бар. 1986 жылы Бисолт бірінші рет ересектер арасында өткен КСРО чем­пионатына қатысты. Жетінші орын алды. Намысқой бозбала сол күні күнделігіне “Мен қайтсем де КСРО чемпионы боламын” деп жаз­ған. Сол жылы жазда Дециев КСРО халықтары спартакиа­да­сын­да қола медаль алды. Үш айдан соң “Динамо” спорт қоғамы бойынша бірінші орынға шықты. Келер жы­лы КСРО Ку­богінде алдына жан салмай, КСРО құрамасы сапына өтті. 1988 жы­лы Еуропа чемпио­натында ал­тын­нан олжа салды. 4 рет КСРО Ку­богінің жеңімпазы бол­ған чешеннің баһадүр жігіті берген сертінде тұ­рып, 2 рет КСРО чемпионы болды. Бүгінде Шымкентте спорттық клуб ашып, жас түлектерін жарыс­қа салып, баулып жүретін Бисолт Дециевпен жиі кездесеміз. Кеудесі аяққаптай ақеділ жігіт қазақша жо­сыта жөнелгенде алдымда бас­қа ұлт­тың өкілі тұр-ау деп ой­ламай­сың. Тахир Үзденов деген жайсаң жігіт жә­не бар. Арғы аталары текті, дворян әулетінен. Куәландыратын сертификат та табыс етілген осы жігітке. Жуырда Бисолт пен Тахир Чешен Республикасына барып қайт­ты. Бисолт жиі барып тұрады. Қан­ша дегенмен тарихи отаны, ата-ба­басының кіндік қаны тамған ата­жұрт. Жолыққанбыз. Әсерлері ға­жап, Әсіресе, алғаш барған Тахир­дің. Чешен республикасы жыл өт­кен сайын ажарланып келеді, баяғы пайдасыз соғыстар салған жараның орны жазылып келеді, дейді. – Қазақтарға деген ықылас ерек­ше, – дейді Тахир дос. – По­йыз­­дан түскенде жергілікті таксистер Қа­зақ­станнан екенімізді біл­ген­нен кейін қызмет етуге ынтық­ты. Үйіне қо­наққа шақырып жатқан­да­ры бар. Енді түсінікті ғой. Сол жігіт­тер­дің біразы Қазақстанда дүниеге келген, көбінің туысқандары Қа­зақ­­станда тұрады. – Біз Грозныйда тұратын ақын досымыз Омар Яричевтің жетпіс жылдық тойына барғанбыз. Омар­дың балалық шағы Оңтүстікте, Түл­кібас стансасында өтті. Ол Оң­түстік Қазақстан облысын жа­нындай жақ­сы көреді, дейді Бисолт. Бисолт пен Тахирдің айтатын­дайы бар. Сталиндік репрессия кезін­де тау халықтарын, әсіресе чешендерді бір күнде мал таситын эша­­лон­дарға то­ғы­тып, елінен алас­таған. Жар­тысы жо­лай қырылып, қалжы­ра­ған ­жұрт пананы қазақ­тар­дан тап­қан. Қона­ғын құдайындай сый­­лай­тын қазақ үйінің бір жағын босатып беріп, адал асының жарты­сын берген. Текті халық мұндайды ұмыт­пайды екен. Грозныйдағы бір биіктеу тұсқа Чешен Республикасының Президенті Р.Қадыров, Ресей Президенті Д.Медведьев пен Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың портреттері бекітілгенін көріпті жігіттер. Осының өзі бауырлас чешен хал­қы­ның қазақтарға деген ықыласын аңғартқандай болады. Чешен жұрты өзгерген. Ислам дінін ұстанатын, шариғатқа бағы­на­тын елде арақ ішіп, бейсауат жүр­ген ешкім жоқ. Темекі тарта­тын­дары да жоққа тән. Қыздар әдепті. Ашық-шашық жүрмейді. Ұлттық салт-дәс­түр, ұлттық құндылықтар мұнда жақ­сы сақталады. Жаңарған, жасар­ған Грозныйдың бір кереметі – спорт кешендерінің көптеп ашылуы. Жастар осында. Чешеннің са­йып­­­қыран жігіттері ерте ме, кеш пе қорғасын оғын жұттыратын автоматтан гөрі биік мақсаттардың жалын ұс­т­ататын үлкен спортты қолай көріпті. Бұл халыққа дос керек. Алып бәйтерегінің бір бұтағы Қазақ­стан­да өсіп жатқан чешендердің тамыры қазақ халқымен бірге жасай береді. Соның бірі менің досым – Бисолт Дециев пен Тахир Үзденов. Оңтүс­тік­тің жылуы кеудесінде маздап тұратын Омар Яричев. Бұларда бір ғана тілеу бар. Адам адамға дос, бауыр! Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.