• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Сәуір, 2018

Көптің адамы (Әңгіме)

555 рет
көрсетілді

Менің туған ауылым Қастек батырдың атымен аталады. Суықтөбе тауының қойнауында жатқан осы шағын ауылда біздің балалық шағымыз өтті. Әлі есімде, көктем мен күз айларында біз тізеден батпақ кешіп, мектепке әзер жететінбіз. Жетуін жеткенімізбен, ішке кірудің өзі бір мұң еді. Өйткені мектептің алдына арнайы қойылған сумен үстіміздегі балшықты тазартуға едәуір уақытымыз кететін.

Қастек өзенінен ішетін суымыздың сапасы да сын көтермейтін. Өзеннің бас жағында малдың да, иттің де, түрлі жәндіктердің де өліп жатқанын талай рет көз көрді. Бірақ ауыл адам­дарының сол суды ішпеуге еш шарасы жоқ болатын. Өйткені, ауылымызда құ­дық, су құбыры деген атымен жоқ еді. Тіпті ондай игілік түсімізге де кіріп көр­ген емес.

Осы жағдай осы уақытқа дейін еш өзгерген емес. Рас, Серік Үмбетов Алматы облысының әкімі болып тұрған тұста оның туған ауылы Аққайнарға қарай жарқыраған асфальт жол салынып, су құбыры тартыла бастағанын естіген жұрт көп ұзамай бұл жақсылық бізге де жетіп қалар деген үмітте болды. Өкінішке қарай олай болмады. Сөйтіп осы ауылдан қол созым жердегі Сұ­раншы батыр, Қастек ауылдары еш өзгеріссіз сол қал­пында қала берді. Осы Аққайнарды басып өтетін Шиен бағытындағы ауылдар­дың да жағдайы тап осылай еді...

Жә, айтайын деген негізгі ойы­мызға оралсақ, күндердің кү­нінде Қастек ауылына асфальт жол салынды деген хабар­ды есті­генбіз.

– Е, бұл игілік Қастекке де жеткен екен. Үкіметтің қолы ұзара бастағаны ғой бұл, – деп біз де қуан­ғанбыз.

– Сен де айтасың-ау. Бұл өзі­міздің Секеңнің, Серік Байбаты­ровтың ізденуімен іске асқан шаруа, – деді ауыл­дағы ағайындар.

Ауыл іші жұрт қуанса қуан­ғандай екен. Ұзынынан созылып жатқан көшенің әр тұсында әдеттегідей батпаққа батып жат­­қан көлік те, оны шы­ғарып әлек болып жатқан трак­тор да көрін­бейді. Ас­фальт ­жол бойымен бәрі зы­рыл­­дап өтіп жатыр. Көше бойын­дағы құдықтан су алып жатқан қыз-келіншектерді де көзіміз шалды. Туған ауылы­ның мүшкіл халін көріп, оған қол ұшын беруді бір міндеті санаған Серіктің бұл қадамына әрине, біз де риза болып қалдық. Сөйтсек, біле бермейді екенбіз, ауыл адамдарының ай­туын­ша, ол талай-талай игі бастамаларға мұрындық болып жүр екен. Жұрт әсіресе оның Тілеу-Жа­рылғап батырларға арнал­ған келелі жиын өткізгенін, оның бастамасымен Жарылғап батыр жайлы құнды кітаптың жарық көргенін қуана айтып жатты. Байқаймыз, бұл шаралар көпшілікті бір серпілтіп өткендей. Бұл батырлардың ұрпақтары сол ата-бабалары жайлы ғұлама ғалымдар мен білікті тарихшылар қатыс­қан жиында тереңірек мағ­лұмат алғандарын, көкі­рек көздерінің де ашыла түскенін жасырмады.

Бүгінде ауылдастарының шынайы алғысына бөленіп жүрген Серік Кәтенұлы­ның ағайын­ға деген жанашыр­лы­ғы бүгінде кейінгі жас­тар­­ға да үлгі-өнеге бола бас­­­тағандай. Олай дейтіні­міз, қай­сыбір жастар өз мүмкін­дігіне сай туып-өскен ауылын гүлдендіруге атсалыса бастапты. Мысалы, сол Қас­тек мектебінің түлегі Аза­мат Әбділдаев деген бауы­рымыз өзі оқыған білім ор­дасының айналасын абаттандырып берсе, көрші Талап ауылының тумасы Қайрат Шәріпбаев деген азаматтың арқасында тозығы жетіп, күйі кеткен елді мекен кәдімгідей көркейіп сала берді.

– Біз күні кешеге дейін сабылып, ауыз суды жаяу-жалпылап сонау Қастек өзенінен таси­тынбыз. Енді міне, жанға аяз­дай батып жүрген осы мәселе Қай­раттың арқасында жөнге келді деп қуанады осы ауылдың адамдары.

Ал жол азабын тартып жүр­ген Шиен, Бесмойнақ ауыл­дары­ның тұрғындары болса, Нә­сифа деген қыз­дарына дән риза. Ойдым-ойдым болып, шаңы бұр­қырап жататын ауылдардың жолына сол қыз тақтайдай етіп асфальт төсетіпті. Шүкір, ел ішінде мұндай көп қамын ойлайтын адамдар қадау-қадау болса да баршылық көрінеді. Осы арада елдің рухани жаңғыруына баяғыдан бері ерінбей-жалықпай өз үлесін қосып келе жатқан жазушы Нағашыбек Қапалбековтің тындырған ісіне тоқтала кетсек, еш артықтық етпес.

Иә, оның бір өзі бір институттың жұмысын атқа­рып келеді десе де болады. Бұл орайда кезінде дүркіреп өткен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы, Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығы осы Нағашыбектің тікелей араласуымен өтсе, одан бе­рі де Нағашыбек ақын баба­ларының артына қал­дырған мұрасымен кейінгі ұрпақты таныстырудан еш жалыққан емес. Айталық, Жамбылдың жыл сайынғы туған күні қарсаңында, яғни 18-28 ақпан аралығында ақын шығармашылығына арналған онкүндік шара ұйымдастырып жүрген болса, 200 жылдығы тұсында Сүйінбай ақынмен елорда жұртшылығының қауышуы­на мұрындық болды.

Сондай-ақ тынымсыз іздене жүріп Құртқа тәуіп Сұлтан­қожаұлының бейітін тапқаны өз алдына, тәуіптің еңбегін, өмір­ жолын жан-жақты зерттеп, арнайы жинақ шығаруы да үлкен жұмыс. Ең бастысы Нағашы­бектің бұл еңбегі текке кеткен жоқ. Аты аңызға айналған баба­мыздың басына Қайрат Саты­балды бастаған ел азаматтары кесене тұрғызса, бүгінде Қазақстанның халық емшілері қауымдастығы Құртқа тәуіп бабамыздың атымен аталады. Сондай-ақ Нағашыбек Сарыбай би Айдосұлының, Кәшке батыр мен Үмбеталы ақынның өмір жолын зерттеп, кітап жазған болса, енді ол Медеу бабамызға арналған келелі жиындар өткізіп, оның еңбегін қалың қауымға таныстыруды да бастап кетті. Ондағы ойы еңбегімен ел есінде қалған бабаның өз атымен аталатын Медеу мұз айдынының алдында мүсіні тұрса дейді. Меніңше, бұл өте әділетті шешім болар еді.

Жасыратын не бар, әдетте жұрт­тың шалқып-тасып өмір сүріп жатқан, алайда өзінен басқаға сәулесі түспейтін бай-бағландар мен көпшілікке шекесімен қарап, олардың мұң-зарын жүре тыңдайтын, ара-тұра өз абыро­йым ассын деген оймен мемлекет есебінен әлдекімдерге қолұшын созған болып, онысын ақпарат құралдары арқылы қайта-қайта көрсеттіріп, өзіне ұпай жинайтын шенді-шекпенділерді көптің адамы көретіні бар. Ал шын мәніне келсек, көптің адамы сол қарапайым халықпен бірге қайнап, оларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қайыры тиетін біз жоғарыда айтып өткендей азаматтар ғой. Егер осындай адамдардың қатары көп болса, ел іші де жүдемес еді.

Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты