• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2011

Өмірге құштарлық алға бастайды

384 рет
көрсетілді

Егемендіктің елең-алаңындағы өлара шақта мүм­кін­дігі шектеулі жандар түгілі қол-аяғы сау адам­дардың өзі сең соқ­қан­дай әрі-сәрі күй кешкені рас. Әркім өз күнін өзі көру үшін ала дорба арқалап, ала шапқын болған кез еді ол. Тағ­дыр­дың жазуы­мен омыртқа жара­қатынан сал болып қалған мен өзім сияқты көп­теген мүгедек жандармен таныс­тым. Шындығында, бастап­қыда мұн­дай тағдырдың қатал сынына үй­ре­ніп кете алмаспын деп ойлай­тын­­мын. Мем­лекеттің мүмкіндігі шектеулі жандар алдындағы міндеттері мен олар­дың құқықтары сөз болуы да мүмкін емес еді сол уақытта, егемен еліміз аяғынан енді-енді тұрып жатқан болатын. Іс нәтижесі бас­та­машылдық пен белсенділігіңе тәуелді мектептен тыс және мәдениет мекемелерінде жұмыс істеген тәжірибеме сүйеніп, осы бір күр­делі кезеңде бір топ пікірлес адамдармен қоғамдық ұйым құрдық. Сөйтіп, сол кездегі Мұғалжар ауда­нының орталығы Октябрь (Қазір Қандыағаш) қала­сында қараусыз қалған гаражды хан сарайындай етіп жарақ­тан­ды­рып, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жаңа­жыл­дық бал өткіздік. Ақтөбеден арнайы оркестр шақырттық. Елу бала мен олардың ата-аналарының жүздерінде қуаныш лебі ойнады, бір сәт мүге­дек­тіктерін ұмытқандай болды. Бұл әрине, қоғамның бір бөлігі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өз демалысын өздері өткізе алатынын дәлелдеген алғашқы әлеуметтік шара болды. Одан кейін де бірнеше әлеуметтік маңызды шаралар жүзеге асы­рылды. Әрине, қасымда мені қолдайтын азаматтар көп болды. Кейін облыс орталығына қоныс аудардым. Мұн­да келісімен әлеуметтік бағыттағы «Ақтөбе қала­сындағы сал ауруларына шалдыққан азамат­тарды қорғау» қоғамдық бірлестігі дүниеге келді, 1999 жылы заңды тіркелді. Бірлестікті құрудағы мақсат қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына аудару болатын. Өз бастама­мыз­бен ондаған әлеуметтік жобалар мен бағдар­ла­ма­лар­ды жүзеге асыра отырып, жүздеген адамдардың тұрмысын жақсартуға, өз істерін ашуға көмектес­тік. Қамкөңіл жандардың өмірге деген ынтызар­лы­ғын арттырдық. Мүмкіндігі шектеулі қыз-келі­н­шек­тер арасында «Қоларбадағы арулар» байқауын, мү­ге­дек балалар арасында «Синяя птица» сурет кон­курсын өткізу және басқа іргелі шараларды ұйым­дас­тыру олардың өздерін қоғамның толық­қанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етіп қана қоймай, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайта түсті. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысының нақты нәтижесі сол мақсатты топтардың игілігіне қызмет етумен, олардың мұң-мұқтажына көзқарасымен ба­ға­ланады деп есептеймін. Қазір өткен жол­дары­мызды тал­дай келе, мүгедектердің мүддесін қор­ғау­да қан­ша­лықты алға кеткенімізді аңғарамын. Әр деңгейдегі ұйым­дар алдында кедейлердің, аурулар­дың, аз қам­тылғандардың мәселелерін ашық айтуға қол жеткіздік. Мүгедек жандарға деген мемлекеттің міндеттемесі – әлеуметтік кепілдігі анағұрлым артты, сапалық тұр­ғыда жақсарды. Бұл бәрінен бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін барлық жәрдемақылар мен зейнетақы, әртүрлі өтемақылық қар­жы­лар мен төлемдер, жеке көмек­ші бөлу, гигиеналық заттармен қамта­ма­сыз ету болып табылады. Ең бастысы, Ақтө­бе қаласында қоларбадағы мүге­дек­тер үшін ыңғайлы көп қабат­ты тұрғын үй салу қолға алынды. Қазір­дің өзінде осындай екі үй пайдалануға беріліп, көптеген мүмкіндігі шектеулі азаматтар тегін баспаналы бол­ды. Бұл үйлерде қоларбамен кіру үшін пандус жа­сал­ған, сыйымдылығы үлкен лифт орнатылған. Пәтер­лердің бөлмелері де, балкондары да кең, қоларбамен қозғалуға қолайлы. Сондай-ақ, төменгі қабаттарында мүге­дектер үшін әртүрлі шеберханалар мен шағын цехтер ұйымдастырып, жаңа жұмыс орындарын ашу да жарымжан жандарға үлкен қолдау-көмек болуда. Бұл бастама алда да жалғасын табады. Қазір біздің ұйымда 1200 еңбек жасындағы қыз-келіншектер мен аза­маттар есепте тұра­ды. Олар­дың ешқай­сы­сы да тек жәрдемақы алу­шы бол­ғысы келмейді. Олар өздерінің көңіл түкпі­рін­дегі арма­нын жү­зеге асырып, өз мүм­кін­діктерін көрсетуге ын­талы. Мұны әртүрлі қоғамдық бірлестіктерге мүше болып, қала­ның қоғамдық өміріне белсене қатысу арқылы жүзеге асыруға болатынын да түсі­не­ді. Біз бұған қол жеткіздік деп айтуға әбден болады. Қазір мүмкіндігі шектеулі әйелдер дүниеге сәби әкелуде, ондаған жастар спорттың әр түр­лері­нен чемпион болуда, көптеген мүгедек жандар өздері қалаған мамандық бойынша жоғары білім алуға талаптануда, ал, бірқатары өз істерін ашып, кәсіпкерлікпен щұ­ғыл­дануда.Үкімет әлеу­мет­тік мәселелерді шешуде үкі­меттік емес сектормен әріптестік қатынас орнату­ға барынша қолдау-көмек көрсетуде. Сондықтан үкі­мет­тік емес ұйым­дар тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсетуде тиімділікке қол жеткізуде. Біздің бірлестікке өмірде қиындыққа тап болған әрбір адам жолыға алады. Мұнда әлеуметтік жедел көмек жұмыс істейді. Бірлестіктен тегін азық-түлік, киім алуға болады, әртүрлі құжаттар тол­ты­руға жәр­дем беріледі. Бұған жағдайының ауыр­лы­ғын дәлел­дейтін қаптаған қағаз толтырудың да қажеті шамалы. Бірлестікте қоларбада отыра­тын­дар үшін арнаулы шағын такси қызметі де ұсы­ны­лады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жеңілдету, кездескен қиындықтарын жеңуге бағыт­талған көптеген шаруалар жасалуда. Сондықтан да мұнда өзара түсіністік, қайнаған тірлік бар. Осындай игі істерге ұйытқы болудың нәтижесі болар бәлкім, бірлестік өткен жылы «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы» ата­ғы­на ие болды. Бұл бізді мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың проблемасына бағытталған жұмысымызда жаңа жетістіктерге жігерлендіреді. Құралай БӘЙМЕНОВА, «Ақтөбе қаласындағы сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Ақтөбе облысы.