• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2011

Мұратың халық болса, айың жарық болады

799 рет
көрсетілді

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай!                                                                                        Бұқар жырау   Бірінші сыр: Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ Оның анасы өзінен гөрі өзгелердің жайын көбірек ойлайтын өте қайырымды жан еді. Оған қоса халықтың қымбат қазынасы – ауыз әдебиеті­мен ауызданғандықтан, ертегі мен аңыз әңгімелерді көп білетін. Сол білгенін бауыр еті балапанының құлағына құя берді. Кіп-кішкентай аққұба құлын­шағы да тыңдауға құмар-ақ. Өзі құймақұлақ. Не айтса да қалт жібермей қағып алып, анасынан естігенін өзімен тете ойын балаларына сол қалпында айнытпай айтып береді. Күнде кешкісін ұйықтар алдында анасының ертегі айтып беруі бұл ес білгелі бір үзілген емес. Сол қалыптасқан қағида бойынша кезекті ертегісін айтып болған анасы күндегі әдеті­мен кіп-кішкентай перзентін мейірлене аймалап: – Айналайын ботам, ұйықта енді, – деді көрпесін қымтап. – Апа, тағы бір ертегі айтшы. – Ертегіні күнде тыңдап жүрсің ғой, мен саған бір аңыз әңгіме айтып берейін. Жарай ма, құлыншағым! – Жарайды, апа! – Жақсылап ұғып ал. Бұл өзі аңыз десек те, өмір­де болған оқиғаға көбірек келеді. Ал, тыңда. Кезінде қайран анам айтқан аңыз шерткен сыр бұл. Ол еңсесін жоқшылық езген тақыр кедей еді. Күші тасып, ақылы асып тұрса да өмірдегі әді­лет­сіздіктен жолы болмаған тепсе темір үзетін жас жігіт тойып тамақ ішпей, үнемі түлкіқұрсақ болып жүретін. Сол жігіт сол күні тіптен аш еді. Қалтасын қа­ғып, ең соңғы тиын-тебеніне бір тоюды арман­да­ған ол көшеде өткен-кеткенге алақан жайып тұрған қайыршыны әудем жерден көріп келе жатты. Ерсілі-қарсылы ағылған адамдардың арасында қызылды-жасылды киініп, алтынға малынған әйелдер де, киген киімінің өзі бір қаралық жігіттер де бар еді. Алайда, солардың ешқайсысы қайыршының қалты­ра­ған алақанына тым болмаса бірер тиын тастамай, кеуде кере кердең басып өте берді, өте берді. Ал, сіңірі шыққан кедейдің қайыршыға қайырылмауға дәті жетпеді. Ол қалтасындағы соңғы тиын-тебенін алып, аштықтан көзі қарауытып, тізесі дірілдеп, қалт-құлт етіп құлағалы тұрған қайыршының күс басқан күрең алақанына салды. Сол сәт ол күтпеген ұлы оқиға болды. Кедей жі­­гіт қиналғанда түсінде аян беретін Қызыр ата­ның сұлбасын көрді. Айнала аяқ астынан жап-жа­рық болып шыға келген қас-қағым сәтте аспаннан жұлдыздай ағып түсіп, кедей жігіттің қарсы ал­ды­на тұра қалған ол қайыршының иығынан асыра оң қолын алға созды. Сол сәт құйрықты жұлдызға ұқ­са­ған қызғылтсары шұғыла кедей жігіттің көз алдынан зу етіп өте шықты. Сол-ақ екен Қызыр ата­ның сұлбасы ізім-қайым жоқ болды. Сол күннің ертесінде қайыршыға қарайласқан кедей жігіт Құдайдың құдіретімен аяқ астынан ат басындай алтын тауып алып, бір-ақ сәтте байып шыға келді. Ертегі мен аңыз әңгіме айтқыш ана Әлжан бо­ла­тын. Анасы айтқан сол аңызды көкірегіне то­қып алған сол кезде әлі мектеп есігін ашпаған бүл­діршін Нұрсұлтан, бүгін ортамызда ай маң­дайы жарқырап жүрген жаны жомарт жайсаң жан, бүкіл халық сайлаған Тұңғыш және қазіргі Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді.   Бірінші жыр: Ғасырдың ғажап оқиғасы Тарих үшін қас-қағымдық қана сәт 20 жылда 20 ғасырға жүк болатын асулардан асқан Тәуелсіз Қа­зақстанның шежіресіне алтын әріптермен жазы­лар айтулы оқиғалар аз емес. Сондай тарихи күннің көшін 1991 жылдың он алтыншы желтоқсаны бастап тұр. Бұл ел тарихындағы ең бақытты күн, құтты күн. Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциялық Заңына қол қойды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған асыл арман орындалды – өмірге тәуелсіз Қазақ Елі келді. Тәуелсіздікке жету қандай қиын болса оны сақтап қалу одан да қиын. Басқару жүйесі жолға қойылған баяғыдан бар бай мемлекетті басқару да оңай емес. Ал күл-талқаны шығып қираған, эко­но­­микасы қисайып қалған елде жаңадан мемлекет құру қияметтің қыл көпірінен де қиын екені анық. Сол қиындықтан қиялап шығып, Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру – тақыр жерде тау тұрғызғанмен бірдей. Еліне арқа сүйеген Елбасы өзіне тән кемел ойлы кемеңгерлікпен тәуелсіз мемлекет құрды. Тоқсан бірінші жылдың соңында тағы бір тарихи оқиға болды. Ашхабадта басқосқан Қазақ­стан мен Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығын құрды. Сол мәжілісте Нұрсұлтан Әбішұлының алдағыны көріп, алысты болжайтын кемеңгерлігі тағы да танылды. – Славян одағына қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балкан тауы мен Карабахтағы қақтығыстан да асып түсетін қасі­рет­ке апарады. Біз өз республикамыздың тұрғын­дарын ғана емес, Ресей мен өзге мемлекеттегі қан­дастарымыздың да тағдырын, олардың асы­ғыс, ағат шешімнің құрбаны болмауын ойлауы­мыз керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген осы. Осы әңгімеден соң Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Өзбекстан Президенті И.Каримов, Тәжікстан Пре­зиденті Р.Нәбиев, Қырғызстан Президенті А.Ақаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы құрыл­ға­ны жайлы Ашхабад мәлімдемесіне қол қойды. Ашхабад мәлімдемесі Кеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл дүние жүзінде жылы пікірлер туғыз­ды. Осы орайы келіп тұрған оңтайлы сәт, оң өз­ге­р­іс­ті ұтымды пайдаланып қалуды ойлаған Нұр­сұл­тан бұл одаққа көршілес славяндар одағын тар­туды ойлады. Алапат өрт болып өршігелі тұр­ған тайталас отын тұтатпайтын ең тиімді тәсіл осы еді. Сол себепті де Нұрсұлтан Ашхабад мәлімдемесінде көтерілген мәселелерді олармен бірлесіп талқылау үшін Ал­ма­ты­да кездесуді ұсынды. Бас­тап­қыда бұл ұсынысқа кү­дік­пен қарағандар да болды. Андрей Белыйдан қалған бір сөз бар: «Ақылды адамдар ықпалды болады» деген. Бұл жолы да Нұрсұл­тан­ның ақыл-парасаты үс­тем­дік құрды. Көп ойланып, көп толғанған Ельцин ақы­ры бірқатар мемлекет бас­шы­ларының көшін бастап, Алматыға ұшып келді. Сәт­ті өткен келіссөздерден соң Нұрсұлтан Әбіш­ұлы журналистерге былай деп хабар­ла­ды: «Ал­дын-ала мұқият дайындалған құжат жоба­лары жан-жақты тал­қылан­ған­нан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз мемлекеттер басшылары қол қойды». Он бір тәуелсіз мемлекет басшылары қатысқан баспасөз мәслихаты аяқталысымен кеңестік кеңістік пен алыс шет елдерден келген ұзын саны алты жүзге жуық журналистер өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты. Бәріміз болмасақ та, біразымыз кезінде ТМД құрылған Алматыдағы жиынды кезекті бір бас­қосудай қабылдадық. Сол кездегі алмағайып уа­қыт пен аласапыран оқиғаларды еске алсақ, ТМД-ның құрылуы Қазақстан үшін апаттың алдын алған кемел ойлы кемеңгерлік еді. Сол себепті бұл да дүниеге тәуелсіз қазақ мемлекеті келуі сияқты – ғасырдың ғажап оқиғасы еді.   Екінші сыр: Қияда жол тапқан ер, қиындықты жеңген ел Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қарсы алдымыздан сан қиындық самсап шыға келді. Ресей Қазақстанға хабарламастан бағаны ырықсыз­дан­­ды­рып жіберді. Соған орай, біз де бағаны амал­сыз бо­саттық. Өндіріс үздіксіз қысқарды. Дүкен сөре­лері қаңырап бос қалды. Еңбекақы, зейнетақы, жәр­демақы айлап берілмеді. Шахтерлер ереуілге шықты... БАҚ-та «Батыл қадамдар қа­жет» деген т­ақырыппен Президент Н.Ә. На­зар­баевқа жария­лан­­ған Ашық хатта: «Республика қауіпті шепке таяу қалды... Есігімізді бақыт­сыз­дық қағып тұр» де­ген ащы сөздер айтылды. «Ел боп айла таба алмай, ер боп қайрат қыла алмай» тұр­ған қиын шақ­та биліктің бағын емес, халық­тың қамын ойла­ған Нұр­сұлтан Әбішұлы аса көрегендікпен ең батыл қадамдар жасады. Ереуілге шыққан шахтерлерге барып, ащы шындықты ашып айтты. Халықтың өзге де топтарымен кездесті. Ешкімге өтірік айт­қан жоқ, тәтті уәде де бермеді. Қиындықтарды ең­се­ру­дің жолдарын көрсетті. Соған орай, атқарушы билікке қатаң ескертіп, берілген тапсыр­ма­лар­дың дер кезінде орындалуын талап етті. Алдын-ала сақтық шарасын жасап, төл теңгемізді жаса­тып, қиын кезде айналымға қосты. Шет елдерге жиі барып, елге қаржы құйды. Сөйтіп, елді ұшпаққа қажырлы еңбек, ұлтара­лық келісім мен татулық бастайтынына халықтың көзін жеткізді. Сондай жанкешті еңбек еткен күлкісіз күн­дер мен ұйқысыз түндерде Президент қаламынан тө­мен­дегі жолдар туды: «Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген ха­лыққа, арғы-бергідегі қа­зақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйыр­ма­ған бақытты – толық­қанды, тәуелсіз мемлекет құру­дың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қыз­мет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұм­сай­мын, қандай тәуекелге де бара­мын». Бұл Нұр­сұлтанның жалтаңы жоқ жан сыры еді. Сол сырды ұққан халық қиын қиядан жол тапқан Нұрсұлтан сынды көреген көшбасшының соңынан ерді. Оған сенді. Ерді де қиындықтарды жасампаз еңбекпен жеңді.   Екінші жыр: Ажалды ауыздықтаған ер, семсерден соқа соққан ел Тарихта адам қанымен жазылған қаралы оқиғалар, қаралы беттер аз емес. Соның бір парасы сойқан соғыстар болса, бір парасы жарты ғасыр бойы үздік­сіз жұмыс жасаған Семей полигонымен тікелей қатысты қайғы-қасірет. Семей полигонында жасалған бес жүздей ядро­лық жарылыс зардаптары­нан қайғы жұтып, қан құсты халқымыз. Айнала тол­ған жан шошытқан сұм­дық. Өмірге келіп жатқан сәбилердің бірінің екі аяғы, енді бірінің қолы, тағы бірінің көзінің қарашығы жоқ. Аналар адам емес, құбыжық туып жатыр. Адам ғана емес, мал да мүгедек. Екі басты бұзау, екі аяғы жоқ қозы соның дәлелі. Он екі мүшесі сау бірен-сараң. Көбісінің ақылы кеміс. Есі ауысқан, өзіне-өзі қол жұмсаған адамдар саны ай сайын көбейіп келеді. Осының бәрі қарғыс атқыр жарылыс әкелген қасірет... 1995 жылы мамыр айының 26-жұлдызында тарихи оқиға болды: Семей полигонының аумағы­н­да ең соңғы ядролық заряд жойылды. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғалысын қолдап, алты айдың ішінде екі миллион адам қол қойды. Олар Қазақ­стан­ды мекендеген жүз отыз ұлттың өкілдері еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жиыр­ма жыл бұрын Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Әлемде ажалды ауыздықтаған бір ер, семсерден соқа соққан бір ел бар. Ол ердің аты – Нұрсұлтан, елдің аты – Қазақстан. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун былай дейді: «Нұрсұлтан Назар­баев­тың дарынды көшбасшылығы арқасында Семей пол­и­гоны жарылыстар эпицентрінен үміт орта­лы­ғына айналды. Бұл басқа елдер үйренуге тиісті үлгі». БҰҰ-ның Бас хатшысы айтқан «Нұрсұлтан Назарбаевтың дарынды көшбасшылығы» жалғыз Семей полигонын жабуда ғана емес, көптеген тарихи оқиғалар тұсында да айқын танылды. Оған сырт көз сыншылардың БАҚ арқылы тараған пікірлері дәлел. Оның бәрін тізе берсек, сөз ұзай береді. Соның бір парасына ғана зер салайық: Дмитрий Медведев, Ресей Федерациясының Президенті: Қазіргі Қазақстанның мемлекет құру­да­ғы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің халықаралық аренада тұғырын биіктетудегі та­быс­тары Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Көре­ген де дана саясаткер ретінде Сіз өз халқы­ңыз­дың танылған көшбасшысы беделіне ие болдыңыз. Сіздің Ресей-Қазақстан стратегиялық әріптес­ті­гін қалыптастыру мен тереңдетуге қосқан жеке үлесіңіздің орны тіпті бөлекше. Ху Цзинь Тао, ҚХР Төрағасы: Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің лауазымында Сіз Қазақ­стан халқының арасында жан-жақты қолдау мен құрметке ие болып, Қазақстанды ұлттық өркен­де­ту ісіне аса көрнекті үлес қостыңыз. Көптеген жыл­дар бойы Сіз Қытай халқының үлкен досы бола отырып, Қытай-Қазақстан тату көршілік, дос­тық пен ынтымақтастық қатынастарын дамы­ту­ға зор маңыз беріп, оны тікелей өзіңіз ынталан­дырып келесіз. Николя Саркози, Француз Республикасының Пре­зи­денті: Сіздің дана басшылығыңызбен Қа­зақстан ТМД мен Орталық Азияның ең дамыған елдерінің біріне, халықаралық аренада құр­мет­телетін елге айналды. Он екі жылдығы осы күні атап өтілетін Астана да таңғажайып дамуға ие футуристік елорда болып отыр, бұған мен Сіздің шақыруыңыз бойынша өткен жылы 6 қазандағы сапарым кезінде өзім көз жеткіздім. Президент мырза, қымбатты досым, Сізге деген айрықша құрметім мен достығыма деген сендіруімді қабыл алуыңызды өтінемін.   Үшінші сыр: Қала салды ер мен ел Болар баланың ойы ғана емес, ойыны да өзгеше. Нұрсұлтан әлі мектеп табалдырығын аттамаған кезінде балшықтан үй жасап, ағаштан сарай соғып ойнаған екен. Үлкендер: «Бұл не десе?» бала Нұрсұлтан: «Бұл үй, мен өскенде үлкен қала саламын» дейді екен. Аузына Алла салған болар, Елбасы ел тізгінін қолға алғаннан кейін ас­тананы солтүстікке көшіріп, сайын Сарыар­қа­ның төсінде өзі бастап, елі қостап, көркіне көз тоймай­тын қала салды. Небәрі он жылдың айналасында. Бұл енді аңыз емес, ақиқат. Баяғының батырындай ай сайын өсіп, күн санап құлпырған жаңа қаланың аты – Астана. Әлем картасында пайда болған жас қаланың бас сәулетшісі – Нұрсұлтан Әбішұлы. Кемел ойлы кемеңгер саясаткер Н.Ә. Назар­баев­тың жаңашыл дарынымен, елдің жасампаз еңбегімен өмірге келген Астана қаласын көрген небір көнекөздер мен саясат сахнасындағы белгілі, беделді тұлғалар талай мәрте таң қалып, там­сан­ды. Бір ғана мысал, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бүй дейді: «Мен жаңа астананы көр­дім. Мені құрылыстың қарқыны, адам қолы­мен сомдалып жатқан сұлулық қайран қалдырды. Бұған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор, ол күллі қазақ халқы­ның күш-жігерін жұмылдырып, іс жүзінде жаңа қала, жаңа астана орнатты. Біз бір-бірімізге жақын, туысқан елдерміз, ха­лық­тармыз. Біз сіздердің табыстарыңызға әр­дайым қуанамыз». Астана қаласының әр ғимаратын ақыл таразысына тартып, жүрек сүзгісінен өткізген Нұрсұлтан былай деп сыр шертеді: «Дәуірдің табы мен мәнері екі-үш айшықты сызбамен белгілене береді. Эйфиль мұнарасы, Вестминстер, Кремль... Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты қабыл­дана­ды. Алайда, олар белгілі бір адамдардың дарынымен және еңбегімен жаратылған». Иә, Есілдің жағасында әлем көз тіккен әсем қала бар. Ол қаланың аты – Астана, оның авторы - Нұрсұлтан.   Үшінші жыр: Төрге шыққан төбе би Қаламдас дос, Өзбекстан Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты Насыр Юлдашұлы Фазылов айт­қан бір сөз қалам ұшына оралып тұр. «Қазақ­стан­ға келсем, ертегілер елінде жүргендей бола­мын», – деп еді ол. Көзді ашып жұмғанша салынған Астана қаласы ғана емес, елдің небәрі 20 жылда шыққан шыңы да ертегі, аңыз сияқты». Насыр аға шындықты айтып тұр. Қазақстан Еріне Елі, Еліне Ері сай Тәуелсіз мемлекет. Күні кеше бодан болған, орталыққа құлдық ұрған бұғаудағы Қазақстан бүгінде тәуелсіздіктің көк байрағын Біріккен Ұлттар Ұйымында желбіреткен, елулікке енуге батыл қадам жасаған, әлем таныған ғажапстан. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағаға сайланып, төбе би болған, өрге шығып, оза шапқан еңселі ел. Еуропаның төріне шығу былай тұрсын, есігінен сығалай алмаған қазақ төбебиліктен әрі асып, Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізді. Аса беделді халықаралық жиынды өткізіп қана қоймай, Астана Декларациясын қабылдады. Әлемнің ең ірі, іргелі 56 елінің лидерлерінің бәрінің бас-ба­сының тілін тауып, Астана декларациясына қол қойғызып, ризаластыру, бір үстелдің басында басқосуы қиын саясаткерлерді ортақ келісімге келтіруден асқан қиындық бар ма? Тарқатылмайтын қиын түйін­дер­ді тарқатып, шешілместі шешкен Нұр­сұлтанның данышпан­ды­ғын досты былай қо­йып, дұшпан да мойын­дады. Президентіміздің сыртқы саясаттағы тарихта тең­десі жоқ тамаша жеңісі жайлы сырт көз сыншылар төмендегіше төгілтті: Херман ван Ромпей, Еуропалық Одақтың Президенті: Мен Президент Назарбаевты ЕҚЫҰ-дағы көшбасшылығы үшін құттықтағым келеді. ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияда өтіп отырған бірінші Саммиті – айта қаларлық оқиға. Біз үшін Қазақ­стан дәстүрді жалғастыру мен өзгерістердің сим­во­лы болып отыр. ЕҚЫҰ біздің қауіпсіздігіміздің бір берік діңгегі болып қала береді. Бұл саммит ЕҚЫҰ үшін жаңа перспективаларды анықтауға мүм­кін­діктер береді. Бүгінгі күнді соның бастал­ған күні деп атауға болады. Еуропалық Одақ біз­дің болаша­ғымыз – қауіпсіздіктің еуроатлан­ти­ка­лық және еуразиялық жүйесімен тығыз байла­нысты екенін әбден анықтап алған. Тарих бұл шын­дықтың дұ­рыстығын көрсетіп отыр. Мен Қа­зақстанға және Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың жеке өз басы­на ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы және саммитті жақсы ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы: Мен ЕҚЫҰ-дағы Қазақстанның төрағалығын, соның ішінде, оның Қырғызстан проблемасын шешудегі істерін жоғары бағалаймын. Он бір жыл бойы болмаған саммиттің өткізілуі Қазақстанның көшбасшы­лы­ғына ғана емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өз басына берілген үлкен баға, оның жаһандық ма­ңы­зы бар бастамалары мен идеяларының мойын­далғандығының белгісі деп ойлаймын. Тарих үшін қас-қағымдық сәт – бар болғаны 20 жылда ұшқыр қиял ғана жететін асулардан асып, ғасыр жүгін арқалаудың сыры неде, құпиясы қайсы? Оған бір сөзбен жауап берсек, Ер мен Елдің тарихи ұлы жеңісі – көрегендік пен көл-көсір еңбек жемісі дер едік. Ал, оған қуат берген қайнар бұлақ қайда, ол қандай құдірет десек, алтын діңгек – Бірлік дер едік.   Төртінші сыр: Аманат жүгі ауыр Биыл жыл басында Елбасы Алматыда зиялы қауыммен кездесіп, ой бөліскен еді. Менің аға-до­сым Әзілхан Нұршайықов сол кездесуде сөйлей­тін сөзін маған факс арқылы жіберіп еді. Ден­сау­лығына байланысты сөйлей алмаған сол сөзі әлі еш жерде жарияланған жоқ. Сол сөз қазақ әде­бие­ті ақсақалының Президентке ғана емес, соңында қалған ұрпаққа айтқан аманаты сияқты. Сол себепті де сол әрі қысқа, әрі нұсқа сөзді оқушы назарына ұсынудың орайы келіп тұр. Енді сол ең соңғы сөз, ең соңғы аманатқа зер салайық: «Мемлекетті Сіздей басқарып кете алатын, Қазақстанның дүниежүзілік атағына ие болатын ешкім жоқ. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, әрине, жастар да жетілер. Олар жетілген кезде орныңызды біреуі басар. Жоқ, Сіз қартайған жоқсыз, Нұреке. Алдыңыз­дағы ағаларыңыз бен апаларыңызға қараңызшы. Асанәлі Әшімов 74 жаста. Әлі күнге дейін сахнада саңқылдап келеді. Киноға түссе, ат құлағында ойнайды. Бибігүл апаңыз 80-нен асты. Әуені әлі күнге дейін күмістей сыңғырлап, көрермендерді қуантады. 85 жастағы Серкебаев Ермек ағаңыз ән шырқағанда, театрдың түндігін желпілтеді. Ал мен 90-ның табалдырығын аттағалы тұр­мын. Сонда да шалдарша шапқылап жүрмін. Был­тыр шауып Астанаға барып, Өз қолыңыздан, әскерше адымдап, қасыңызға барып, орден алып қайттым. Биыл Азиада алауы Өскеменге келгенде сол алауды мен де алып қаштым. Алаугер атан­дым. Сертификатым бар. Сіз менен жиырма жастай кішісіз. Сіздің 85-ке, тіпті, 90-ға дейін елді еркін басқаруға ақыл, парасат, күш, қуат, қайрат, қабілетіңіз, жігеріңіз жетеді. Қайталап айтамын: мен Сізден осы алдағы сайлауда Президенттікке кандидат болып түсуі­ңіз­ді өтінемін. Менің бұл өтінішімді осы отырған зиялылардың бәрі, тіпті бүкіл халық қолдайды деп сенемін. Менің бұл өтінішіме осы арада жауап беріп кетуіңізді сұраймын. Қалай, достар, өтініш орынды ма? Қостай­сыздар ма осы өтінішті?! Мен болдым». Әзілхан Нұршайықов. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы. 07.02.2011 жыл, Алматы». Әзағаңның соңғы сөзін оқып отырғанда менің ойыма Маргарет Тетчердің: «Мен шаршамаймын, кетпеймін. Ал, Британияға мен керек болып тұр­ған қазіргі кезде мен ешқашан да шарша­май­мын» деген сөзі оралды. Біз Нұрекеңе «Сіз Қазақстанға керексіз, шаршамаңыз, кетпеңіз» дейміз.   Төртінші жыр: Елмен бірге тыныстаған елбасы, ерін қолдаған ел Елбасы жайлы ойымды телефон шырылы бөлді. Астанадан телефон шалған ел газеті «Еге­меннің» президенті, қанатты қаламгер, талантты ұйымдас­тыру­шы Сауытбек Абдрахманов екен. Сөзде жорға, істе жүйрік қаламдас досым аман­дық-саулықтан соң Ел мен Елбасы жайлы мақала жазып беруімді өтін­ді. Сол сәт менің ойыма Әзіл­хан аға Нұр­шайықов­тың ең соңғы аманатындағы: «Сіз әлі қартайған жоқ­сыз, Нұреке!» деген сөзі оралды. Көгілдір экран­нан көріп жүрміз, Нұреке әлі тұғырдан таймапты. Сөзі ширақ, еңбегі жемісті. «Нұрекең неге қартай­май­ды? Оның себебі не, сыры қайсы?» – деп ойладым. Сол сәт менің ойыма: «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөзі» деген сәулелі сөз оралды. Мұны айтқан Жүсіп Баласағұн. Осы егіз ұғым, екі өрім сегіз емес, сексен қырлы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір ғана қыры. Өзге де өзгешеліктерін көкейден кетпес көркем сөз­бен кестелеу көлемі шектеулі газет мақаласының емес, күні ертең жас ұрпақ жазар жаңа романның жүгі. Нұрсұлтанның мұраты – халық, содан да оның Айы жарық. Алла тағала Еліміз бен Елбасының маңдайын сүйіп тұр. Содан да бүгін Алаш жұрты­ның күні нұрлы, жүрегі жырлы. Ендеше, елмен бірге тыныстап, тынымсыз ақыл-қайрат танытып жүр­ген Елбасының қадіріне жетейік, халық басындағы бақытты бағалай білейік. Әбу Әлі Ибн Сина айт­қандай: «Өз бақытын бағалай білмеген адам бақыт­сыздыққа ұшырайды». Оның беті әрмен. Алла өзі жар болып, алдымыздан ақ күн туа берсін! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, М.А.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Алматы.