• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2018

Жетісу жеріндегі жаңғыру

1277 рет
көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттер еліміздің мәдениет саласының дамуына серпін берді. Оны біз өткен бір жыл ішінде анық сезіндік. Ал бағдарламадағы мақсат, міндеттерді жүзеге асыру бойынша жер жәннаты  – Жетісу жерінде де кең ауқымды шаралар атқарылды.

Атап айтар болсақ, өткен жылы Алматы облысы бойын­ша мәдениет мекемелерінің желі­сі 565, жалпы бюджеті 55,4 пайызға артып, 8 млрд 100 млн тең­геге жетті. Ел қуанышын есе­леп, 2 мәдениет үйі мен 2 музей жаңадан ашылса 1 музей, 1 ар­хив, 3 мәдениет үйі күрделі жөн­деуден өтті. Жаңа ашылған жә­не күрделі жөндеуден өткен ны­сан­дармен қатар онда қызмет ете­тін шы­ғармашылық ұжымның мүм­кін­діктерін арттыру үшін 134,5 штат бірлігі беріліп, мәдениет сала­сындағы штат саны 3035 бір­лікті құрады.

Бұл көрсеткішті би­ылғы жылдың соңына дейін 3100 бірлікке жеткіземіз деген жос­пар бар. Мәдениет меке­ме­­лерінің жұмысы онда өткізі­ле­тін мазмұнды шараларымен айқындалары хақ. Өткен жы­лы облыстың мәдениет меке­ме­лерінде 47 247 шара өткізілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1 378-ге артық. Онда 7 млн 500 мың адам қамтылып, ақылы қыз­мет 100 пайыз орындалды.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясында Алматы облы­сы­ның мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасында арнайы жоспар құрылып, 28 жоба әзірленді, оның алтауы аяқталды, 22-сі ұзақ мерзімді. Биыл ұзақ мер­зімді 22 жобаға тағы 9 жоба қо­сылып, 31 жобаны жүзеге асы­рудамыз. Былтырғы негізгі жо­балардың бірі «Жырға тұнған мекенім – Жетісуым» деп аталды. Жоба аясында жергілікті ақын-жазушылардың әртүрлі та­қы­рыптағы 43 авторлық кітабы жарық көрді. «Жетісу балалар кітапханасы» бойынша рес­пуб­ликалық байқау жарияланып, 79 автор өз туындыларын ұсынды. Нәтижесінде 8 автор­дың кітабы жеңімпаз деп таны­лып, алтауы жинақ болып шық­ты.

«Қасиетті Қазақстан» жоба­сы негізінде Қазақстанның ки­елі жерлерін анықтауда кең ау­қымды шаралар өткізілді. Ал­ма­ты облысы бойынша макро ны­сандар тізіміне 17, микро нысан тізіміне 41 нысан енгізілді. Осы ретте «Ескерткіштердің электронды картасы» жасалды. Ескерткіштердің электронды картасы облысымыздағы 2444 тарихи, мәдени, табиғи ес­­­кер­ткіштердің, киелі нысан­дар­дың орналасқан жерін, оған же­ту бағытын, тарихын, сурет­­те­рін, бейнежазбасын қазақ­стан­­дықтардың ғана емес, шетел аза­маттарының да көріп, білуін қам­тамасыз етеді.

Мәдениет ошақтарының ауыл, қаланың шырайын келтіріп, ха­лықтың береке-бірлігін арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптеп, та­лантты өнерпаздардың қанатын қатайтуда маңызы зор. Осы орайда облысымызда 245 мәдениет үйі мен клубтар жұмыс жасауда. 2017 жылға дейін 115 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен, «Еңселі ауыл – ертеңім» жобасы аясында 2022 жылға дейін қалған 130 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оған облыс әкімі Амандық Баталов үлкен қолдау көрсетіп, 12 млрд теңге қар­жы бөліп отыр. Сондай-ақ ж­е­кеменшікке өтіп кеткен нысан­дарды қайтару, мәдениет үй­лері мен клубтар жоқ жерлерге мәдениет нысандарын салу қол­ға алынды. Биылғы жылы аудан­дық мәдениет үйі жоқ Іле ауданы Өтеген батыр кентінде және Қапшағай қаласында, Талғар ауданы Туғанбай ауылында, Ала­к­өл ауданы Ақтүбек ауылын­да мәдениет үйлерінің құ­ры­лысын бастау үшін жобалық-сме­талық құжаттар жасалуда.

Арх­ив нысандары да жаңаруда, Талғар ауданындағы мемлекеттік архи­вінің жаңа ғимараты сәуір айында қолданысқа берілсе, Ескелді, Көксу аудандарында мемлекеттік архив мекемелері ашылады. Сонымен қатар Райымбек ауданы Алғабас ауылдық мәдениет үйін, Сарқан ауданы Черкасск мәдениет үйін, Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылдық, Балқаш ауда­ны Ақдала ауылдық мәдениет үй­лерін жаңадан салып, жалпы мәдениет нысандарының санын 572-ге жеткізу көзделуде. Биыл 13 мәдениет нысанына күрделі жөн­деу жүргізу үшін жобалық-сме­­талық құжаттамаларына қар­жы бөлініп, жұмыстары басталды.

Бұйырса, биыл 5 нысанға архе­ологиялық қазба жұмыстары жасалады деп отырмыз. Олар­дың қатарында Сарқан ауда­нын­дағы Қойлық қалашығы, Шең­гелді ауылындағы Керуен са­рай, Қарасай ауданындағы Қыр­ғауылды обасы, Ескелді ауда­нындағы Ешкіөлмес, Іле-Алатау баурайларындағы патшалық қо­рық­тары бар.

«Ескерткіш – елдіктің белгісі» дег­ендей, ескерткіштерді қор­ғау мен тұрғызу ісі жалғаса бе­реді. Астана қаласының 20 жыл­­дығы аясында жылдың ая­ғы­на дейін тарихи оқиғаларға жә­не тарихи тұлғаларымызға ар­нап 20 ескерткіш орнату жос­парланған. Мәселен, Ала­көл ауданы Қабанбай ауылына Омар Молдағожинге бюст, Үша­рал қаласында Сәкен Има­на­сов­қа және Мұхаметжан Мың­­байұлына ескерткіш, Тал­ды­қорған қаласында Айша Ға­лым­баеваның бюсті, Ілияс Жан­сү­гіровке, М.Тынышпаевқа, Ж.Жәнекеновке ескерткіш, Се­мей, Чернобыль апатынан зардап шек­кендерге ескерткіш, Талғар ау­даны, Тұздыбастау ауылында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған ескерткіш, Райымбек ауданында Керейқұл бабаға және Қалыбек батырға ес­керткіш, Ұйғыр ауданында Жарты бабаға ескерткіш, Ақсу ауданы Бақалы ауылында Мұхтар Арын ескерткіші, Па­нфилов ауданында Орбұлақ шай­қасының 375 жылдығына орай «Орбұлақ» мемориалды кешені салынбақшы. Осы ескер­т­кіштердің бой көтеруімен жыл соңында облысымыздағы ес­кер­ткіштер саны 2343-ке жетеді.

Заман ағымынан қалыспау – уақыт талабы. Осы орайда Мем­­лекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаев «Біз цирфлық техно­логияны қолдану арқылы құ­ры­латын жаңа индустриялар­ды өркендетуге тиіспіз» деп алдымызға жаңа мақсат қойып отыр. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын іске асы­ру бойынша басқарманың ме­диа-жоспары бекітіліп, об­лысымыздағы барлық 24 му­зейді сан­дық жүйеге көшіру бас­­талып, 7 ірі жоба бойынша жұ­мыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Алматы облысының мемлекеттік архиві 2010 жылы сақтандыру қорын құру бойынша аса құнды құжаттарды сканерден өткізіп, микроафиша дайындау үшін «СМА – 105 com-система» жүйесі алынған бо­латын. Ол арқылы архивтегі құ­­жаттарды қолайлы әрі ұзақ мер­­зімде сақтауға жағдай жасай­мыз. Аталған сканерден аса құнды құжаттардың 335 274 парағы өткізіліп, 4708 микроафиша дайындалды және 2418 сақтау бірлігінен 335 274 парақ цифрлық қалыпқа көшірілді.

Қордағы кітаптардың электронды нұсқасын жасақтау, ком­пь­ютерлік-ақпараттық комму­ни­ка­цияға негіздеу, электронды кітап қоры базасын нығайту мақ­­сатында облыс бойынша 117 кітапхана «Кабис» бағдар­ла­масына қосылып, аталған кі­тап­ханалардың 2 350 283 кіта­бы, яғни 65 пайызы «Кабис» бағ­дарламасына енгізілді. Бүгінгі кү­ні 151 кітапханаға «КАБИС» бағ­дарламасын енгізу бойын­ша жұмыстар жүргізілуде. «Элек­трон­ды кітапхана» жобасын іске асыру аясында оқырманның элек­тронды түрде жеке басын куәландандыратын ресми құ­жат «Е-kitaphana» картасын ен­гізу үшін «Пластикалық карта­лар» С.Сейфуллин атындағы об­лыстық әмбебап кітапханасына енгізілуде. Өткен жылы тарихи-мә­дени мұра нысандарының «Элек­тронды картасы» дайын­дал­ды. Электронды карта арқылы дүние жүзі бойынша кез келген адам Алматы облысындағы тарихи және мәдени ескерткіштер ту­ралы деректер алып, аңыз-әңгі­ме­лермен танысып, орналасқан же­рін, ол жерлерге бару бағыттарын бі­ліп, бейнежазба, суреттерін көре алады.

Елбасы ұлт рухын жаң­ғыр­тудың мәйегі мәдениетті дамы­ту екендігін баса айта келе, «Ұлт­­тық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жо­­рал­­ғыларымыз, бір сөзбен айт­­қанда, ұлттық рухымыз бойы­­мызда мәңгі қалуы тиіс» дей­ді өз мақаласында. Ендеше ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, мәдениетіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта түлеп, ел рухының кө­те­ріліп, ұлт жадының жаң­ғыруына септігін тигізері анық. Ал жетісулық мәдениет сала­сы­ның қызметкерлері осы жолда жемісті еңбек ете береді.

Ақан ӘБДУӘЛИЕВ,

Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы